Астанадағы Ұлттық музейде белгілі ғалым, жазушы Қойшығара Салғараұлының «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» кітабының тұсаукесері өтті.
Тамыры түпсізге тартқан түркілердің тарихы таразыланған туындының тұсаукесерінде Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: «Ғылым– беделге емес, дәлелге тоқтауы тиіс, ал еңбектегі сілтемелерге қарап, жазушының қаншама деректерді сөйлеткенін көруге болады. Осы ретте Қойшекеңнің ғылымдағы мәдениетіне тоқтала кетсем деймін. Көп адамдар ақпаратты, деректерді алған соң, дереккөзді көрсетпей, өз аттарынан беретіндері бар. Сілтеме жасау, кіммен әңгімелескенін келтіре отырып, мағлұматты қай мұрағаттың қай жерінен алғанын көрсету үлкен мәдениеттің белгісі», дей келе, тарихты тірілткен жазушы еңбектерінің өзге тілдерге аударылуының ауадай қажеттігіне тоқталды.
Қойшығара Салғараұлы: «О баста академиялық тарихты, кез келген кәсіби тарихшылардың еңбектерін оқыған соң, біз кімбіз, қайдан келдік, қалай келдік, тегіміз кім деген сауалдарға жауап табамын ба деп, төл тарихты тануға ден қойған едім. Жаңаша ізденуге тура келді, соның арқасында он шақты кітап жаздым. Осы арада жаңаша ойлауыма жол ашқан еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға жіберуінің үлкен маңызы болды. Мен не жазсам да ол ресми тарихтың баламасы тәрізді. Ресми тарих түрік халықтарын VI ғасырда пайда болды десе, мен ол бабаларымызды адамзат баласы жаратылғаннан бар халық деп дәлелдер келтіремін. Адамзат өркениетін жасаған отырықшылар, ал көшпелілер оны қиратушы, жабайы тағылар болды дейді, ал мен бүгінге дейінгі адамзат баласына тән ежелгі өркениеттің бәрінің ошағына от тұтатқан көшпелілер өркениеті деймін. Біз осы күнге дейін өздерінен өзгені екінші сортқа балаған еуроцентристік таным-түсінікпен жазылған тарихпен келе жатырмыз. Бұл – бүкіл көшпелілерге, оның ішінде түркі халықтарына қырбай жазылған үлкен қиянат болатын. Ондай ғалымдардың дерек жоқ дегендеріне де нандық, ал шындап келгенде, бүкіл иероглифтердің де, символдық жазулардың да, сызықты «А», «Б» жазуларының да негізін қалаған түркілер деген тарихи шындыққа негізделген деректер өте көп», деген жазушы біздің ғалымдар тарапынан еленбей кететін еңбектер барлығына қынжылысын жеткізді.
Мәселен, өмірден ерте озған тараздық зерттеуші Амантай Айзахметовтің ежелгі грек мифологияларының этимологиясын анықтаудағы әдісі қазақ ғалымдарының назарына ілінбеді, ал содан 10 жыл өткенде ресейлік зерттеуші ғалым Ю.Дроздов «Тюркская этнонимия древнеевропейских народов» атты көлемді еңбегінде Айзахметов әдісін қайталайды. Ал әлемдік ғылымға бұл Дроздов әдісі деп енгенін жеткізген автор әрі қарайғы ойын былайша сабақтады:
– Осы кітапта бұған дейін ешкім айтпаған, тарихшылар қозғамаған жайларды жаздым. Африканың да, Американың да, Еуропа мен Азияның да, Тибеттің де, тіпті, 12 мың жыл бұрын Атлант мұхитының түбіне кеткен атланттар мен 64 млн халқымен Тынық мұхиты жұтқан «Му» континентінің де алғашқы тұрғындары түркілер болған деп есептеймін. Және оны тарихи негізде, символдық жазулар, ғибадатханаларда сақталған деректер негізінде тұжырымдадым.
«Қаза берсе дерек бар, бірақ оны көре білетін көз, тани білетін таным, адалын айта білер азаматтық пен тарихшының ғылымға адалдығы, кісілік азаматтығы керек», деген пайымымен бөліскен жазушыдан соң сөз Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамедқалиұлына берілді. «Қойшекең түркілердің ең бірінші мекені Алтай емес, Алтын тау екендігін айтып «Сүй», «Жыу» кітабында да жазылған Алтын тау Боғда тауы дейді. Оған дәйекті деректері бар. Түріктер Алтай тауына қағанат құрғаннан кейін ғана келген, дейді. Осы жерде үлкен тарихшылар осының қайсы дұрыс, қайсысының негізі терең екендігін анықтауы қажет емес пе. Тарихқа қиянат жасалмасын, болмаса оны теріске шығарсын. Дәлелдесін, бірақ бұл жерде сол ертедегі жазбаларды дұрыстап оқып, саралайтын мамандар жағы да тапшы ма деп те ойлаймын», деген пікірін жеткізді. Ал жазушы Төлен Әбдік: «Ұлттық сана тарихи санадан басталады. Тарихи сана қалыптасу үшін адам өзінің тарихын, арғы тегін білуі керек. Қойшекең осы жұмысты ертерек бастады. Жазушылардың тарихи тақырыптарға қалам тартуының халыққа пайдасы мол, ол тарихты оқылымды етуде. Тарихшылардың стилінен гөрі тілдері орамды, ой көркемдігі қосылған еңбекті оқудың пайдасына қоса, жазушыларда батыл ойлар, тың идеялар, тұжырымдар көп болады. Сонысымен ғылымға соны із тастайды, жалпы, қай салаға да батыл ойлар ауадай қажет. Қойшекең бәрін деректермен дәлелдей келе, сөз төркінінің тереңіне тартып, лингвистикалық талдаулар жасайды», деді.
Тұсаукесерде ғалымдар Намазалы Омашев, Қаржаубай Сартқожаұлы тарихи тақырыптарда көлемді дүниелер жазып жүрген жазушылардың шынында да көркем тіліне қоса батыл-батыл болжамдар жасаудағы ой еркіндіктерін қисынды жерінде тарихшы ғалымдардың мойындайтын тұстары молдығына тоқталса, өзі де тарихтың тереңінен маржан сүзуді мақсат еткен Жарылқап Бейсенбайұлы мен оқырмандар атынан Тойшыбек Иіпұлы, Кенжеболат Жолдыбай пікір қосып, жұртымыздың тарихын өзгелерге таныта түсу үшін Қойшығара Салғараұлы еңбектерін ағылшын тіліне аудару қолға алынса деген тілектерін білдірді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»