21 Қазан, 2016

Дәурен Абаев: Ұлттық бренд – тұтас елдің бейнесі

397 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
bal_8270 Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының ұлттық брендін анықтау жөніндегі байқаудың аралық нәтижелеріне және өту барысына арналған брифинг өтті. Оған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты. Байқауды ұйымдастырушылар ашық байқау арқылы еліміздің ұлттық брендін қалыптастыру бойынша ең үздік ұсынысты анықтауды көздеп отыр. Осы мақсатта 2016 жылдың 31 тамызынан 15 қазанға дейін өтініштер қабылданды. Бүгінге дейін 966 өтінім келіп түсті. Солардың 794-і екінші кезеңге жіберіледі. Ал 172 жұмыс ереже талаптарына сай болмағандықтан, келесі кезеңге өткен жоқ. «Қазіргі таңда кез келген мемлекет елдің имиджіне назар аударады. Өйткені, бұл инвестиция және туристер тартудың бірден-бір жолы. Әрине, ұлттық брендке ең алдымен, сол мемлекеттің шынайы жетістіктері негіз болуы керек екенін жақсы түсінеміз. Ол халықтың білім деңгейі, экономикалық дамуы, мәдени-рухани саладағы көрсеткіштер, сонымен қатар, елдің имиджін ілгерілету үшін бір көргеннен есте қалатын айрықша символика қажет. Қазақстанның ұлттық брендін жариялаудағы басты мақсат – осы. Ең басты талап – логотип Қазақстанның барлық ерекшелігін қамтитын, жеңіл қабылданатын әрі тартымды болуы керек. Ұлттық бренд дегеніміз – тұтас елдің бейнесі» деді Дәурен Абаев. Оның айтуынша, байқау барынша ашық жүріп жатыр. Осыған сәйкес, оған кез келген адам мамандығына, заңды мәртебесіне, жасы мен азаматтығына қарамастан қатыса алады. bal_8130 Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко ұлттық брендті анықтауға арналған байқауға көптеген ұсыныс келіп түскенін атап өтті. Бұл ақпараттандырудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және азаматтардың айрықша қызығушылығын байқатады.  Әрине, логотип дайындау барлық мәселені шешпейді. Себебі, ұлттық брендті қалыптастыру - күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Сырт көзге өзіміз туралы жағымды әрі жақсы пікір қалыптастыру, оны орнықтыру – барлық қазақстандықтың міндеті. Сондықтан, ел тұрғындары өзі қызмет етіп жүрген салада аянбай еңбек етулері керек. Біздің әрқайсымызды Қазақстанның азаматы ретінде қабылдайтыны белгілі. Ал бұл бізден ашықтықты еңбекқорлықты, шынайылықты талап етеді. Жолымыз, өніміміз, қызмет көрсетуіміз, инфрақұрылымдарамыздың сапасы, тартымдылығы – бұлардың барлығы ел имиджін қалыптастырушы тетіктер. Егер, мемлекетіміз әлемге пайдалы болатын бастамалар көтеріп, оларды жүзеге асырса, онда біздің шетелдегі имиджіміз де тартымды бола түспек»,– деді Роман Василенко. Оның айтуынша, бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілген. Бұл ретте ол Ауғанстанды мысалға келтірді. «Қазақстан ондаған жылдар бойы күрделі кезеңді басынан өткеріп отырған Ауғанстанға қолдау-көмек көрсетіп келеді. Жалпы, Орталық Азияның тұрақты дамуы жолындағы игі істер – әрдайым назарымызда. Мемлекет басшысы Түркия мен Ресей арасындағы жағдайды қалпына келтіруге де үлес қосты. Еліміз ядролық қарусыздану саласында көшбасшылық танытуда.  Міне, біздің осындай іс-әректтеріміз сөзсіз, халықаралық қауымдастық тарапынан бағаланады», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары. bal_8227-1 Сонымени қатар, ол әрбір мемлекеттің алдында ұлттық бренд мәселесі өте өткір тұратынын атап өтті. «Ол қанша жағынан танымал болса да.  Себебі, инвестициялық, туристік тартымдылық жөнінен елдер арасында бәсеке туатыны сөзсіз. Бүгінде әр ел бұл мәселені әртүрлі жолмен шешуге тырысуда.  Біреу өз елінің жалпы «табиғатын» айқындайтын логотип  ойлап тауып жатады. Енді бір ел туристік брендке айрықша мән береді. Әрине, бұл жұмыстарды бағалау оңайға түспейді. Алайда, жаңа заман ағымына ілесу үшін бұл мақсаттағы жұмыстарды жалғастыра беру керек»– деді вице-министр. Брифинг барысында байқауға жұмсалатын қаржы қорының шамамен 8 миллионның мөлшерінде болатыны айтылды. Оның 5 миллионы жеңімпазға беріледі, байқаудың екінші кезеңіне өткен қатысушылар 200 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйақымен ынталандырылады. Қаражаттың қалған бөлігі ұйымдастырушылық шараларға бөлінеді.  Байқауды қаржымен қамтамасыз етуді  ұйымдастырушы ретінде «Казконтент» АҚ өз мойнына алған. Егер, логотип өте ерекше әрі тартымды болса, алдағы уақытта оны Қазақстанда өндірілетін тауарларға да қолдану көзделіп отыр. Ләйла Еділқызы Суретті түсірген Орынбай Балмұрат