Соңғы жылдары әлемнің әр түкпірінде қазақ күресімен кәсіби түрде шұғылданатын спортшылардың қарасы артып келеді. Оның айқын дәлелі ретінде, «Еуразия барысы», «Әлем барысы» сынды қазақ күресінен өтетін жарыстарға қатысушылардың санының күн өткен сайын артып келе жатқандығы дер едік. Мұның сыртында аймақтарда да халықаралық деңгейдегі жарыстар өтетін болған. Сондай сайыстың бірі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Машбек ауылында өтті. Еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған жарыс дәстүрлі жарыс биыл 11-ші рет жалауын көтерді. Оған Қазақстан, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстаннан барлығы 28 балуан қатысты.
Сайыстың ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен өңіраралық әріптестік аясында делегацияны бастап келген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, спортшыларды дәстүрлі додамен құттықтады.
– Қазақ күресінен республикалық чемпионат он бірінші рет және түйе балуандар арасындағы халықаралық турнир екінші мәрте өтіп жатыр. «Қазақстан барысының» алғашқы жеңімпазы шыққан аймақ үшін осы бәсеке болашақта да биік мақсатты бағындыру баспалдағы болмақ. Бүгінде Елбасының ерекше қолдауының арқасында елімізде спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып, денешынықтырумен шұғылданушылар қатары өсті. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында турнир өткіземіз. Тәуелсіз мемлекетімізге бейбітшілік, қазақстандық спортшыларға жеңіс тілеймін, – деді Қырымбек Көшербаев. Ал Бердібек Сапарбаев спортшылар мен жанкүйерлерге жарыстың көрігін қыздырып, белсене ат салысқандары үшін алғыс айтты.
Сонымен, халықаралық турнир де мәресіне жетті. Бас жүлдені Грузиядан келген балуан Леван Матиашвили иеленіп, «Лада Гранта» автокөлігін жеңіп алды. Екінші орын және 500 мың теңге ақшалай сыйлық қазақстандық Айбек Нұғымаровтың еншісіне бұйырды. Үшінші орынға тағы бір гүржістандық Гурам Тушивили тұрақтады. Оған 300 мың теңге ақшалай сыйлық берілді. Бұдан бөлек, «Жан Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Мақашев өз атынан Тушивилиге 1000 АҚШ долларын табыстады. Турнирдің қорытындысы бойынша өзге де спортшылар дипломмен және алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы