22 Қазан, 2016

Халық мұғалімі

1553 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
kumash-01Біздің бет алған бағытымыз –күллі жұртқа мәшһүр болған ұлағатты ұстаз, КСРО халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің отыз жылдан артық (1957-1988 жылдар) ғұмырын ар­на­ған Боран ауылында орын тепкен, шалғайдағы шекара шебінде ежелден «Нұрғалиев мектебі» атанған белгілі білім ордасы. ...Мектептің ақ түске сырланған қақпасынан Талант Құмашұлы қарсы алып, ішке бастады. Аулаларда жинақылық қана емес, балалардың көңіліндей риясыз тазалық пен әсемдік еседі. Әсіресе, оқушының жұмсақ алақанымен мәпелеп өсірген гүлдердің қауыз жарған ғажап көркі мен хош иісі, жөндеуден өтіп, жарқыраған ғимарат жуырдағы бір салтанатты күткендей. Бұл кезде мектеп ұжымы білім ордасының, ауылдың, Марқа елінің ғана емес, Шығыс өңірінің, қала берді қазақ ұлтының абыройын асырған ұстаздың 90 жылдық мерейтойына әзірленіп жатыр екен. Мектеп директоры Талант Құмашұлы әке мұражайымен таныстырды. Озат жылқышы Нұрғали мен Күлдәрінің шаңырағында дүниеге келген бала інілерімен, көршілерімен ойнап жүргенде ылғи «мектеп», «класс», «мұғалім», «оқушы» деген сөздер аузынан түспейді екен. Өзі үнемі мұғалім болып ойнайтын баланың оқуға деген ынтасы да зор болды. Алайда, кенеттен келген әке қазасы үкілеген арманымен қоштаса тұруға мәжбүр еткен-ді. Бар-жоғы сегіз сыныптық білімі бар бала анасына қолғанат болып, соңындағы үш бауырын өсіру үшін ауылдық кеңесте қызмет атқарды. Көп кешікпей тұр­ғыластары хат танитын оны кеңшар комсомолының хатшысы етіп сайлайды. Қос қызметпен қатар, өз бетімен тоғызыншы сыныптың оқулықтарын оқып жүрген жасөспі­рім шабындықта шөп шауып жүріп, сұм соғыстың басталғанын естиді. Соғысқа сұранды. Жасы толмаған баланы әскери комиссариат жібере қоймайды. Тек, 1943 жылдың көкте­мінде ғана бозбала еңбек майданынан көптен күткен қан майданға аттанып, кіші командирлер даярлау курсынан өтеді. Соғысқа кірген бар-жоғы 18 жас­тағы жауынгер әйгілі Алек­сандр Матросов полкінің құрамын толықтырған еді. Ауце қаласын азат ету кезінде ауыр жарақат алады. Өлім мен өмір ортасындағы Құмаш өзіне өте ауыр ота жасалғанын, екі аяғы мен бір қолынан айырылғанын білген жоқ. Шала-жансар жатқан жауынгерге фашистер дзотын жоюда көрсеткен батырлығы үшін берілген Жауынгерлік Қызыл Ту орденін дивизия командирінің орынбасары дала госпиталіне өзі келіп тапсырды. Алайда, жаралы жолбарыстың жағдайы жақсар­мады. Біраз күннен соң ұшақ­пен Мәскеуге жеткізіліп, әскери госпитальдың аса ауыр жарақат­тан­ғандар палатасына орналастырылды. Міне, білгір, тәжірибелі дәрі­гер­лердің арқасында 19 күрделі ота жа­салған жаны сірі жігіттің аурухана төсегіне таңылған азапты күн­дері осылайша жалғасады. Ерік-жігері мен мойымас табанды­лығы арқасында бір жылдан кейін төсектен тұрып, жасанды аяқ­тарына нық тұра бастайды. Төсек­ке тағылған уақытын бекер өткізбе­гені, онжылдық білім аттестаты мен бүкілодақтық бухгалтерлер кур­сын сырттай бітіргендігі туралы куәлігін алғаны көңіліне демеу. Алып-ұшып Алматыға жетіп, әрі қарай Алтай асқан азамат ауылына он екі мүшесі түгел болмаса да, аман оралғанына шүкірлік етеді. Ғазиз анасы құшағына қысып, көзі­не жас алады. Қоғамға пайдалы еңбек ету туралы ойын Құмаш ауруханада сабақ беріп жүрген ұстазы Александра Толстиковаға сыр етіп айтқан-ды. Бала кезгі арманы мұғалім бола алатынына сұңғыла оқытушысын сендірген. Осы ойға берік табан тіреген ол Сармөңкеге келе салып, мұғалімдік қызметке орналас­ты. Ежелгі арманы орындалған майдангер ұстаз бар ынтасымен балалардың жүрегіне жол табуға кірісті. Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған оған бастапқыда сабақ өткізу жоспарына Зайсандағы педагогтық училищені бітірген жары Қанипа көмектесіп жүрді. Құмашпен бір ауылда, бір күнде дүниеге келген Қанипа соғыстан оралған солдатқа адал жар болды, алтын басын қа­дір­лей білді. Күн өткен сайын бі­лім-білігі толысып, шыңдала түс­кен Құмаш өзін нағыз мұғалім ре­тін­де сезіне бастады. Осы кезде Мәс­кеудегі госпитальда арманына қанат байлап, дем берген ұстазы Александра Толстиковаға «Мен – мұға­ліммін!» деп зор сүйініші мен рах­метін білдіріп хат жазуы еңбектің ерен ба­ғасын білген жанның тұңғыш жеңісі еді. Құмекең жөнінде ең алғаш жазғандардың бірі – «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі, көрнекті қаламгер Жекен Жұмақанов екен. Ол 1948 жылы жарық көрген «Өлімнен махаббат күшті» атты очеркінде осы бір қайсар жанды республика жұртшылығына алғаш таныстырған. Кейін «Социалистік Қазақстанның» Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған Мұқан Әбуғалиев «Өлімді жеңген өмір» атты кітап жазды. Мұқан майданнан оралған жас Құмашпен таныстығының облыстық газетте тілші болып жүргенінде басталғанын айтады. Бұл шығарманы Мұзкен Шегендіковтің «Құмаштың мектебі» атты еңбегі толықтыра түсті. Құмаш соғыстан соңғы жылдарда білімін жетілдіріп, зайыбы Қанипамен бірге Абай атындағы педагогикалық институтын тәмамдады. Кеңес Одағының Батыры, институт ректоры Мәлік Ғабдуллиннің өзі майдангер-студентті қанатының астына алып, «Ағаш аяқты бауырым-ай» деп қамқорлық көрсетіп, мектептің жоғары сыныптарын Сармөңкеде аяқтай алмауына байланысты емтиханға кіргізбей, қызыл диплом алуына тосқауыл қойып, қысастық көрсеткісі келген әлдекімдерге қырандай шүйіліп, тастүлек балапанын қорғай білгені сабақ аларлық іс. Алғашқыда аудан орталығын­дағы мектепте еңбек етіп, есімі елдің аузына ерте ілінген жігерлі жігіт сол кезде жаңадан бой көтерген Боран ауылының мектебін басқаруға жіберіледі. Міне, осы талапқа сай емес білім шаңырағына бар күш-жігерін жұмсап, республикадағы алдыңғы қатарлы білім мекемесіне айналдырады. 1972 жылы бұрынғы жұпыны, жұтаң ғимараттың ор­нына салынған сәулетті мектеп­тің кіре берісіне «Боран мектебі оқу­шы­ларының Мәскеу мектептерінің оқушыларынан несі кем!» деген жазу жазғызып қоюының өзі сол заманның көзқарасымен қара­ғанда, оқушылардың ғана емес, ересектердің санасына төңкеріс жасаған батыл қадам еді. Бастырмалатып сабақ түсіндіруді емес, бала жүрегіне жол табуды көздейтін әдістемелік кешен жасақтаған ол: «Бала – халықтың ататын таңы, шығатын күні», деп бала тәрбиесінің жаңа моделін қалып­тастырды. Жетпісінші, сексе­нінші жылдардың өзінде көсем атын иеленген білім мекемесінің «Нұрғалиев мектебі» атануы бекер емес. Сол кезде-ақ халық сүйіс­пен­шілігіне бөленген мектептің жанындағы оқу-өндірістік кешенде жоғары сынып оқушылары жүргізуші, тракторшы, электрик сынды кәсіптік мамандықтарды алып шығатын. Қырықтан астам кабинеттің барлығы сол уақытқа сай озық техникалық құралдармен жабдықталып, республикадағы тұңғыш техникалық орталық пен телестудиямен жасақталады. Техникалық орталықта фильмотека, диатека, фонетика, 3 500-ден астам диафильмі бар дыбыс жазу студия­сы, мыңнан астам күйтабақтар болған. Ленинградтағы оптика-механикалық бірлестікке тапсырыс беріп жасалған телевизиялық жүйе арқылы сабақ барысы бақыланып отырған. Облыс орталығынан 400 шақырым шалғайда жатса да бұл мектепті көргісі, үлгілі әдістемелік қызметімен танысқысы келген ұстаздар мен мектеп директорлары әлі күнге дейін үзілмейді. Бүгінге дейін ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, ғылыми жинақтарда Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық мұрасы жиі талқыланып, жаңа буынның бағдаршамындай ұлттық білім саласында кәдеге асып келеді. Құмаштың әулетінен 30-ға жуық ұстаз шыққан екен. Тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы елең-алаң жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Нұрғалиев әулетінен шыққан 21 ұстазды қабылдағаны есімізде. Бүгінде Талант Құмашұлы әке жолын лайықты жалғас­ты­рып келеді. Даңқты мектеп әлі өз биігінде. ЮНЕСКО-ның қашық­тықтан оқытуға тәжірибе ретін­де осы мектепті таңдап алуы кез­дейсоқтық емес. Республикалық дең­гейдегі «Озық ауыл мектебі», «Үздік олимпиада мектебі» және көптеген облыстық атақ-дәреже­лер­ден-ақ мектеп ұжымының осал еместігін, атақты педагог атына кір келтірмегенін көруге болады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы