Қазақ халқының жадында осындай сөздермен ардақталатын тарихи тұлға туралы пайым
Бұл күнде аты аңызға айналған, түркілердің алып мемлекеті болған Алтын Орданың билігін он жеті жыл ұстап тұрған Едіге батырдың есімі тек қазақ халқы емес, Орта Азия, Ресей, Еуропа елдеріне белгілі. Ол билік құрған уақыт Әмір Темір соққысынан ыдырай бастаған Алтын Орда мемлекетінің қайтадан көтерілген тұсы болды. Едігені көзімен көрген араб тарихшысы Ибн Араб-Шахтың, Әли Жездінің, Еуропа тарихшысы Г.Клавихоның еңбектері бүгінгі күнге жетіп отыр. Оның тарихын зерттеуге Шоқан Уәлиханов айрықша көңіл аударды. «Едіге» эпосының қазіргі күні «классикалық Шоқан варианты» аталатын нұсқасын қалыптады. Кейіннен «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосын зерттеуге академиктер В.Бартольд, П.М.Мелиоранский, В.В.Радлов, В.М.Жирмунский, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, т.б. атсалысты. Едігенің есімі бұрынғы Қазақ Совет энциклопедиясына, қазіргі «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына енді.
Едігенің өмірбаяны сол заманның даңқты тұлғасы Әмір Темірмен тікелей байланысты. Темір Едігенің отаны Алтын Орданы үш рет – 1389,1391,1395 жылдары шауып, қайта оңалмастай етті. 1395 жылы Тоқтамыс Әмір Темірден толық жеңіліс тапты. Түркілердің бағы тайды. Жеңіске жеткен Темір Сарайды, Хажы Тарханды тонап, қиратып, халқын қырды. Темірді көзімен көрген жеке жылнамашысы Шараф-ад-дин Әли Жезді: «Сахибкиран вошел в Хаджи Тархан, собрал с народа налог пощады. Собрав налог пощады, город обобрали. Царевичи и беки прошли реку Итиль по льду, а Мухаммади пустили под лед. Победоносные войска достигли Сарая, взяли его, город сожгли, а жителей ограбили, схватили и привели», деп таңбалаған. Тарихшының жазуы бойынша, Әмір Темір тек қалаларды ғана осындай күйге түсіріп қоймайды, оның айналасындағы өзінің ат тұяғы жеткен жерлердің бәрін тып-типыл қылады.
Тарих тереңіне бұдан әрі үңіле берсек, Әмір Темірдің бұл тараптағы бар ісін санап түгесу мүмкін емес. Соңғы кресшілер жорығы кезінде мұсылман баласын қан жалдап, от кешіп қорғаған Осман түріктерінің билеушісі Баязит 1402 жылғы шілдеде тұтқындалып, Темір қолынан қаза тапты.
Өзін өлтірмек болған Тоқтамыстан жан сауғалап қашқан Едіге 1389 жылы Темірге келіп паналайды. Едігенің біресе Тоқтамыс жағын қолдауы, біресе Темір жағында болуы оның «тұрақсыздығын көрсетеді» деген байбаламдардың түпкі себебі осындай. Кейбір адамдар тарапынан Әмір Темірдің 1391 жылы Тоқтамысқа аттануына Едіге себепші болған деген сөздер айтылады. Саяси босқын ретінде барған Едігені бұлай кінәлаудың реті қисынға келмейді. Әмір Темірдің Алтын Орданы күйретудегі басты себебі – өзімен іргелес отырған мемлекеттің одан әрі күшейіп кетпеуін көздеуден. Едіге Әмір Темірді Алтын Ордаға қарсы айдап салды дегеннен гөрі, Алтын Орданы құлату үшін Темір Едігені пайдаланбақ болды деген дұрысырақ тұжырым болмақ.
1391 жылғы жорықтан кейін Едігенің Темірден ат құйрығын кесуін академик Б.Д.Греков Темірді алдап кету, билікті қолға түсіруді аңсау деп көрсетеді (Греков Б.Д., Якубовский А. Золотая Орда и ее падение. – М.-Л: Наука, 1950. стр. 389). Темірдің қасында ұзақ жүрген, оның қанқұйлы жорықтарын, шектен асқан қаталдығын көзімен көрген Едігенің өз отаны Алтын Орданы түпкілікті күйреуден сақтау үшін күресуі, Темірден құтылудың жолын іздеуі – ақыл-ойға қайшы келмейтін құбылыс. Әмір Темір өзінің қателескенін сезіп, Едігені қолдан шығармау керек екенін түсініп, оған шабарман жібереді. Бір жұмысқа байланысты ақылдасатын шаруа бар дейді. Едіге былай деп шабарманды кері қайтарады: «Управляйтесь с вашим делом, да отправьтесь к вашему господину, облизывайте его руки и сообщите ему, что сроку нашего обещания тут конец и что я (дале) не причастен ему, ибо страшусь Аллаха» (Сафаргалиев М.Г. Распад Золотой Орды. – Саранск, 1960. стр. 158). Осы сөзінде тұрып, бұдан кейін өле-өлгенінше өзін Темірден аулақ ұстады.
Бірде Әмір Темір Едігені өз Ордасына шақырып көреді. Ол оқиға туралы Р.Клавихо былай деп таңбалаған: «Между тем Тотамих, император Тарталии, и Тамурбек примирились и вместе стараются обмануть Едегуя. Тамурбек послал сказать ему, что ведь ему известно, что он в его власти, что он его любит и прощает, если в чем нибудь против него погрешил, и что хочет быть его другом; а чтобы между ними было родство, он предлагает женить своего внука на одной из его дочерей. Говорят, что этот Едегуй ответил ему, что он прожил с ним 20 лет и был тем, кому он более всех доверял, и что знает его слишком хорошо и все его хитрости и что такими уловками его не провести, что он понимает, что все эти доводы только для того, что бы обмануть, и если они действительно станут друзьями, так только на поле брани с оружием в руках, так он им ответил» (Клавихо Г. История великого Тамерлана // Властелин Евразии Тамерлан. – Алматы, 2003. стр. 165). Бұл дерек Едігенің Әмір Темірден сескенсе де, кейбір тарихшылар айтып жүргендей қорықпағанын айғақтайды.
ХІV ғасырда әбден күшейген, тарихта ұлы қолбасылардың бірі деп таңбаланған Витовт билеген Литва мен Польша Батыс және Оңтүстік орыс жерлерін, Украина мен Белоруссияны дәргейіне қаратқан еді. Литва, Польша, Венгрия, Швеция жан-жақтан төніп, Ресейді қайтарымсыз бөліп алу алдында тұрған болатын. Орталық Ресей Едігенің 1399 жылғы Борсықтыдағы жеңісі арқасында ғана аман қалды. Бұл жөнінде белгілі орыс тарихшысы Л.Н.Гумилев: «Самый большой выигрыш от битвы на Ворскле получила Москва. Поражение Витовта спасло ее от угрозы литовского захвата, а литовский князь даже потерял на время Смоленск (1401)», – деп жазады (Гумилев Л.Н. От Руси к России. – Москва, 2004. стр. 226).
Мемлекетінің абыройын асырып, іргесін қайта бекіткен көреген саясаткер, сайыпқыран қолбасы туралы халық эпосы:
Кеспе-кеспе сары алтын
Кесіп олжа қылдырды.
Еділ жұртын жидырып,
Үлкен бір той қылдырды.
Ағаларды алдырып,
Кеңессіз өскен бұл жұртты
Кеңесті жұрт қылдырды,
Қаланы қайта тұрғызды,
Жерін елге толтырды,
Ортасына ару орда қондырды,
– дейді. Совет ғалымдары Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовский өздерінің «Алтын Орда және оның құлауы» деп аталатын әйгілі еңбектерінде: «Мәселе мынада, тарихи өмір сүрген Едігеймен қатар тағы бір көпе-көрінеу дәріптеуге бағытталған феодалдық эпостың, ноғай эпосының батыры бар. Бұл бектік-феодалдық эпоста Едіге тұлғасына берілген мінездемені тарихқа, аңыздан тарихи шындыққа көшу, бұл деген үлкен қателік, тарихты бұрмалау. Пантюркистердің мүддесіне ғана қызмет ететін ұлтшыл-шовинистік тарихнаманың кейде осындайларға баратыны бар», – деп жөнсіз жазғырады (Греков Б.Д., Якубовский А. Золотая Орда и ее падение. стр. 385).
1399 жылы 12 тамызда Борсықтыда, 1408 жылы Мәскеуге, кейінгі Киевке шабуыл жасауда, Хорезмді қорғауда Едігенің басшылығымен өткен майдандар оның ұлы қолбасылардың бірі екенін нақтылы айғақтайды.
Академик В.М.Жирмунский Едіге Тоқтамыстың баласы Қадірбердімен болған соғыста өлді деген қорытынды жасайды. Мұны дәлелдеуде араб тарихшысы әл-Айнидің (Элайнидің) дерегін келтіреді. Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағындағы» мәліметтер ол деректі нақтылай түседі: «Кейін он бір жыл өткенде Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды. ...Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр еді. [Сол] Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. 115-б.). Атақты тарихшымыз тағы да: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды» – деп өлген жері мен кім өлтіргеніне дейін жазып кеткен. Тағы да айтады, 63 жасында дүниеден озып еді дейді (118-б.). Хижра есебінен қазіргі күнтізбеге көшкенде Едіге 1356/57-1419/20 жылдары өмір сүрген болып шығады. Ал Елек пен ортаңғы Бөртенің арасы – қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты территория.
Едігеден кейін Алтын Орданың шаңырағы шайқалып, бұрынғы күш-қуаты кеми береді. Бұл жағдай тарихи-қаһармандық эпостың башқұрт версиясында:
Изеукәй һүзен бөткән һуң,
Изеленән бер йотом
Һыузы уртлап йоткан һуң,
Илдең көнө баткандай,
Буйын монар алғандай,
Етем тороп калғандай,
Ышык булған Уралдың
Бар каяһы ишелеп,
Ергә колап төшкәндәй, –
деп көрсетілсе, татар версиясында:
Идел-йортны дау алды,
Яу өстенә яу килде,
Идегәй әйткән көн килде.
Чыңгызның куйган хан тагы
Кан тагы булып әверелде;
Хан сарае камалды.
Кырым, Казан, Аждаркан
Башлы-башлы ил булды,
Алтын Урда таралды, – деп баяндалған.
Ал кейінгі қазақ жыршылары оны:
Едігем менің ер еді,
Елдің қамын жер еді,
Ел ішіне дау кірсе,
Мен шешейін дер еді.
Ел шетіне жау келсе,
«Мен барайын!» дер еді, – деп жоқтады.
Шығыс тарихшылары оны «Жошы ұлысын өз дегенінше биледі», «Дешті елінің, Сарай мен Қырымның шынайы билеушісі», «Дешті Қыпшақ пен өзбек елінің әміршісі», «патшаларды өз қолымен ауыстырып отырды» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ұлы князь» деп аталады. Яғни Мәскеудің, Литваның ұлы князьдарымен пара-пар есептеледі. Еуропалықтар оны «Дешті Қыпшақ әміршісі», «Татария императоры», «Алтын Орданы билеуші» дейді.
Ол ақылдылық пен қайырымдылықтың үлгісі есебінде жырларға қосылып, бірте-бірте түркі халықтарының қасиетті әулие адамына айналды. «Сего света держава на великих местех, счастливои осподарь, умнои как Бюрека, ум ся у него родил, вере надежа, людем подпора, Богом возлюблен, а от людеи почтен, над судьями судья, а великие люди слову его были рады, иных осподарей вернее был и салтанов – Едигеи князь» (грамота Мусы-бия Ивану ІІІ – Посольская книга, 1984, стр. 39).
Оны өте жақсы білген сол заманның тарихшысы: «Правил он всеми делами Дештскими около 20 лет. Дни его (царствования) были светлым пятном на челе веков, и ночи владычества его яркой полосой на лике времен», – деп жазды (Ибн Арабшах. Чудеса предопределения в судьбах Тимура // История Казахстана в арабских источниках. – Алматы, – 2005. – Т. 1. стр. 37).
Біз жоғарыда Едігеге қатысты негізгі тарихи деректерге біршама тоқталып өттік. Аталған қаһармандарға байланысты сандаған құжаттар, белгілі тарихшылар жазған еңбектер болғанымен, шын мәнінде, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір арасындағы байланыс өте шытырман, қат-қабат. Әлгідей көп еңбектің өзі мұны толық ашып бере алмайды.
Татарстан ғалымдары Едіге туралы жыр-дастандардың өз тіліндегі 12 нұсқасын жарияға алып шықты. Орыс тіліне аударған адамға «Татарстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағын берді. Жарты миллион қарақалпақ ағайын 2001 жылы Едігеге арнап халықаралық конференция өткізді. Оған Жапония мен Германиядан танымал ғалымдар келді. Нөкіс қаласына Едігенің ескерткішін орнатты. Жоғары оқу орындары бағдарламасына енгізді. Ресейдегі – тәуелді 70 мың ноғай да осындай ірі шараларды жүзеге асырды. «Едіге» эпосының 600 жылдығын тойлады. Қазақстан ғана үнсіз отыр. Шын мәнісінде, Едіге – қазақ жерінің перзенті.
Қазақстанда «Едігенің майлы жұрты» деп аталатын алқап бар. Ақтөбе облысы шегінде «Едігенің жалы» деген төбе тұр. Атырау облысында, Сағыз стансасының батысында, Ноғайты өзенімен екі ортада «Едіге» деп аталатын жер бар. Сағыз стансасының оңтүстік-шығысындағы 10 шақырым жердегі қатар екі қорымды жергілікті жұрт әлі күнге дейін Едігенің әкесі мен шешесінікі деп ауырған-сырқағанда, бала тілегенде, қиындыққа душар болғанда басына түнейді, құрбандық шалады.
Едігенің моласы Ақтөбе облысының шегінде, Байғанин ауданында. 1869 ж., 1904 ж. 1950 ж, 1983 ж., Ресей оқымыстылары түсірген карталарда таңбалаулы. Оның кірпішін зерттеген археолог Рахым Байназаров 15 ғасырға жатқызды. Қазіргі күні қазба жұмысын күтіп тұр.
«Едіге» атты тарихи-қаһармандық эпос та жоғарыда айтылғандарды жоққа шығармайды, тек қазақ версиясында ғана емес, эпостың қарақалпақ тіліндегі атақты Қияс жырау нұсқасында әкесі Едігені іздеп Әмір Темір еліне барған Нұраддин балаға хан қайдан келдің дегенде:
«Жерім жырақ үш айшылық шөл майдан,
Шыққан жерім – Қарғалы,
Елек, Кеңсайдан»,
– дейтіні бар. Бұл өзендер қазақ даласының қақ ортасын айқыш-ұйқыш тіліп өтіп жатыр.
Басқасын былай қойғанда, осы аталған дәлелдердің өзі-ақ тірісінде атақ-даңқы жер жарып, азуын айға білеген, өлісінде күллі түркі халқы жоқтап, аты аңызға айналған әулие кейіпті Ер Едігенің қазақ жерінің перзенті екенін айғақтайды. Олай болса, барымызды бағалай білейік, ағайын.
Жұма-Назар АСАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор
Ақтөбе
Суретте: Едіге. 1356/57-1419/20 (Хижраға байланысты); Едігенің Америкада тұратын ұрпағы Мистр Ник /Николай Урусов/ Ақтөбе жерінде . 2012 ж.; Едігенің моласы – 1983 ж. карта.