Женевада Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің жұмыс сапары аясында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Наватенам Пиллаймен және Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутерришпен екіжақты кездесулер өткізді.
Қ.Саудабаевтың Н.Пиллаймен кездесуі барысында Қазақстанның Жоғарғы комиссар басқармасымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қ.Саудабаев Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің қызметін шолуды қолдайтынын, саяси және азаматтық құқықтар бір жағынан, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар екінші жағынан кеңес жұмысында бірдей қолданыс табуы қажет деген ұстанымды жақтайтынын атап өтті.
Қ.Саудабаев әңгімелесуші тарапты біздің еліміздің адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жөніндегі, азаматтарымыздың сапалы білім алуға, денсаулық сақтауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге негізгі құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Өз кезегінде Н.Пиллай Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейіне, атап айтқанда, адам құқықтарын қорғау жүйесін әрі қарай жетілдіру жөнінде Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданып отырған шаралардың деңгейіне жоғары баға берді. Ол Қазақстанның алдыңғы жылы әмбебап кезеңдік шолуды сәтті ұйымдастырып, оның нәтижесі бойынша құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру бойынша 120 ұсыныс қабылдағанын атап өтті. Қазіргі кезде аталған ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша жұмыс тобы құрылып, қызметін атқаруда.
Н.Пиллай еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығының нәтижесіне, төзімділік мәселелеріне басымдылығына жоғары баға беріп, осы орайда Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығымыздан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
Одан соң, Қазақстан мен БҰҰ Жоғарғы комиссар басқармасы арасындағы ынтымақтастықтың дамуы Қ.Саудабаевтың Жоғарғы комиссар А.Гутерришпен кездесуінде сөз болды.
А.Гутерриш өзінің жақында болған Қазақстанға сапарына қанағаттанғанын, соның ішінде Елбасы Н.Назарбаевпен кездесуіне көңілі толғанын айтып өтті. «Біз Қазақстанның басқармамен тығыз байланыс орнатып отырғанына, сондай-ақ босқындардың өтініштерін реттеуге бағытталған бірқатар заң өзгерістерін енгізгеніне ризашылығымызды білдіреміз», – деді өз сөзінде А.Гутерриш.
Әңгімелесуші тараптар алдағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын, атап айтқанда, көктемде Алматыда босқындардың өтініштері мәселелері жөнінде халықаралық аймақтық конференция ұйымдастыру мәселелерін талқыға салды.
Қ.Саудабаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидземен кездесуі барысында екіжақты қарым-қатынас мәселелерін, сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ қызметіне қатысуы, соның ішінде қарусыздану, өркениеттер үнқатысуы, аймақтық ынтымақтастық салалары аясында өзара ықпалдасу мәселелерін талқылады.
БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Астана бастамаларына барынша қолдау көрсетіп отырғанына алғысын білдіре отырып, Қ.Саудабаев әрі қарай үйлестірілген өзара ықпалдастықты жалғастырудың ортақ мақсаттарға жетуде маңызы зор екенін атап өтті.
Әңгіме барысында тараптар өзара ықпалдастықтың, халықаралық және аймақтық саясаттың өзекті мәселелерін қозғады.
Соның ішінде Солтүстік Африкадағы мәселелер және оны реттеуде халықаралық ұйымдар тарапынан қабылданып жатқан шаралар сөз етілді.