АҚШ әлеуметтанушысы әрі отбасылық психотерапевт Вирджиния Сатир өзінің ұзақ жылдық зерттеулеріне сүйеніп, баланы күніне оншақты рет құшақтауға кеңес береді. Оның есебінше, тәулігіне төрт рет құшақтау баланың тек тіршілік етуіне қажетті сезімдерін оятуға ғана жетеді екен. Ал балақайдың көңіл күйі көтеріңкі болып, өзін жақсы сезінуі үшін сегіз рет құшақтау керек. Сатир өз экспериментін былай деп түйіндепті: «Баланың ой-өрісі дамып, өзіне сенімді болсын десеңіз, он екі рет құшақтаңыз!»
Жалпы, біздің бұл тақырыпқа қалам тартуымызға Талдықорған қаласындағы №18 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Меруерт Буратаевамен болған пікір алмасу түрткі болып еді. Меруерт мұғалім айтады: «Жас ұстаз ретінде білім мен тәрбие беру ісінде бала мен ата-ана қарым-қатынасының маңызы зор деп ойлаймын. Негізінде, баланың тәрбие алуына әсер ететін факторлар: қоғам, отбасы, мектеп болып табылатыны белгілі. Сондықтан да өз тәжірибемде оқушының сабаққа ынтасы мен тәртібіне, айналасына деген көзқарасына ең бірінші ықпал етуші күш ретінде ата-анамен жұмысты жолға қоюды мақсат етемін. Жақында өзім оқытатын 3 «в» сыныбындағы оқушылардың ата-аналарымен болған кезекті жиналыста отбасылық өмір заңдары туралы ашық пікірлесу болған еді, пікір алмасу арқылы отбасының өзара қарым-қатынас ережелерін, өмір сүру заңдарын анықтауға қадам жасадық. Осы мақсатта оқушыларға сауалнама таратып, балалардың отбасындағы орнын, әке мен анасына деген қарым-қатынасын бағдарлап алуды ойладым…» дейді.
Ұстаздың оқушыларына таратқан сауалнамасында «Сені ата-анаң күніне неше рет құшақтайды?» деген сұрақ болыпты. Негізгі айтпағымызды осы сауал мен оған берілген жауаптардан таратсақ. «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды…» дегендей, барлық сауалдарға шынайы жауап берілген екен. Талдау нәтижесі бойынша оқушылардың жауап жазуға қиналған сұрағы – жоғарыда келтірілген «Сені ата-анаң күніне неше рет құшақтайды?» деген сұрақ болыпты. Сыныптағы оқушылардың көпшілігі өз ата-аналарының күніне 2-3 реттен ғана құшақтап, жақсы көру сезімін білдіретінін айтса, бір бөлігі ата-ана тарапынан мұндай қимылдың соңғы рет қашан болғанын естеріне түсіре алмаған. Кейбірі анасының ұйқыда жатқанда құшақтап, еміренетінін, өйткені басқа уақытта қолы тимейтінін айтып, ақталған түр танытқан екен…
Осы бір ғана сауалға берілген түрлі жауаптардан шығатын алдын ала қорытынды бойынша ата-ана тарапынан балаға деген лайықты мейірімнің азайып бара жатқандығын байқауға болады. Әрине, барлық ата-анаға қатысты кесімді шешім шығаруға асықпалық, бірақ, 6-7 жас аралығында жасөспірім баланың нағыз қалыптасу кезеңінде болатынын ескерсек, жалпы дабыл қағуға тұрарлық себеп табылады деп ойлаймыз.
Манағы Меруерт мұғалімнің тәжірибесіне қайта оралайық, ұстаз өз сауалнамасының нәтижесіне қарап, оқушыларға ата-ана тарапынан лайықты көңіл бөлудің жеткілікті деңгейде еместігін айтады. Бұл өз кезегінде оқушының үлгерімі мен дамуына кері ықпал етеді. Нағыз аялы алақан, мейірлі құшақ қуатын қажет ететін жасөспірім өзіне деген ынтаның азайғандығын немесе жоқтығын сезінсе, дағдарысқа ұшырайды деп пайымдайды ұстаз.
Бұл тек баланың сабаққа деген ынтасына ықпал етіп қоймай, дүниетанымына да теріс әсер етуі мүмкін. Мейірімге мейлінше қанбаған балада суицидалды синдром пайда болатынын балалар психологтары жиі ескертеді. Демек, балаңызды басы артық құшақтап, бір мезгіл аналық, әкелік махаббатқа бөлеу болуы ықтимал үлкен қасіреттің жолын кесетін шығар.
Айтпақшы, мұғалімнің осы эспериментіндегі тағы бір сауалға тоқтала кетейік: «Анаңның сүйікті сериалы қандай?» деген сауалға оқушылардың барлығы фильмнің атауын ғана емес, ондағы кейіпкерлердің аты-жөні мен оқиғаның өрбуіне дейін сипаттап жауап беруге тырысыпты. Ойланатын жайт па? Тіпті, қауіптенетін құбылыс сияқты ғой!
Баламызды құшақтап, бауырымызға басуды ұмытпалықшы…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы