18 Қазан, 2016

"Пәтерді жалға беруші онда тұратын адамды тіркеуге міндетті"

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәжіліс депутаттары баспанада тіркеусіз 30 күнге дейін тұру мүмкіндігін ұсынуда. Бұл туралы бүгін Сенатта Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 - 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері бойынша депутаттар мен мүдделі мемлекеттік органдардың кездесуінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев мәлім етті. «Жалпы, Қазақстан азаматтарына ІІМ 10 күнді ұсынып, кейіннен тіркеуге тұру қажеттігін ескерген еді. Бірақ та түрлі жағдайлардың болуын қарастыра отырып, яғни қонаққа, жұмысымен барғанда 10 күн жетпеуі мүмкін, осы ретте бұл мерзімді 30 күнге дейін арттыруды ұсынудамыз. Егер де адам жұмыс бабымен, туыстарына сапарлап келсе, басқа қалада тіркеусіз жүруіне 30 күнге дейін мерзім қамтылуы тиіс. Осыдан кейін тіркеуге тұру қажет болады. Ішкі істер министрлігінің ұсынысы бойынша егер де адам тіркелмесе, ол өзі жекелей, сондай-ақ пәтердің иесі де жауапты болады. Яғни, барлық пәтер иелерін туысқандары келген жағдайда тіркеуге тұрғызу міндеттелген болатын, егер де тіркеу жасалмаса, онда айыппұл қарастырылған. Бұл норма терроризммен және экстремизммен күреске қатысы жоқ екенін, сонымен қатар қоғамда жағымсыз резонанс тудырып отырғанын ескере келе, Мәжіліс тек тіркеуді ғана ретке келтіруді және пәтерлерін жалға беретін меншік иелерінің жауапкершілігін бекітуді ұсынады. Егер де пәтерді жалға берсе, ол осы тұрғынды тіркеуге міндетті. Осы орайда 10 күн уақыт беріледі»,-деп түсіндірді М. Әшімбаев. Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыдағы шаралар арқылы пәтерлерді жалға беру бағыты секілді ең үлкен сегментті ретке келтіруге болады. Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Бүгінде осы заң жобасы бойынша қызу талқылаулар жүргізілуде.
Соңғы жаңалықтар