02 Наурыз, 2011

Индустрияландыру ісінің ілгерілеуі қалай?

729 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметте селекторлық кеңес болып өтті. Онда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы іске қосылған инвестициялық жобалардың жағдайы мен 2011 жылы жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. Сондай-ақ 2011 жылдың нақтыланған бюджетін жүзеге асыру туралы қаулы қабылданды. Тұрақтылық пен дамудың бір негізі жұмыс орындарының ашы­луына тәуелді. Өйткені жаңа жұ­мыс орындарының ашылуы әлеу­меттік жағдайды түзеуге де сеп. Үкіметтің осыған дейін жүзеге асырып келген дағдарысқа қарсы бағдарламалары аясында түрлі жобалар жүзеге асырылып, инвестициялар тартылды. Өткен жылдың еншісіндегі жетістіктер мен атқа­рыл­ған жұмыстарды са­рап­тауды ал­дымен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау бастады. Биыл Индус­трия­­ландыру карта­сы аясында құ­ны 715 млрд. теңге болатын 71 жоба іске қосылатын болады. Іске қо­сылатын жаңа ны­сандар құры­лы­сын жүргізу бары­сын­да уақытша 18,6 мың жұмыс орны ашылса, кейін оның 18,5 мың жұмыс орны тұрақты бол­мақ. Вице-министрдің айтуынша, индустрияландыру кар­та­сына об­лыс әкімдерінен 300 жаңа жоба­ларға өтініш түссе, оның 206-сы биылғы жылға тиесілі. 2010 жылы құны 800 млрд.теңгеден асатын 152 ірі жоба іске асырылған көрінеді. Үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған 30 нысан өзінің жоба­лық қуатына шыққан. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Раудың ай­туын­ша, мұны индус­триялан­ды­ру бағдарламасында жүзеге асы­рыл­ған жобалардың тәуелсіз мониторингін жүзеге асыратын Сау­да-өнеркәсіп палатасының мәлі­ме­ті растайды. Дегенмен вице-министр өткен жылдың алғашқы жар­тыжылдығында іске қосыл­ған кәсіпорындардың кейбірі өнім шығаруға кірісе қоймаған­ды­ғын да айтып өтті. Олардың қатарында Орал ГКЖ, Степногор қаласындағы жылу кешені және басқалар бар. Кейбір жобалар бой­ынша алғашқы байқау немесе өндірістің маусымдық сипат­та­ма­сын есепке алу керек. Сондай-ақ өндірісті қосу мен соңғы өнімді шығару барысында белгілі уақыт керектігі және бар. Альберт Рау Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Статистика агент­­тігімен біріге отырып жоба­лардың жүзеге асырылуына сараптама жасап шыққандығын жеткізді. Индустрияландыру картасы ая­сында биыл 71 жобаның жос­пары бекітілді. Құны 715 млрд. теңге болатын жобаларды жүзеге асыру барысында 18,6 мың уа­қытша жұмыс орны ашылатын болса, жаңа тұрақты жұмыс орны 18,5 мың болады деп жоспарлануда. Альберт Раудың айтуынша, биылғы жобалардың 12-сі ірі көлемдегі жобалар. Олардың жал­пы құны 330 млрд. теңгені құрай­ды. Құрылысын салу барысында 9 мың адам уақытша жұмыс ор­нымен қамтылса, оны қол­да­ныс­қа енгізу кезінде 6 мың адам жұ­мысқа орналаса алатын мүм­кін­дік тумақ. Олардың шінде Алма­ты облысындағы Шарын өзенін­дегі Мойнақ ГЭС-і, Маңғыстау облысындағы “Өзен-Түркімен­стан шекарасы” темір жол желісі, Алматы облысындағы “Жетіген-Қорғас” темір жолы, Жамбыл об­лысындағы Ақбақай алтын өн­ді­ретін фабрикасының өнімділігін жылына 2,8 тоннаға жоғарылату, ШҚО-да былғары және тері өні­мін өндіретін комбинат салу, Аты­рауда металлпластикалық құ­быр шығаратын зауыт және басқа жобалар бар. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, ин­дустрияландыру картасын жүзеге асыруға бөлінетін қаржы жыл сай­ын еселеніп келеді. 2009 жылы 500 млрд. теңге болса, 2010 жылы – 800 млрд. теңге қа­рас­тырылған. Ал биылғы жоба­лар­ға біз 1,5 трлн. теңге инвестиция құйылады деп болжап отыр­мыз, деді ол. Биыл индустрия­лан­дыру картасы бойынша 37 мың жұмыс орны ашылатын болады. Селекторлық кеңесте Мұнай және газ министрі Сауат Мың­баев 2011 жылы іске қосылатын жоба­лар­ға тоқтала келіп, олардың кесте бойынша жүріп жатқандығын жеткізді. Ал Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Көксарай су реттегіші бойынша мәселе жоқ екендігін айтып өтті. Аталмыш су реттегіш өзіне 3 текше километр су қабылдай алады. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігімен бірлесе оты­рып, Қызылорда облысы бойынша су тасқыны қаупін тудырмай су жи­наудамыз. Қазіргі күні Көксарай су реттегішінде 650 миллион текше метр су жиналды, деген Владимир Божко салаға бөлінген 10 млрд.теңге уақытымен игеріліп, Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығы қарсаңында іске қосылатындығын айтты. Индустрияландыру бағдарлама­сы­ның жүзеге асырылуы бойынша есепті тек сала басшылары ғана емес, облыс әкімдері де тапсырды. Облыс басшыларының берген ақ­па­раты бойынша кейбір өңірде жобалар іске асырылып жатса, енді бірі екінші жартыжылдықта жүзеге асы­рылмақ. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыс­та 2010 жылы құны 37 млрд. теңгені құрай­тын 9 индустриялық жоба бой­ынша кәсіпорын іске қосыл­ғандығын жеткізді. Бұл нысандар бойынша 1200 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал биыл 10 ірі кәсіпорын іске қо­сы­лады. Құны 86,6 млрд.теңге көле­мін­де болатын осы кәсіп­орындарда 3200 тұрақты жаңа жұ­мыс орны ашылады деп күтілуде. Ірі жоба­лардың ішінде атап өтері “Өзен-Түркіменстан шекарасы” темір жолы учаскесі, “Қашаған” жо­басы бойынша теңіздегі мұнай опера­ция­ларын қамтамасыз ететін тас шы­ғаратын зауыт, Маңғыстау еркін экономикалық аймағы үшін маңызы жоғары фармацевтикалық кешен. Кешен қажетті дәрі-дәрмек­терді шығарумен айналысатын кәсіпорын болмақ. Бұл жоба­лар­дың аймақтың тек мұнай мен газ емес, басқа да экономикалық келбетін қалыптас­ты­руда алатын орны зор. «Самұрық-Қазына” ҰӘҚ бас­шы­сы Қайрат Келімбетов пен “Қаз­Агро” холдингі де индустрия­лан­дыру картасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Альберт Рау наурыздың соңына дейін индустрияландыру картасын ша­ғын және орта бизнес жобаларын есепке ала отырып жаңа жобалармен толықтыру жұмыстары жүргі­зілетіндігін жеткізді. Қазіргі күні министрлікке картаға қосымша бекітуге 303 өтініш түскен. Оның 206-сы 2011 жылғы жобалар бойынша, оның ішінде, 70 өтініш биылғы жыл­дың алғашқы жартыжыл­ды­ғын­да іске қосылатын жобалар бой­ын­ша, деді ол. Үкімет басшысы Елбасына мау­сым айының соңында индустрия­лан­дыру бағдарламасы бойынша ат­қарылған жұмыстардың есебін тап­сырады. Осыған орай Кәрім Мәсі­мов облыс әкімдері мен сала бас­шы­ларына жете дайындалуды тапсырды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.