19 Қазан, 2016

Әселхан, Әсия, Қонысбай

751 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
01-442-1Халық ақындарына құрмет көрсетілді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып өтіп жатқан облыстардың елордадағы күндері астаналықтарға еліміздің әр шалғайында жатқан бай өңірлеріміз тек наны мен етін, миуасы мен көкөнісін, балығы мен балын, майы мен құртын ұсынған жоқ, ән мен жырдан шашу шашты, өнерімен тамсандырды. Қай жағынан болсын өскенімізді, өркендегенімізді көрсетті. Халқымызға тұңғыштарды берген топырағы құнарлы Қостанай мен қазыналы Оңтүстік Қазақстан облыстарының күндерінде де астаналықтар үшін ақ түйенің қарны жарылғандай болғаны рас. Осы шараның аясында Қостанай облыстық әкімдігі мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Ұлттық музейде өткен басқосу – Қазақстанның халық ақындары Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова және Қонысбай Әбілмен кездесу кеші Астананың талғампаз жұртына ерекше әсер қалдырғаны аян. Айтыскер халық ақындарының көрермендерімен басқосуы тұңғыш ұйымдастырылып отырғанын да айта кетсек артық болмас. Еліміз байланған бодандыққа етіміз де өле бастаған өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары ана тіліміз, ақ дініміз, дәстүріміз есіктен қарап қалған кезде қазақтың хас өнері – айтыс осы қазыналарымыздың жоқшысындай жалаулатты, халықтың рухын көтерді. 80-ші жылдардың алғашқы жартысында халықтың арасынан қайнап шыққан Манап Көкенов, Көкен Шәкеев, Тәушен Әбуова мен Көкбай Омаровтың соңынан ілесе келіп, айтысты жаңа сатыға көтерген топтың бел омыртқасындай осы үш ақын еді. Шабыты шамырқанған жас ақындар қызыл құрсауы мықты партиядан да ықпай, халқымыздың жоғын тайсалмай айтатын. Олар облысаралық телеайтыс­тарда баптаған бәйге атындай ысыла түсті. Халқымыздың ға­сырлар бойы аңсаған арманымен, төгілген қанымен, көз жасымен келген Тәуелсіздік 90-шы жылдары айтыс ақындарын тіпті қанаттандырды. Айтыскерлер өлгеніміз тіріліп, өш­кеніміз жанғандай болып ортамызға келіп жатқан Алаш арыс­тары туралы, босағадан төрге озған тілімізді, дінімізді қуана жырға қосты. Кездесу басында көрсетілген сонау 80-90-шы жылдары өткен ақындар айтысынан үзінділер рухты көтерген сондай шабытты шақтарды еске салды. Иә, сол жылдары айтыс қоғамды жаңартуға күрескерлікпен атсалыс­ты десек артық кетпеспіз. Әселхан, Әсия, Қонысбай бастаған топтың айтыс­та айтқан сын-пікірлері жебенің оғындай нысанаға дөп тиіп жататын. Олар билік басындағылар, жұртшылық тарапынан ескерілмей де қалған жоқ. Қостанай облысында қазақты 30-шы жылдары қынадай қырған аштықты ұйымдастырған қу шеке Голощекин атындағы темір жол стансасы болды. Осыны айтыста «тұр әлі Голощекин стансасы, тарихтың жыртылмайтын парағындай» деген Әсияның сөзі станса атының өзгертілуіне түрткі болды. Айтыстардан кейін толып жатқан тарихи атаулардың қалпына келтірілгеніне жұрт куә. Ал Әселханның «халыққа пайдасы жоқ әкімдерден, жағатығұн бір құшақ отын артық» деген сөзін атқамінерлер қай уақытта да іштей қайталап жүрсе несі айып? Әселхан, Әсия, Қонысбайлар айтыс мазмұнының жаңаруына ғана емес, мақамына да жаңалық енгізген топтың майталмандары. Үшеуінің мақамы үш дара, алды-артындағылардың ешқайсысын қайталаған жоқ. «Әй-әй ақын» Қонысбайдың мақамы, орынды әзілі, ұтқыр ойлары айтысқа аңқасы кепкен тыңдаушыларын тербететін еді. Жаңарып, жаңғырған, қайта түлеген айтыстың дамуына зор үлес қосқан ақындардың соңынан жырдың тайындай болып шәкірттер ерді. Айтыс ақтаңгерлерінің шығармашылық кешінде жас айтыскерлер Дәурен Ысқақ пен Марғұлан Оспанов халық ақындарына жырдан шашу шашып, арнау өлеңдерін айтты. Ақындардың Астана төріндегі кешіне Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те қатысты. – Халқымыз қазынасының бірі – айтыстың дамуына, Тәуелсіз еліміздің мәдени-рухани жағынан нығаюына Қазақстанның халық ақындары Әсел­хан Қалыбекованың, Әсия Бер­ке­нованың, Қонысбай Әбілдің қосқан үлесі мол. Биыл қостанайлықтар об­лыстың 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осыған орай өңірімізден шық­қан қос ақын Қонысбай Әбіл мен Әсия Беркенова мерекелік ескерткіш медаліміздің лайықты иегерлері де болып отыр, – деп Архимед Бегежанұлы олардың кеудесіне «Қостанай облысына 80 жыл» медалін тақты және үш ақынға сый-сияпатын жасады. Кеште арқалы ақындар тыңдау­шыларына емен-жарқын естелік әңгі­мелер айтты. Айтарын айтып қалған ақындар бүгінгі айтыстың жетістігі мен кемшін тұстарын да жасырмады, хас өнердің болашағы туралы айтты. «Әй-әй ақын» Қонысбай көрерменінің алдында «әй-әйіне» салып, жыр төкті. Негізі, жан-жақты дарындылық айтыскер ақындардың ерекшелігі болса керек. Қонысбай Әбіл айтыскерліктің сыртында отыз шақты әннің авторы, сатиралық шығармалары бір төбе. Қазір ақындар айтыс сахнасына шықпаса да, жыр ауылынан алыстаған жоқ, жазба өлеңге бет бұрған. Үшеуі де өлеңдерін оқыды. Көпшілік Әсияның әншілік қырына да куә болды. Кездесуге қатысқан белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, белгілі қаламгер Қайсар Әлім ақындар жайлы жылы лебіздерін ортаға салды. Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай ақындарды құттықтап, кеш ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Халықтың ақынына, ақынның сахнасына сағынышын паш еткен шығармашылық кеш Қонысбай Әбілдің жас әнші Арайлым Рахымқызымен қосыла шырқаған «Аңсау» деген әнімен түйінделді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» АСТАНА Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»