19 Қазан, 2016

Оқушыдан ақша жинау тыйыла ма?

476 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
suleymen-aga-2Мектепте оқитын оқушылардан әртүрлі қажеттіліктерге деп ақша жинау «жыры» көп уақыттан бері ала-құла әңгімеге арқау болып келе жатқаны белгілі. Кезінде Білім және ғылым министрлігін басқарған азаматтар салаға мемлекет қаржыны жеткілікті бөліп отыр. Оқушыдан ақша жинауға болмайды деп бұйрық та шығарған еді. Дегенмен, жағдайы бар ата-аналар қолұшын созуға болады деп, кейбір ата-аналар бастама көтергеннен хабардармыз. Әрине, бір сыныпта отырған балалардың бірі ақша беріп, екіншісі қатардан қалып қою, естіп-біліп отырған оларды жасытатыны ақиқат. Ата-аналары да жағдайының кемшіндігіне қорланбай қоймасы да рас. Ал мектеп ұжымы тарапынан, біз ақша жинаудан аулақпыз, ата-аналар өздері шешеді деген сырғытпа сөздер де айтылатын. Жасыратын несі бар, білім ұяларына әншілердің концертіне, театрға шақыру билетін тарататын мекемелер де жоқ емес. Бұл – тек мектепке ғана емес, балабақшаларға да тән құбылыс. Жұрт арасында осындай қолайсыздықты болдырмау үшін Астана қаласы әкімінің арнайы тапсырмасымен мектеп қажеттігіне ақша жинау­ды болдырмау мақсатында арнайы қоғам­дық комиссия құрылған. Оның құрамына «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлес­тіктердің белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері кіріпті. Әкімдіктің ресми сайтында «Әкімге өтініш» сервисі арқылы әкімнің атына келіп түскен әрбір сауал мен өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, ақша жинау жағдайы анықталса, актілер жасалып, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылмақ. Аталған жұмыстарды Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ерекше бақылауына алу көзделген. Сонымен қатар, әр мектепте білім мекемесі жұмсайтын міндетті шығындар тізімі ілінгенін, сыныптарда ақша жинау фактілері, мектеп әкімшілігі немесе жекелеген оқушылар тарапынан, басқа да заңға қайшы іс-әрекеттер тіркелген жағдайда ата-аналар арнайы телефонға хабарласып, білім басқармасының «қауырт желісіне» айтуларына болады. Қазір хабарласатын телефондар мектептің көрнекі жерлеріне ілініп қойылғанын да еске сала кетсек дейміз. Әкімдіктің тағы бір игі бастамасын еске сала кетелік. Ол – әр білім ұясы, колледж, саланы дамыту, яғни білім беру мен тәрбие үйретудің тұжырымдамасын әзірлеп ұсыну еді. Бұл мектептердің инновациялық жобаларға атсалысуына мүмкіндік береді. Бұған қоса, ірі компаниялармен бірлесіп, не болмаса жергілікті бюджет есебінен роботты техника, ақпараттық технология, «ақылды» технология, 3D-принтер және жаңа бағыттар бойынша да қажетті зертханалар, құрал-жабдықтар, әдістемелер жасауды қолға алған. Бұл игілікті істердің оқушылардың жат әдеттен аулақ болуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Қала басшылығы тұрғындардың білім беру ісі бойынша кез келген ұсынысын қарауға да­йын екен. «Білім. Астана» желісі іске қосылған. Онда барлық мұғалімдер сол желі бойынша ой бөлісулеріне, пікір алысуларына болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен білім беру жұмысына әр жылы миллиардтап қаржы бөлініп жатқаны мәлім. Алдағы жылдан бастап кәсіптік білім алушыларды тегін оқыту жүзеге асырылмақ. Осындай қамқорлық аясында отырған тұста оқушылардан ақша жинау мәселесі ағаттық болатыны ақиқат. Отанымыздың барлық өңірлері мен қалаларында осындай шараларды баянды түрде қолға алсақ, әртүрлі сылтаулармен мектептерде, балабақшаларда ақша жинау тыйылар еді. Бұған мектеп ұжымы ғана емес, ата-аналар да оң қабақ танытуы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, көп жағдайда ата-аналар мектеп бітірген балаларына кештер ұйымдастыру кезінде барларын салатыны белгілі. Оған жұрттың бәрінің жағдайы келе бермейтіні де шындық. Осыдан келіп, әртүрлі әңгімелер өріс алады. Түлектердің арасында да түрлі-түрлі жағдайлар кездесіп қалып жататынын естіп, кейде куә болып жүрміз. Ендеше, бұл мәселеге жұрт болып жұмылып, әкімдіктің талабын қолдасақ ұтылмаймыз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»