19 Қазан, 2016

Жасампаздық жылнамасы

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
era_64871999 *1 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Онда еліміз бойынша орташа жалақы, орташа зейнетақы бір кездегі одақтас республикалардың арасында ең жоғары деңгейде екендігі атап көрсетілді. *10 қаңтарда елімізде президенттік сайлау өтті. Бала­малы негізде демократиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда Қазақ­стан Республикасының Президенті болып 81,71 пайыз дауыс алған Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланды. * 13 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алма­ты­дағы өз резиденциясында есімі елге кеңінен танымал арда­герлердің бір тобын қабылдады. Айта кетейік, Елбасына демо­кратиялық негізде баламалы сайлауға түсуге қолқа салған ардагерлер қауымының айтулы өкілдері болатын. *15 қаңтарда Алматыдағы ұлттық кітапханада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қалың елім, қазағым» атты жаңа кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітапта Қазақстанның өткен тарихы мен қазіргі бет-бейнесі, оның дамуының болашағы туралы Мемлекет басшысының сөйлеген сөздері жинақталған. *20 қаңтарда Астана қаласында Қазақстан Республи­касы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қызметіне кірісу рәсімі – инаугурация өтті. Жиында Елбасы: «Бүгінгі күн – мен үшін ерекше күн. Әрине, мен адам ретінде осы сайлауда жеңіске жеткеніме қуанамын, халқым маған тарихымыздың тағы да бір қиын-қыспақ кезінде зор сенім артқанына мерейленемін, – деді. * 21 қаңтарда Президент жаңа Үкіметті құруға кірісті. Елбасы Жарлығымен Нұрлан Балғымбаев Қазақстан Респуб­лика­сының Премьер-Министрі болып тағайындалды. *23 қаңтарда Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ричард Джонс Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өз елінің басшысы Билл Клинтонның жолдауын табыс етті. *28 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласында кезекті дүниежүзілік экономикалық форум ашылды. Форум жұмы­сына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. * 12 ақпанда Президент Жарлығымен «Қазақстан Республи­касы­ның Ұлттық ғылым академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті болып Нағима Әбенқызы Айтқожина тағайындалды. Кезінде Ғылым академиясын оның ағасы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Мұрат Айтқожин басқарған болатын. * 19 ақпанда Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың, Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың және Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтің кездесуі өтті. Ол үш елдің арасындағы Мәңгілік достық туралы шарттың екі жылдығына арналды. * 2 наурызда ел газеті «Егемен Қазақстанның» елордаға көшіп келуі аяқталды. Бас басылымның осы күнгі нөмірі Астана қаласынан шықты. * 11 наурызда Елбасы Жарлығымен Жамбыл облысының Луговой ауданы Тұрар Рысқұлов ауданы, Солтүстік Қазақстан облысының Совет ауданы Аққайың ауданы болып аталды. Ақтөбе қаласының Актюбинск деген орысша транскрипциясы Актобе болып өзгертілді. * 20 наурызда Пре­зи­­дент Нұрсұлтан Назарбаев Наурыз мере­ке­сіне орай ел халқын құттықтауы «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланды. *2 сәуірде Мәскеу­де ТМД Мемлекет бас­шыларының кеңесі өтті. Онда Ұжымдық қауіп­сіздік келісімін ұзарту (Өзбекстан, Әзербайжан, Грузия­дан басқа) тура­лы хаттамаға, ТМД-ның даму бағыттары тура­лы декларацияға, 1994 жылғы 15 сәуірде қабыл­данған Еркін сауда ай­ма­­ғын құру туралы Келі­сімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, ТМД органдарының құрылымын реформалау және жетілдіру туралы шешімге қол қойылды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығына әзірлік жайы талқыланды. * 8 сәуірде Ақмола облысының шекарасы өзгертілді, оған Солтүстік Қазақстан облысының Еңбекшілдер, Зеренді, Щучинск аудандары мен Көкшетау қаласының аумақтары енгізілді. Ақмола облысының әкімшілік орталығы Астана қаласынан Көкшетау қаласына көшірілді. Осы күні Ашғабадта Орталық Азия Мемлекет басшыларының отырысы өтті. Оған Н.Назарбаев, А.Ақаев, И.Каримов, Э.Рахмонов, С.Ниязов қатысты. Саммит нәтижесі бойынша Аралды құтқару Халықаралық қорының ережесі бекітілді. *12 сәуірде Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. * 16 сәуірде Алматыға жұмыс сапарымен Палестина мемлекетінің Президенті Я.Арафат келді. * 19 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Чехия Премьер-министрі М.Земанды қабылдады. * 21 сәуірде Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа әл Танимен кездесті. era_6492*23-25 сәуір аралығында Президент Н.Ә.Назарбаев НАТО-ның саммитіне қатысу үшін Вашингтонда сапармен болды. Осы күндері Президент АҚШ-тың саяси және іскерлік әлемінің өкілдерімен кездесті. Елбасы АҚШ Президенті Б.Клинтонмен кездесті. Б.Клинтон Азиядағы сенім шаралары мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі Қазақстанның бастамасын мысал ретінде келтіре отырып, оның аймақта бейбітшілікті сақтауда үлкен рөлі бар екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, ол Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты ғаламдық проблемаларды шешуде НАТО Ресеймен тығыз жұмыс істеуі тиіс деген пікірімен келісті. *6 шілдеде Президент Н.Ә.Назарбаев Түркия Президенті С.Демирелмен кездесті. Кездесу барысында екіжақты мәселелер талқыланды. * 14 шілдеде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Астанаға келген Молдова Президенті Петр Лучинскимен кездесті. Келіссөз барысында екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қозғалды. * 24 тамызда Бішкекте «Шанхай бестігі» елдері басшыларының саммиті өтті. *2 қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Армения Президенті Р.Кочерянмен кездесті. Сапар нәтижесінде Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі біріккен комиссия құру туралы келісімге қол қойылды.