19 Қазан, 2016

Аймақтарда ауыз су мәселесі қалай?

2696 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

05_12-almati

Үкіметтің кешегі отырысында елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі қаралды. Біздің аймақтағы тілшілер өңірлердегі бұл проблеманың қалай шешіліп жатқаны туралы хабарлайды.

Шымкенттен – Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысын­да ауыз су мәселесінде әлі де ше­шілмеген түйткілдер бар. Арыс ауданы, Қожатоғай ауылына су тартқан кәсіпкер ұңғымаға бұрын жанармайға пайдаланылған ескі құбырды пайдаланып, елді ұлыған-шулыған қылғаны және бар. «Ақ бұлақ» бағдарламасына байланысты шу шығып, соңы сиыр­құйымшақтанып зорға тыншыды. Сонымен қатар, облыстық мәс­ли­хаттың кезектен тыс төртінші сес­сиясында осы күнге дейін ауыз су құбыры тартылмаған ауылдар бар екендігі айтылды. Биыл солардың жетеуіне су барады. Бүгінде облыста 27 ауыз су нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Екеуінен басқасы биыл пай­далануға берілмек. Сондай-ақ, 60  мыңдай халқы бар 14 елді мекен­нің су құбырлары мүлдем тозған. Енді олар жаңартылатын болады. Тұрғындар соңғы жылдары ком­муналдық қызметтердің құны қатты көтеріліп кеткендігін айтып, дабыл ұрып жүр. Облыстық мәслихаттың сессиясында осы мә­селені облыс әкімінің орынбасары Жақып Бө­кенбаев растады. Оның айтуынша, соңғы жеті жылда жылу 26,6 пайызға, электр қуаты 30,9 пайызға, табиғи газ 80 пайызға, ауыз су 100 пайызға қымбаттаған. Оның себебін монополистер ескі қондырғыларды жаңаға ауыстыру, модернизациялау және теңгенің девальвацияға ұшырауымен түсін­діріп келеді.

Өскеменнен – Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

Өскеменнің дәл іргесінде Опыт­ное поле атты ауыл бар. Бұл елді мекендегі ең күрделі мәселе – ауыз су. Ауыл отырған жердің астындағы артезиан суы ауыр металмен ластанған. Ішуге жарамсыз. Осы мәселені шешу үшін қайбір жылдары мұнда су құбыры тартылған. Бірақ жердің беткі қыртысына көме салған құбыр қыс түссе бірден қатып, тұрғындарды талай әбігерге салған. Сондықтан, бұл жердегі жұрт таңсәріден шелегін көтеріп, 2 шақырым қашықтықтағы Защита шағын ауданына келетін. Міне, осы ауыз судың жайы әлі де өзек­ті күйінде қалып отыр. Төрт айдан бері жұрт суды өзеннен алып келеді. Әрине, ауылда су мұнарасы бар. Бірақ жекеменшіктің қолында. «Кісідегінің кілті – аспанда» деп осындайда айтқан шығар. Әлі күнге онымен тұрғындар бір келісімге келе алмауда. «Судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мәнін жете түсінген халық бірнеше жыл бұрын шош­қа фермасымен бірге сатылып кеткен су мұнарасына зар болып қалды. Өйткені, мұнара қожайы­ны өзінің жеке тарифі мен су беру уақытын белгілеген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қыста бір сағатқа ғана су беріледі. Алайда үйінде болмағандықтан суды дер уақытында ала алмағандардан да су ақысы сұралады екен. Су мұнарасының өзі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал эпидемиология қызметінің қорытындысы бойынша, бұл су ішуге жарамсыз. Опытное поле ауылы әкімі аппа­ратының бас маманы Ири­на Берсенованың айтуынша, тұрғындар аталған мұнара мен барлық құ­бырларды жөндеуден өткізуге қаржы жинап, көмектессе құба-құп. Өйткені, суды барлық маусымда үздіксіз беру үшін қуат­ты сорғыш құрылғысын қою қажет. Оған әжептәуір қомақты қаражат жұмсалады. Оны ауыл тұрғындарының қалтасы көтермейді. Сонымен бірге, ескі қарыздарын өтемеген тұтынушылар да бар. Ал ауладан құдық қазып алуға орта есеппен 500 мың теңге көлемінде қаржы керек. Бұл да оңтайлы шешім болмай тұр. Қыс – көзі қырауда иін ағашпен өзеннен су тасуға кейбір зейнеткерлер мен жалғызілікті тұрғындардың шамасы жетпейді. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі мен жергілікті әкімдік мамандары су мұнарасының иесімен келісімге келеміз деп отыр. Десе де бюджетте қосымша қаржы жоқ екені анық. Яғни, мұнараны жөндеуден өткізуге тұрғындардың келісім беруден басқа амалы да жоқ...

Тараздан – Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»

Бүгінде Жамбыл облысындағы 373 елді мекеннің 229 немесе 61,4 пайызы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған 141 елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жоқ, бұдан бөлек үш ауыл ауыз суды тасымалдау арқылы ішіп отыр. – Биыл ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2 нысан құрылысына республикалық және жергілікті бюджет есебінен  1,0 млрд теңге бөлінді,   – дейді Жамбыл облыстық Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасының басшысы Әділет Ахатаев. – Оның ішінде Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылындағы нысан республикалық, ал Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы нысанның үшінші кезеңі облыстық бюджеттен қаржыландырылуда. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойын­ша, осы мақсатқа бөлінген 980,4 млн теңгенің 820,5 млн теңгесі игерілді. Сөйтіп, Ақкөл ауылындағы нысан тамыз айында пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін Жал­пақтөбе ауылындағы нысанды аяқ­таймыз деп жоспарлап отырмыз. Одан бөлек өткен жылдан қалған Байзақ ауданы, Дихан-2 ауылындағы ауыз су нысаны аудандық бюджеттен қаржыландырылып, қыркүйек айында толық бітті. Жалпы алғанда, биыл респуб­ликалық бюджет есебінен сметалық сомасы 9,8 млрд теңгені құрайтын 12  жоба бойынша өтінім тапсырылыпты. Бұл – 2017-2019 жылдары қаржыландырылатын жобалар. Ал  өткен жылы Жамбыл облысы бойын­ша «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 8 нысан құрылысына рес­публикалық және жергілікті бюджеттер есебінен бөлінген 1,85 млрд  теңгенің 99,5 пайызы игеріліп, 5 нысан пайдалануға берілді. 1 нысанның құрылысы бітпей қалған. Ал 2 нысан 2016 жылға өтпек екен.

Қарағандыдан – Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысындағы Саяқ кентінің ауыз судан тапшылық көріп келе жатқанына жиырма жылдан асып кеткен. Балқаш қаласынан тартылған су құбырлары ондаған жылдардан бері жаңартылмай, әбден тозған. Елді мекендегі жүдеу тірліктен безіп, ауылдағы халықтың жартысынан көбі баяғыда көшіп кеткен. Қалған төрт мыңға жуық халыққа су күн сайын тек белгілі бір сағатта ғана беріліп келді. Балқаш қаласы мен Саяқтың арақашықтығы 200 шақырымнан асады. Жер астымен жарты ғасыр бұрын тартылған құбырдың ұзындығы да сол шамада. Сонша уақыт бойы жамап-жасқаудан басқа жөндеу көрмеген тораптың қандай күйде екенін айтудың өзі артық. Әсіресе, екі аралықтағы 25 шақырымдық сортаң жер қандай құбырды да шақ келтірмейді. Балқаш көлінің суы ащы шығыс бөлігі бұл жерден 45 шақырымдай ғана. Былтырғы жазда осы құбырдың елуден астам жері қайта жамалып, жөнделген болды. Бірақ бұл қарекеттер Саяқтың ауыз су проблемасын біржола шеше алған жоқ. Ақпарат құралдарының дүркін-дүркін дабыл қағуы арқасында бұл мәселе облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің де назарына іліккен еді. Өңір басшысы байырғы кеніш тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуді ерекше қадағалайтынын айтып еді, сең қозғалғандай болды. Саяқ кенті әкімшілік тұрғыдан Балқаш қаласына қарайды. Жақында Орталық коммуникациялар қыз­метінің Қарағанды филиалында журналистермен кездескен Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин Саяқты ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары бойынша жағымды жаңалығымен бөлісті. – Таяуда Саяқ кентінде су тазарту қондырғысын орнатуға келісім берген компания өкілдерімен кездестік, – дейді әкім. – Бұл жобаға «Қазақмыс» корпорациясы да ат­салысуға құлшыныс білдіріп отыр. Оның құрылысы да, іске қосылуы да алдағы жылға жоспарланып отыр. Жаңа қондырғы іске қосылғаннан кейін, ауыз су кент тұрғындарына да, кенішке де молынан жететін болады. Александр Аглиулин, сонымен қатар, кент пен кенішті ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету үшін сағатына 200 текше метр су беріп тұру қажеттігін айтты. Қазіргі уақытта Төменгі Тоқырау су бөгетінен тиісті 200 текше метр су айдалып тұрғанмен, тозған құбыр арқылы кентке соның 40 текше метрі ғана жетіп жүр. Су тазарту қондырғысының болғаны жақсы, әрине. Алайда, алдымен құбырдың «жыры» бітпейінше, ауыз судың проблемасы да таусылмайтын сияқты...