19 Қазан, 2016

Катяның жеңісін Дәулет жалғастырады

261 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
5Оралдық Алексей мен Наталья балаларына: «Біздің Отанымыз – Қазақстан. Осы қазақ жерінің топырағында дүниеге келдік. Сендердің бәріңнің туған жерлерің Орал болғанымен, осы Ақжайыққа деген махаббатты тұтас елге, қазақ халқына деген құрметке ұластырыңдар», деп үнемі айтып отырады. Әкесі мен анасының өнегесін қыздары Екатерина да бала кезінен көкейіне тоқып өсті. Екатерина деп отырғанымыз – дүбірі мен жаңғырығы әлі толық басыла қоймаған Рио Олимипиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова. Катяның бойындағы отан­шыл­дық сезімнің тереңдігіне тегі орыс, ресейлік болғанымен, АҚШ атынан шыққан 29 жастағы әлем чемпионы Елена Пиражконың жауырынын жерге тигізгенде барша қазақстандық жанкүйер ай­қын көз жеткізді дей аламыз. Ба­луан қыздың сол сәттегі қуанышы көз алдымызда жатталып қалды. Жеңіске жеткенін ести сала, Катя халықаралық жарыстарға барғанда жанынан тастамай алып жүретін Қазақстанның Көк туын тез алып шығып, құлашын кеңге жайып төбесінен асыра көтерді. Ендігі бір сәтте тізерлеп отыра қалып сүйді. Артынша Көк туды төбесінде жел­біреткен күйі күрес кілемін айнала жүгірді. Қазақстандық жанкүйерлер отырған трибунаға жақындап, басын иген кезде Катяның жанарында қуаныштың көз жасы мөлт етті. Балуан қызымыз елге оралысымен біз оған хабарласып, сол сәтте қандай сезімде болғанын, не ойлағанын сұраған едік. Бізді тән­ті еткені, Екатерина ең алдымен елін ой­лапты. Байтақ Қазақстаны көз ал­дына келіпті. Содан кейін кіндік қаны тамған Оралы, әкесі әрі жат­тық­тырушысы Алексей Ларионов... – Қазақстан құрамасының бас бапкері, екінші жаттықтырушы Қайрат Сағадиев те есіме түсті. Өзің­нің жеңіске жетуің үшін тер төк­кен, еңбек еткен жандардың бәрі көз алдыңа келеді. Әрине, бәрі­нің бас­тауында Отаным – Қазақстаным тұр, – дейді Катя. Екатеринамен сөйлесіп отырып, оның соншалықты отаншыл, шыншыл адам екендігін аңғарасыз. Ол үшін елдігімізді, тәуелсіздігімізді білдіретін әрбір нышан қастерлі. «Автобуста келе жатып еденде жат­қан бақырды көрсем, оны еңкейіп алудан арланбаймын. Керісінше, бақыр тиын екен деп еңкейіп алмай қоюдан арлану керек. Себебі, онда Елтаңбамыз бедерленген,– дейді Е.Ларионова. – Менің ендігі арманым – Олимпиада алтынына қол жеткізу. Қазақстанның Әнұранын шырқату, Туымызды биікке көтеру. Рио Олимпиадасынан кейін есімі байтақ елге жайылған Екате­рина көп балалы отбасында туып-өскен. Алексей мен Наталья Ларио­нов­тардың тұла бойы тұңғышы. Ар­тынан ерген Нұрлыбек, Дәулет, Алексей және Матвей есімді төрт  інісі бар. Осы материалды әзір­леу кезінде «Қазақпараттың» өңір­дегі өкілі, белгілі журналист Ғайса­ғали Сейтақ екеуміз Катяның әке­сі­мен сөйлесіп, екі баласының есімі неліктен қазақша қойылғаны тура­лы сұраған едік. Олимпиада жүлде­герінің жеке бапкері Алексей Станис­лавович ағынан жарылып баян­дап берді: fc3aa1caa7817982e4057e16e4c19567_l-1– Мұның сыры мынада. Мен жас кезімде атақты қазақ балуаны Дәулет Тұрлыхановпен дос болып, бірге жүрдім. Екеуміз Алматыдағы спорт ротасында бірге қызмет еттік. Екеуміз де классикалық күрес, яғни грек-рим күресінен бір салмақта күрестік. Оқу-жаттығу жиындарында жұбымыз жазылмайтын. Дәулет боз кілемде үнемі менің алдымды орап кетіп жүрді. Сөйтіп, сол кезеңде мен Қазақстандағы екінші нөмірлі балуан атандым. Жасөспірімдер арасында екі мәрте ел чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері атансам да, көп ұзамай күресті қойып, бапкерлікті қолай көрдім. Ал Дәулет кейін 74 килоға ауысып, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы болды. Әлем чемпионатында жеңіске жетті, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері атанды. Дәулет боз кілемде қарсылас шақ келтірмеді, өз салмағында бәрін алып ұратын. Осы атақ-даңқына қарамастан, ол мені ұмытқан емес. Кезінде Қазақстан чемпионы болғанымды айтып, Оралдан пәтер алуыма да көмектесті. Осындай шынайы, адал достықты мен қалай ұмытайын?!  1999 жылы өмірге келген ұлымның есімін досымның құрметіне Дәулет деп қойдым. Даңқты балуанның есімін иеленген Дәулет қазірдің өзінде грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында халықаралық аренада олжа салып жүр. Спорттағы дарынды балаларға арналған интернаттың 11-сыныбында оқиды. Ата-анасы 2003 жылы туған інісі Алексейді де ағасының қасында болсын, күрес әліппесін үйренсін деп сол мектеп-интернатқа беріпті. Алексей Станиславович: – Катяның ізін баса келген те­те інісінің есімін бала кезіміз­ден бірге өскен досым Нұр­лы­бек Райымқұловтың құрметіне Нұр­лыбек деп қойдық. Кенжеміз Матвей 5-ке енді толды. Бала­ларым­ның есімін қазақша қойға­ным – көңілі кең даладай дарқан мінезді, құшағы кім-кімге де ай­қара ашық  қазақ халқына деген құр­метім, – дейді. Ел мерейін асқақтатқан балуан қыздың отбасымен емен-жарқын шүйіркелестік. Бақыт ұялаған, шаттық кернеген Ларионовтар шаңырағынан көңіліміз тоғайып, кеудеміз толып шықтық. Өмірге Катядай қайсар, байыпты, келбеті мен көркем мінезі үйлескен ерлі-зайыпты Алексей мен Наталья Ларионовтарға деген ризашылық сезім қалды көкейде. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен қазақстан» Батыс Қазақстан облысы