04 Наурыз, 2011

Қолжетімді пәтер алудың жаңа жүйесі

499 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Елімізде соңғы жылдары құрылыс саласына мемлекет тарапынан бұрын-соңды болып көрмеген қолдау көрсетілді. Әсіресе мемлекеттің тікелей қолдауымен алданып қалған үлескерлердің мүддесін қорғау мақсатында ешбір мемлекеттің тарихында болып көрмеген қаржылық көмек берілді. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысына қарамастан еліміздегі тұрғын үй құрылысы саласын дамытуда тоқырау болған жоқ. Алдағы уақытта да бұл мәселеге айрықша мән берілмек. Міне, осы көкейкесті мәселелердің қаржылық жағынан қамтамасыз етілуі және тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасының қарапайым халыққа беретін мүмкіндіктері мен мемлекет тарапынан қандай қаржылық қолдау көрсетілетіндігі жөніндегі мәселелер туралы Қаржы министрі Болат ЖӘМІШЕВТІ әңгімеге тартқан едік. – Болат Бидахметұлы, әлемдік дағда­рыстың экономиканың барлық саласына, оның ішінде, тұрғын үй құрылысына тигізген кері әсерлері белгілі. Бұл ретте Үкі­мет ықпалды шаралар белгілеп, әсіресе үлескер­лер мүддесін қорғауға қаржылық қолдау көрсету нәтижесінде еліміздің тұр­ғын үй құрылысы саласын тоқыраудан сақтап қалды. Осыған байланысты дағда­рысқа қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы сала­сына қандай қаржылық қолдау көрсетіл­гені және оның тиімділігі туралы қысқа­ша айтып өтсеңіз. – Иә, әлемдік қаржылық дағдарыс құры­лыс саласын, оның ішінде, тұрғын үй құры­лысын тұралатып кеткені шындық. Мемлекет ерекше назар бөліп, Үкімет қабылдаған шұғыл шаралардың арқасында еліміз экономикасының бұл саласы қаржы дағда­рысы қиындықтарынан қиналмай шық­ты. Бәріңізге белгілі, 2007 жылы елімізде күрт дамып келе жатқан құрылыс индус­триясы тығырыққа тіреліп қалды. Сондықтан мемлекет бұл маңызды саланы қаржы тығы­рығынан шығару мақсатында бұрын-соңды ешбір мемлекеттің тәжірибесінде болмаған кешенді шараларды қолға алды. Мәселен, 2007 жылдан бері үлескерлер­дің қатысуымен салынып жатқан тұрғын үй құрылысы кешендерін қаржыландыруға мемлекет тарапынан 400 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның ішінде 263,5 миллиард теңге республикалық бюджеттен және Үкімет қорынан берілсе, 170 миллиард теңге Ұлттық қордан бөлінді. Міне, осындай мемлекеттік көмектің нәтижесінде өткен мерзімде 54 мың үлескердің мүддесі ескерілген 397 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. 2011 жылдың 1 ақпанына дейінгі дерек бойынша елімізде 13 мың үлескердің қаты­суымен салынып жатқан 57 тұрғын үй кешені ғана қалды. Оның ішінде 6 мың үлескер­дің қатысуындағы 25 нысан Астана қаласы­на, 3 мыңнан астам үлескердің қатысуын­дағы 18 нысан Алматы қаласына тиесілі. Бүгінде бұл нысандардың барлығы қаржы­лық жағынан қамтамасыз етілген. Биылғы жылы бұл проблема толық шешімін таппақ. Аталған тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтау міндеті жергілікті атқарушы орган­дар­ға, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Са­мұрық-Қазына» Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Стрессті активтер қоры» АҚ сияқты ұйымдарға жүктелген. – Құрылыс саласындағы бақылаудың әлсіздігіне байланысты үлескерлердің қа­тысуымен тұрғын үй құрылысын сала­тын компаниялардың жүгенсіз кеткендігі рас. 2009 жылы республикамызда үлескер­лердің қатысуымен құрылыс нысандарын сала­тын компанияларға бақылау мен та­лапты күшейтетін заң қабылданды. Осы­ған бай­ланысты енді үлескерлердің қаты­суымен салынатын нысандарға иек ар­тып келген компаниялар тұрғын үй құры­лысының көлемін тым азайтып жібермей ме? – Дұрыс айтасыз, бүгінде жеке меншік инвесторлардың тұрғын үй құрылысы сала­сы­на қатысуы азайып кетті. Оған қаржы дағ­дарысына байланысты тұрғын үйге деген сұраныстың, банктердің белсенділігінің тө­мен­деуі, үлескерлердің қатысуымен салына­тын құрылыс нысандарының азаюы, 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құры­лысы бағдарламасының аяқталуы және басқа маңызды шаралар себеп болып отыр. Алайда, Үкімет тарапынан дер кезінде қабыл­данған дағдарысқа қарсы іс-қимыл шаралары тұрғын үй құрылысы көлемінің төмендеуіне жол берген жоқ. 2010 жылы бұл салада 2009 жылы қол жеткізген меже сақталынып қалды. Мәселен, өткен жылы елімізде 6,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір Үкімет тұрғын үй құрылысы рыногын жандандыру, бұл салаға банк инвести­цияларын көп тарту мақсатында жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қабылдады. Қолға алынған осындай кешенді шаралар­дың арқасында 2011 жылы қаржыландыру­дың барлық көздері бойынша елімізде пайда­лануға берілетін тұрғын үй көлемі 6 миллион шаршы метр көлемінде сақталып қалмақ. Оның ішінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй республикалық бюджеттің есебінен, 2,3 мил­лион шаршы метр үлескерлердің қа­тысуымен бітпей қалған нысандарды мемлекет тарапы­нан қолдау есебінен, 400 мың шар­шы метр коммерциялық тұрғын үй, 2,8 миллион шар­шы метр жеке меншік тұрғын үй құ­рылыс нысандары болмақ. – Қарапайым халық үшін баспана мә­селесі қа­шанда өзекті болып келеді. Мемлекет тарапынан тұр­ғын­дар үшін қолже­тім­ді пәтерлер салу­ды кө­бейту мақсатын­да қандай шаралар жүзеге асырылмақ? Қолжетімді пә­тер­лер салудың және оларды халыққа беру­дің қандай тиімді тетіктері ойласты­рылған? – «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде бұл мәселеге айрықша мән беріліп, Үкімет алдына нақты міндеттер қойылға­нын білесіз. Осыған байланысты бүгінде тиісті органдар еліміздің 2011-2014 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысының жаңа бағдар­лама­сын жасауда. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша тұрғын үй құрылысы саласына мемлекеттік қолдау көрсетудің үш негізгі бағыты анықталды. Біріншіден, тұрғын үй құрылысы қорлары жүйесінің қатысуымен жергілікті атқарушы органдар арзан бағамен несиелік пәтерлер берілетін тұрғын үй нысандарын салады. Бұл мақсатқа 2011-2013 жылдар аралығында мем­­лекет есебінен 40,8 миллиард теңге қар­жы бөлінбек. Оның ішінде қанатқақты жоба­ларды жүзеге асыру үшін 2011 жылы 20,8 миллиард теңге қаржы жұмсалмақ. Бұл жүйе­ні жүзеге асыру үшін Тұрғынүйқұрылыс­жинақ­банкі пәтер сатып алушы әрбір банк салымшысына арнайы пул ашады. Соған бай­ланысты жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үй нысандарын салуға тапсырыс береді. Ал жергілікті атқарушы органдар осы тапсырысқа байланысты тұрғын үй нысан­дарын салып, пайдалануға бергеннен кейін банк салымшыларымен тиісті пәтерлерді сату және сатып алу жөнінде келісім-шарт жа­сайды. Өз кезегінде Тұрғынүйқұрылыс­жи­нақ­банкі  банк салымшысы пәтерді қабыл­дап алғаннан кейін жергілікті атқарушы орган­дарға салынған нысанның қаржысын ауда­рады. Жергілікті атқарушы орган несиені республикалық бюджет есебінен жабады. Ал пәтер сатып алушы банк салымшысы алған пәтерін Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне ке­лі­сім-шарт бойынша алған қарызын жапқан­ша кепілдікке қояды. Бұл жүйенің қанатқақ­ты жобалары биылғы жылы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырыла бастайды. Екінші – екінші деңгейлі банктерді құ­рылыс нысандарын салу үшін қаржылық қорландыру жүйесі. Бұл жүйе бұрын тәжі­рибеден өткен тұрғын үй құрылысы рыногын қаржыландырудың әртүрлі іс-қимылдары бойынша жүзеге асырылды. Бұл жерде негізінен құрылысты қаржыландыру мәселесін айтып отырмын. Атап айтқанда, 2011 жылы екінші деңгейлі банктер құрылыс жобалары­ның 50 пайызын қаржыландыру үшін оларды қорландыруға мемлекет тарапынан 57 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Ал құры­лыс нысандарының қалған 50 пайыз құнын банктердің өздері қаржыландыратын болады. Бұл ретте несие алатын құрылыс салушы­лардың банкке төлейтін өсім ставкасы жы­лына 12 пайыздан аспауға тиіс. Банкке салы­на­тын қаржы екінші деңгейлі банктер мен Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясының арасында жасалған келісімдер негізінде жү­зеге асырылады. Осы қаржы есебінен салы­на­тын тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер негізінен жайлылығы үшінші дәрежедегі жалпы тұрғындарға қолжетімді пәтерлер болмақ. Үшіншіден, мемлекет тарапынан көрсеті­летін көмектің бастысы, инженерлік-комму­ника­ция­лық желілер құрылысын салу болып табылады. Инженерлік жүйелер негізінен тұр­ғын үй кешендері салынатын, оның ішінде жеке меншік тұр­ғын үйлер салынатын аймақтарда жүргі­зілетін болады. 2011-2012 жылдарда осы мақсат үшін мемлекет тара­пынан 40 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Оның ішінде 10 миллиард теңге қаржы би­ыл­дың өзінде іске жаратылмақ. Осы шаралар жыл сайын 1,2 миллион шаршы метр жеке меншік тұрғын үй салуға және мемлекеттік және коммерциялық тұрғын үй кешендерін дер кезінде пайдалануға беруге мүмкіндік бер­мек. Сөйтіп 2011-2012 жылдар аралы­ғын­да бюджет қаржысы есебінен бұл мақсат­тарға бөлінетін қаржы 150 миллиард теңге көлемінде болмақ. Жалпы алғанда, жоғарыда ай­тылған шаралар іс жүзіне асатын болса, жыл сайын елімізде 6 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру қамтамасыз етілмек. – Екінші деңгейлі банктерді қорлан­дыру арқылы салынатын тұрғын үй құ­ры­­лысы және оны қаржыландырудың жа­ңа жүйелері туралы айтып өтсеңіз. – Тағы да қайталап айтамын, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау құрылыс ны­сандарын қосымша қаржыландыру арқы­лы ғана жүргізіледі. Тұрғын үй құрылысын одан әрі қаржыландыру, пәтер сатып алушы­лардың пул жүйесін қалыптастыру тетіктерін банктер өз бетінше жүзеге асырады. Оның жолдары көп. Мәселен, банк салымшы­лардың пул жүйесін қалыптастыруда сатып алуды кейінге қалдыру жүйесі негізінде депозиттік-толықтыру бойынша, ипотеканы сату жүйесі негізінде депозиттік-то­лықтыру бойынша немесе Тұрғынүйқ­ұры­лыс­жи­нақ­банкі жүйесі бойынша жүзеге асыруы мүм­кін. Пәтерлер тікелей сатылуы да мүмкін. Бұл жүйе­лердің бәрін салымшы және банк өзара келісім арқылы жүзеге асыратын болады. – Бұдан басқа пәтерлерді жалға алу тетіктері қалай жүзеге асырылады? – Пәтерлерді жалға алу жүйесі елімізде заңдық негізде 2009 жылдан бері жүзеге асы­рылып келеді. Осыған орай «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ құрамында «Самұрық-Қазына» Жыл­жымайтын мүлік қоры» АҚ құрылған. Бұл Жылжымайтын мүлік қоры­ның басты міндеті Қазақстан тұрғындарын қолже­тімді пәтер­лер­мен қамтамасыз ету болып табы­лады. Осыған байланысты қор мемлекет тара­пынан қаржы­лан­дырылды. Қор­­дың ең басты міндеттерінің бірі, құ­рылысы аяқталмаған тұрғын үй кешен­де­рінің жұмы­сын аяқтап, пайдалануға беру. Алайда, Жыл­жымайтын мү­лік қорының бағ­дарламасы негізінен өтем төлеуге қабілеті бар тұрғын­дарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Қор бағдарламасы бойынша, пәтерлер негізінен үш тетік бойынша жүзеге асырылады: біріншіден, классикалық жалға алу үлгісі, екінші, жалға алу құнын біртіндеп төлей отырып болашақта пәтерді жеке меншікке алу, үшіншіден, жалға берілген пәтерді бірден сатып алу. Осы айтылған үш тәсілдің ішіндегі қазақстандықтар үшін ең жаңа түрі жалға берілген пәтерді жалға алған құнын ай сайын төлеп отыру арқылы болашақта жеке меншікке айналдыру болып табылады. Яғни, жалға алушы ай сайын пәтердің жалға алған сомасын төлей отырып жалға алған мерзімі (келісім-шарт жасалған кезеңнен бастап 13 жыл) біткеннен кейін пәтерді өзінің жеке меншігіне алады. Жалға берілген пәтерді меншікке алу тетігі негізінен жергілікті әкімдіктер арқылы жүзеге асырылады. Мұндай пәтерлерді жалға алуға басымдық балалары бар жас отбасы­ларына, мемлекеттік қызметкерлерге, мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіп­орындардың қызметкерлеріне беріледі. Пә­тер­лері жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй кешендерін салуға рес­публикалық бюджеттен жергілікті атқару орган­дарына 2011-2013 жыл­дар ара­лығына 30 миллиард теңге бөлініп отыр. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.