Мемлекет басшысының еңбек адамдары мен әулеттерін құрмет биігіне көтеру жөніндегі тапсырмасы еліміздегі еңбек ерлерін танытуды көздеген талай тың жобаларға түрткі болды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шаруашылық шеберлерін анықтау мақсатында ұйымдастырған «Еңбек жолы» байқауы да осы үдеден табылады. Сол сында «Өндірістің үздік жас маманы» аталымының жеңімпазы атанған Өскемендегі мыс зауыты анодты өндіріс цехының аға шебері Асхат Зикенов туралы әңгімелемекпіз. Шығыс өңірі бойынша «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» және «Үздік еңбек әулеті» аталымдарында 40-тан астам қатысушы бақ сынады. Металлургтердің мәдениет үйінде өткен салтанатты рәсімде «Қазмырыш» ЖШС еңбек ресурстары басқармасы жас маманды жұмыстастарына үлгі етіп, қошемет көрсетті. Құттықтаулардан кейін жас маманға еңбек ресурстары басқармасының мамандармен жұмыс жөніндегі қызметінің басшысы Елена Калацынская планшеттік компьютер сыйға тартты.
Асхат осыдан 2 жыл бұрын зауытқа кен қорыту материалдарын дайындау цехының тиеушісі болып келген болатын. Өз таңдауымен Өскемен металлургиялық кешеніне бет бұрған 2014 жылдың 10 маусымы ерекше есте. «Металлургия және түсті металлургия» мамандығы бойынша бакалаврды тәмамдаған жастың алдында екі жол тұр еді. Ертерек еңбек жолын бастап, өзін инженерлік тұрғыдан дамыту керек пе, әлде шетелдік жоғары оқу орындарының бірінде магистратурада оқыған жөн бе? Ол ойланбастан «Қазмырышты» таңдады. Себебі, өзі оқыған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті кафедрасының «Қазмырыш» ЖШС жанынан құрылған филиалы бар еді. Осында оқи жүріп, болашағын кәсіпорынмен сабақтастыруды көздеді.
– Әдетте, оқу көп мәселені шешеді. Осы уақыт аралығында жұмыс істеп жүрген жерімнің алға қарышты қадам басып келе жатқан қуатты кәсіпорын екеніне көзім жетті. Табысты болатыныма сенгендіктен зауытта қалуды жөн санадым. Кеше ғана оқу бітірген жас мамандар үшін үміт пен талап өте маңызды дүние. Талапты жастарды компания басшылығы қолдайды. Сондықтан мұнда мүмкіндіктер мол. Өндірістен қол үзбей, магистратураны тәмамдадым. Жұмыстан кейін және демалыс күндері оқи жүріп, емтихандарымды жақсы тапсырдым, – деді А.Зикенов.
Асхат жұмысқа орналасқан алғашқы сәттен бастап жаңа ортаға бейімделуге бар күшін салды. Ақыл-кеңес сұрауға қысылмады. Жанындағы жастардан, өндірістің ардагерлерінен үздіксіз үйренген жас жігіт олардың көз алдында өсті. Тағылымдама барысында өзіне керекті дүниені алуға тырысқан ол әсіресе, қорыту материалдарын дайындау цехының бастығы Ермек Қизаметдинов, аталған цехтың шебері Владимир Савельев, қорғасын зауыты балқыту цехының бастығы Раджан Шыңғалиев көмектерін аянып қалмағанын айтады. Үш айдан кейін зауыттағы сарт-сұрт қайнаған еңбек майданына еті үйреніп, өзін еркін сезіне бастады. Осы ортаның қажетті бір бөлшегі екенін түйсінді. Бір жылдан соң шеберлер мектебін де тәмамдады. Мыс зауытының шетелдік әріптестерімен бірге өндірістік міндеттерді атқара жүріп, едел-жедел ағылшын тілін меңгеріп алды. Бірде ауысым шеберінің міндетін атқарушылықты жүктеген басшылық жас жігіттің жігерін байқап, басқа цехқа ауысуға ұсыныс жасады.
– Өндірісте өзім атқаратын жұмыстың барлығына жетік едім. Бірақ, қол жеткізген жетістікпен тоқтап қалмау қажет. Кәсіпорын өз-өзін өсіремін деген маманға мол мүмкіндік береді, дейді ол. Үш тілді үздік меңгеріп, енді неміс тілін үйрене бастапты. Алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын қасиеті болар, Асхат жұмысшы мамандығын таңдау арқылы қазіргі қоғамда жетістіктерге жетуге болатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келеді.
Осы шарада облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар біліктілігі жоғары мамандар қай кезде де қажеттігін, сол себепті өндіріске лайықты мамандар тәрбиелеу керек екендігін атап өтіп, еңбексүйгіштік пен табандылықтың үлгісі ретінде Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты айтуға болады. Егер адал еңбек етсеңіз, өмірде көп дүниеге қол жеткізе аласыз. Сондықтан Еңбек күнінің мәні ерекше, деді.
Ал облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова адам еңбегінің қоғамдағы мәртебесі мен маңызын көтеретін дәстүрлі байқау Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» идеясының шеңберінде еңбек өнімділігін жандандыру, жұмысшы кәсібінің мәртебесін көтеруді көздейтінін жеткізді.
Әрине, күнде өзгеріп жатқан технология да, қарышты ғылыми өрлеу де, қуатты өндіріс орындары да, барлық жетістік бастауында адам еңбегі, таланты һәм күш-жігері тұрғаны анық. Яғни, «Еңбек – бәрін жеңбек» деген осы.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН