19 Қазан, 2016

Автокөлік алушылар қатары азая түскен

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
kazavtoonerkasipОрталық коммуникациялар қызметінің кезекті брифингінде еліміздегі автокөлік нарығының қорытындылары сөз болды. «Қазақстанның «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласы кәсіпорындары одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферов журналистермен кездесуде саладағы қаңтар-қыркүйек айларының нәтижелерін әңгімеледі. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың үш тоқсанында қазақстандықтар 569 млн доллар сомасындағы қаражатқа 30,8 мың жаңа жеңіл автокөлік сатып алған. «2016 жылдың тоғыз айында ресми дилерлер 30 759 жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктерді сатты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 59 пайызға төмен. Жыл басынан бері сатылған 23 568 көлік импортқа тиесілі. Бұл жалпы сатылған көліктердің 76 пайызын құрайды. Ал 7 154 са­тып алушы, яғни 24 пайызы қа­зақ­стандық зауыттардың өнімін таң­даған», деді О.Алферов. Жиын барысынан ұққанымыз, Қазақстанда сұранысқа ие көлік­тер­дің көшін «Lada» бастап тұр екен. Жыл басынан бері ел аума­ғын­да 6 086 ресейлік көліктің мар­касы саудаланыпты. «Toyota» дилер­лері де белсенді жұмыс істе­ген, олар 5 728 автомобильді пұл­дап үлгерген көрінеді. Сондай-ақ, алғашқы үштікке «Renault» еніп тұр, бұл маркадан 2 925 машина сатылған екен. Басқарма төрағасының мә­лі­мет­теріне сүйенсек, алғашқы он­дыққа жоғарыдағылармен қоса «Hyun­dai», «KIA», «Volkswagen», «GAZ», «UAZ», «Nissan» және «Chevrolet» еніп отыр. «Модельдер арасында бірінші орында «Lada Priora» тұр. Ресейлік седанды 2 237 мың сатып алушы қалады. Сұ­ра­нысқа ие модельдер ішінде «Toyota Camry», «Lada 4x4», «Re­nault Duster» және «Hyundai Accent» бар», деді О.Алферов. Тағы айта кетерлігі, жеңіл ав­то­көліктерді, әсіресе, Алматы қа­ласының тұрғындары көбірек са­тып алған көрінеді. Олар 9281 те­мір тұлпардың саудасын келіс­тірген. Одан кейінгі орында астаналықтар – 5333 көлік сатып алған, Атырау қаласында 2234 машина пұлданса, Өскеменде – 1656, Қарағандыда 1623 көлік сатылыпты. Брифингте басқарма төрағасы «Бипек Авто-Азия Авто» хол­дин­гінің Қазақстан нарығында ірі дилерлік топ мәртебесіне ие бол­ғанын жеткізді. «Есеп беру кезеңінің нәтижелерін сарала­ғанда, барлық жеңіл автокөлік сатып алушылардың 33 пайызы осы компанияның ұсыныстарына тоқтағанын байқадық. Нарықтағы сауданың 20,6 пайызы «Toyota Motors Kazakhstan» ұжымына тие­с­ілі. Ал «Astana Motors» компа­ниясының үлесі 9,7 пайызды құрайды», деді Олег Алферов. Көлік құрастыру саласындағы үш тоқсанның нәтижелерінен елі­міздің аумағында 51,6 млрд тең­ге көлеміндегі қаражатқа 8333 ав­токөлік құралының шыға­рыл­ғанын байқаймыз. Тек қана қыр­күйек айында отандық зауыттар жалпы құны 9,6 млрд теңгеге 1019 автокөлік құрастырған. Мұның қатарына жүк көліктері мен автобустар да кіреді. Ал бұл цифрларды өткен жылмен салыстырсақ, көрсеткіш едәуір артқан. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»