Газетіміздің өткен нөмірінде «Еуро-5»: Қазақстанда бола ма, жоқ па» деген көкейкесті мәселе төңірегінде әңгіме қозғалған еді. Бүгін сол тақырыпты жалғастырып, көрші елдің тәжірибесін ортаға саламыз.
Бүгінгі таңда Қазақстан Кеден одағына еніп отыр, Біртұтас экономикалық кеңістік туралы келісімдердің жүзеге асуына да көп қалған жоқ. Осы бірлестіктер шеңберінде мұнай өнімдері рыногы біртұтас рыногқа айналады, стандарттар мен сапа да бірдей жоғары деңгейге көтеріледі. Біздің ресейлік көршілеріміз белсенді модернизация жүргізіп «Еуро-5» стандартты мұнай өнімдерін шығарып жатқандығы кездейсоқтық емес. «БҒЗЖЖИмұнай» бас директоры, профессор, Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті мұнай өңдеу кафедрасының меңгерушісі Владимир Капустин қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының да жоғары сапалы жанармай мен май өндіруге толық мүмкіндігі бар екендігіне сенімді.
– Владимир Михайлович, кезінде сіз біздің қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жобалауға қатысқансыз. Ресей үкіметінің бақылауымен саланы жаңарта кемелдендіріп отырған Ресейдің беделді жобалау ұйымдары бірінің басшысы ретінде, алдымен мұнай өңдеудің жалпы үрдістері туралы бір-екі ауыз сөз айта кетсеңіз?
– Иә, біздің ұжым 80 жылдан астам қызмет істеп келеді. Түрлі кезеңдерде Кеңес Одағының мұнай өңдеу және мұнай химиясы зауыттарын дәл осы институт жобалаған болатын. Нақтырақ айтсақ, біз Шымкенттегі МӨЗ-дің басты жобалаушылары болдық, Павлодар МӨЗ-ін, Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы МӨЗ-ді жобалауға қатыстық. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Сала негізін құрап отырған технологиялық база ескірген. Қазір 20-30 жыл бұрынғыдан жанармай мен жағармай материалдарына мүлдем жаңа талаптар қойылады. Ал саланың стратегиялық міндеті – соларға сай болу. Бүгінгі таңдағы Ресей мұнай өңдеуіндегі негізгі үрдіс – жаңарта кемелдендіру, яғни жаңғырту «БҒЗЖЖИмұнай» Ресейдегі мұнай өңдеудің және мұнай химиясының бірқатар нысандарының жобалауы мен құрылысына белсене қатысуда. Соңғы бірнеше жылда біз Пермь, Рязань, Кириш мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртумен айналыстық. Ресейдің Нижнекамскіде орналасқан бүгінгі таңдағы ең жаңа әрі ең ірі ТАНЕКО зауытының (бұл Ресейде Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі жаңа буынның бірінші ауқымды зауыты) салынуы мен жабдықталуына белсене қатысып келеміз. Сондай-ақ, біз Мәскеу МӨЗ-інің жүйелік қайта құруында бас жобалаушылар болып отырмыз, Тобылдағы мұнай-химиялық кешенінде ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз. Институт активінде мұнай химиясының бірқатар нысандары бар және де бұл жұмыс кеңи бермек.
– Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Ресейде мұнайдың шартты тоннасынан дизелдік жанармай өндіруді едәуір көтеруге мүмкіндік беретін гидрокрекингтің жаңа технологиясы бар 12 ірі МӨЗ салынып немесе іске қосылып жатыр. Бұл зауыттардың ішінде сіз айтқан ТАНЕКО МӨЗ-і де бар. Басқаша айтқанда, Ресей көлікті «дизелдеудің», дизель жанармайын тұтынудың жылдам өсуінің әлемдік үрдісінің ағымымен келе жатыр ма?
– Қазір әлемде «күрделі» ауыр мұнайдың да, оның одан өндірілетін өнімнің де, атап айтқанда, мазут пен гудронды қайта өңдеудің де түрлі әдістері белсенді қолданылады. Бұл қайта өңделуі ең қиын мұнай қалдықтары. Алайда мәселенің шешімі бар. Салада мұнай және оның қалдықтарын ірі өнеркәсіптік көлемде өңдеудің екі негізгі нұсқасы бар: не артықшылықты «бензинді» нұсқа, не артықшылықты «дизелді» нұсқа. Бұл жағдайда шығарылым алдында өнімнің экологиялық нормаларға қатаң сәйкес келуіне бақылау қою керек. Сондықтан, Ресейде МӨЗ өнімдерінің экологиялық параметрлерінің қатаң техникалық регламенті қабылданып, жүзеге асырылуда. Регламентке сәйкес РФ-ның барлық кәсіпорындары жанармай бойынша «Еуро-3» талаптарына көшкен. Осыған орай әр МӨЗ-дің, әр мұнай компаниясының өзінің перспективалық даму жоспары бар.
Гидрокрекингті таңдауға себеп көп. Оның ішінде таза рыноктық факторлар да бар. Егер сіздің МӨЗ бар болып, сіз жоғары сапалы жанармай алудың әдісін таңдасаңыз, онда дизель жанармайының тұтынылуының рыногта басым түсетіндігін ескермеуге болмайды. Осыдан келіп, біз ресейлік зауыттарға кез келген мұнайдан, мұнайды қайта өңдеу қалдықтарынан, вакуумды газойльден, мазуттан, битумнан және басқа да аса жоғары сапалы дизель жанармайын алуға мүмкіндік беретін гидрокрекинг технологиясын ұсынамыз. Мұндай таңдаудың себептері айқын. Біріншіден, біз бензинді автомобильдер рыногындағы кері кету өте айқын Еуропа рыногын бағдарға алып отырмыз. Бензинді пайдалану күрт төмендеп, керісінше, дизель жанармайын қолдану өсіп келеді. Осы тұрғыдан қарағанда, әрине, дизель жанармайының болашағы зор, оны алғашқы қайта өңдеу қалдықтарынан тек гидрокрекингте алуға болады. Сондықтан гидрокрекинг процесі көбірек қаражат талап еткенімен рынок тұрғысынан болашағы бар. Ресей зауыттарының оған үлкен көңіл бөлуі өте орынды.
– Гидрокрекингты қолдану тек Еуропада ғана кең етек жайып келе жатқан жоқ. Global Data халықаралық рейтингтік агенттігінің соңғы он жылдағы мәліметтері бойынша, Қытайдың өзінде осы технологияны бойынша қайта өңдеу көлемі төрт есе артқан. Гидрокрекинг өнімі АҚШ-та да бірнеше есе өскен. Оның әлемдік трендке айналғандығы ма?
– Иә, тағы қайталап айтайын, оны өнімнің әмбебаптығымен түсіндіруге болады: бұл технологияда дизель жанармайын вакуумды газоильден де, кез келген мұнай қалдықтарынан да өндіруге болады. Вакуумды газоиль артықшылықты болып табылады, өйткені ол мазут фракциясының жоғарғы бөлігі, онда металдар, шайырлар, асфальтендер аз. Көптеген елдерде вакуумды газоиль гидрокрекингі пайдасына таңдау жасалады. Қытайдан да «дизелдеуді» көріп отырмыз, бұл жерде де, жалпы осы аумақтағыдай, дизель отынына деген қажеттілік өсіп келеді. Жақында біз Оңтүстік Кореяның мұнай қалдықтары гидрокрекингі кешені бар бүгінгі таңда әлемдегі ең ірі зауыт салынған Иошу қаласындағы кәсіпорнында болдық. Демек, сіздің айтқаныңыз дұрыс, бұл технологияны енгізу – ғаламдық тренд.
– Ал гидрокрекингтің қайта өңдеу ендеуін тереңдететін басқа технологиялардан несі артық?
– Негізінен гидрокрекинг қалдықтарына сұраныс көп, жоғары сапалы сұйық мұнай өнімдерін алады (мысалы, дизелді жанармай, базалық майлар). Кез келген басқа технологияда біз басқа технологиялар көмегімен керекті параметрлерге дейін жеткізуді қажет ететін «жартылай өнім» аламыз, оған қосымша олар көп мөлшерде кокс шығады. Ауыр мұнайдан басқа технологияларды қолданғанда 30 пайызға жуық кокс шығады. Гидрокрекинг алғашқы шығындар жағынан қаражатты көбірек талап ететін процесс болғанымен, өзін өзі ақтауы мен түпкі пайдасы бойынша анағұрлым ұтымды. Ең бастысы, ол жоғары сапалы жанармай алуды бірден қамтамасыз етеді.
Ресейде қазір сондай-ақ жоғары класты майлар өндіру қажеттілігі бар, оларға деген сұраныс артып келеді. Дәл осы гидрокрекинг мұнайдың кез келген ауыр қалдығынан ІІ – ІІІ топтардың жоғары сапалы майларын алуға мүмкіндік береді. Май өндірісінің болашағы осы өнімдерде. І топ (сапасы төмен, минералды майлар) қазірше тұтынушыға кеңінен танымал болғанымен, қазіргі кезде шығарылатын машиналар ІІ – ІІІ топты майларды пайдаланатын машиналар. Осыған сәйкес, егер біз жоғары стандартты жанармайға көшуді белгілеген болсақ, двигателдерде қолданылатын майлар да сапасы жағынан осы стандарттарға сай келу керек.
– ІІ – ІІІ топ майларының негізгі деген айырмашылығы неде?
– Бұл майлар І топ майларынан сапасы жағынан мүлде басқа екендігін түсіну керек. Майлардың І тобы – мұнайды қайта өңдеудің қарапайым алғашқы сатыларынан: селективті тазарту, депарафинизация, десеритизациядан кейін алынатын майлар.
Бұл процестер май құрамындағы зиянды қоспаларды ажыратып алмайды. ІІ және ІІІ топ өнімдері – анықталған, қатаң белгіленген қасиеттер жиынтығы бар синтетикалық майлар. Гидрокрекингтың арқасында өндіруші двигателдің қызмет ету мерзімін едәуір ұзартатын мүлдем жаңа бірегей қасиеттері бар майлар өндіре алады. Дәл осы тұрғыдан қарағанда қазіргі рыногтағы оларға деген сұраныс жоғары. Оның үстіне, майдың сапасы неғұрлым жоғары болса, оның авомобильдегі қолданылу мерзімі соғұрлым ұзағырақ болмақ. Бұл жерде қазіргі заманғы энергия үнемдейтін лампалармен ұқсастық келтірген орынды болар еді: олар қымбат, бірақ ондаған жылдар қызмет еткенде олар өзін толық ақтап шығады. Сондықтан мұнай өңдеу саласында ІІ және ІІІ топ базалық майларының өндірісін құру – болашағы зор шешім. Әрине, І топ майларының рыногтан бір күнде кете қалуын күтудің қажеті жоқ. Алайда, жаңа машиналар ескі машиналардың орнын басқан сайын (біздің ресейлік тәжірибеге қарағанда, мемлекет бұл процеске себепші бола алады) жоғары сапалы майларға деген сұраныс сәйкесінше өсіп отырады. 7–10 жылдан кейін оған барлық өндіріс пен көлік көшеді деп сенімді айтуға болады. Бүкіл әлемде жоғары класты жағармай материалдарына көшу біртіндеп жүзеге асып келеді, кей (АҚШ, Еуроодақ сияқты) жерлерде синтетикалық өнімдер рыноктың 50 және одан да көп пайызын алады. Біздің алдымызда ғаламдық тренд тұр. Сондықтан да қазір барлық МӨЗ-ді салу және жаңғыртудың ресейлік жобаларында ІІ – ІІІ топтан төмен емес майларды алу белгіленген. Ол Татарстандағы Нижнекамск зауыты, Саратов облысының Новокуйбышевтағы зауыты, Ангарскдегі жаңа қуатты зауыт. Мұнай өндіру рыноктың болашақ талаптарына дайын болу керек.
– «Шеврон» компаниясының өкілі тұсаукесерлердің бірінде, екі сатылы гидрокрекинг тек дизелді жанармай ғана емес, бензин де алуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Басқаша айтқанда, технология бірегей болып табылады.
– Гидрокрекинг, мен атап өткендей, өте икемді процесс болуымен ыңғайлы екендігі күмәнсіз. Керек болса, мұнайдан үлкен көлемде бензин алуға болады, керек болса, керосин, дизель майлар алуға болады. Гидрокрекинг технологиясы қазіргі мұнай өңдеуде болашағы бар процесс саналады. Әрине, кез келген технологиядағыдай бұл жерде де жұмыс барысында қиындықтар болады. Мәселен, гидрокрекингтік бензин шыға салысымен октан санының (95 және одан да көп) жоғары параметрлерін қамтамасыз етпейді, дегенмен технологиялық мәселені шешуге әбден болады. Сонымен қатар гидрокрекинг әдісінің басты артықшылығы – жанармай тазалығының параметрлерін «Еуро-5» және одан жоғары деңгейде қамтамасыз ететіндігі. Дәстүрлі каталитикалық крекингте мұндай сапаға қол жеткізу мүмкін емес, сондықтан ол жерде бензин құрамындағы күкіртті, шектелмеген көмірсутегін және басқа да зиянды қоспаларды төмендету үшін сумен тазалаудың арнайы процестерін қосуға тура келеді. Сумен тазалау кезінде октан саны да түседі, демек, тағы да сондай мәселе туындайды. Алайда, бұл жерде каталитикалық крекинг жанармайын сумен тазалау – бөлек, қосымша әрі біршама қымбат процесс екендігі қаперде болу керек. Басқаша айтқанда, қайта өңдеу процесін толығымен қымбаттататын қаржы салу.
Оның үстіне каталитикалық крекингтен кейін «Еуро-5» нормалары деңгейіндегі бензин алу үшін оның қосымша тереңдетілген қайта өңдеуімен айналысу керек. Алынатын өнім о бастан таза болып шығатындықтан, гидрокрекинг ондай шығындарды талап етпейді.
Сонымен қатар, «Еуро-5»-тің, атап айтқанда, құрамындағы күкірт мөлшеріне қатысты (50 ppm «Еуро-4»-пен салыстырғанда 10 ppm) қатаң талаптары тек мотор жанармайына, дизелге, авиакеросинге ғана емес, қайта өңдеу кезінде алынатын қалдық мазутқа, пеш жанармайына да қатысты екендігін ескеру керек. Соған сәйкес, біз «Еуро-5»-ті жақын арадағы 4-5 жылға бағдар ретінде қабылдағаннан кейін зауыттарды жаңғыртуда осылардың барлығын ескеруіміз қажет. Автомобилдің де, кеменің де, қазандықтың да жанармайы жанып, күкірт оксиді бөлінеді. Мұнай өңдеуде бұлар тікелей тәуелді: шикізат құрамындағы күкірт мөлшері неғұрлым жоғары болса, оның қалдықтар құрамындағы мөлшері де жоғары болады. Гидрокрекинг технологиясы «Еуро-5» деңгейінде барлық мұнай өнімдерінің тазалығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондықтан оны таңдаудың орындылығы айдан анық. Ресей зауыттары осы технологиямен жабдықталған, осындай өнімдерді шығарады және тіпті оларды Еуропаға да экспорттайды.
– Қазақстанда саланың кей мамандары, бір нәрсе ойдағыдай шықпағанда, себепті қазақстандық мұнай сапасынан көреді. Бірақ Татарстанның кен орнындағы шығарылатын мұнайдың параметрлері Қазақстандағыдан төмен болмаса, жоғары емес. Ал ТАНЕКО осы мұнайды пайдалана отырып, сіз айтып өткен ең жоғарғы ІІІ топтағы базалық майларды, «Еуро-5» стандартының мұнай өнімдерін өндіретін кешенді іске қосып келеді...
– Мұнай сапасы төмен болса немесе ауыр болса, оны қалай іске асырудың ешқандай құпиясы жоқ. Технологиялар кеңінен мәлім, мәселен қазіргі заманғы екі сатылы гидрокрекинг технологиясы кез келген тіпті күкірті өте көп, ауыр мұнайдан «Еуро-5» сапалы барлық өнімдерді алуға мүмкіндік береді. Негізі, мәселе мұнай сапасында емес, сіздің өндірісті жаңғыртуға бағыттауға дайын инвестицияларыңызда.
– Өткен жылы Павлодардағы кеңесте сіз өңдеуге түсетін мұнай параметрлері үнемі өзгеріп отыратын көп ұсақ кен орындары бар Қазақстанға, МӨЗ-дің үшеуіне де гидрокрекинг технологиясы тиімді болып табылады деген пікір айтқан едіңіз.
– Мен қазір де солай есептеймін. Бірақ бұл жерде мәселе Қазақстан экономикасы қандай бағытта дамып келе жатқандығында. Егер әлемдік үрдістермен үндес болса, онда сіздерге қазір гидрокрекинг қондырғыларын сала бастау керектігі сөзсіз. Ал егер сіздер әлемдік стандарттарға сай болуды мақсат тұтпасаңыздар, онда ескі технологиялармен де өмір сүре беруге болады. Егер сіз Қазақстан зауыттарын бүгін ескірген технологиялармен жабдықтасаңыз немесе сол күйінде қалдырсаңыз олар, әрине, қандай да бір өнім береді. Ал олар беретін өнімнің рынок дамуына қосар үлесі қандай болатындығы, оның қажеттіліктеріне, Қазақстанның экспорттық мүдделеріне қаншалықты жауап беретіндігі – басқа мәселе. Менің пікірімше, сіздердің елдеріңіздегідей осындай орасан көмірсутегі шикізат қорына ие бола отырып, сіздердің қазіргі заманғы мұнай өндіретін және мұнай химиясымен айналысатын кәсіпорындарыңыз болу керек.
Сондай-ақ, Қазақстанның Кеден одағына еніп отырғанын да ескеру керек, оның көліктік кеңістігі Ресей және Белоруссиямен біртұтас. Сіздердің елдеріңіз арқылы және Ресей арқылы салыну үстіндегі, жақында салынып бітетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі өтеді. Бұл Азияға қазіргі заманғы еуропалық көлік баратын мықты магистраль болады. Оны қазіргі заманғы, жоғары сапалы жанармаймен және майлармен қамтамасыз ету керек, сіздердің елдеріңіздің имиджі осыған байланысты болмақ. Сондай-ақ мұнай өнімдерін өткізу рыноктары да сіздердің қарамақтарыңызда, ал ол дегенің өте үлкен рыноктар. Бүгінгі таңда Кедендік одақ және жасалып отырған біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде қатысушы елдер тек тарифтік саясатты ғана емес, техникалық стандарттарды да бір ізге түсіреді. Бұл жағдайларды қазақстандық МӨЗ үшін технологиялар таңдауда да ескеру қажет. РФ-ның «Еуро-5» стандартына кіруімен төрт-бес жылдан кейін сіздердің зауыттарыңыз ол жерге бұл стандартқа жауап бермейтін мұнай өнімдерін экспорттай алуы неғайбыл.
Жалпы алғанда, бүгінгі таңдағы мұнай өңдеуді жаңғырту сіздердің елдеріңіз үшін бірінші кезектегі мәселе деп ойлаймын. Қазақстанда бар мұнайдың әлемдік бағасы қазіргідей осыншама жоғары болып тұрғанда, сіздердің қазіргі заманғы жаңа мұнай өңдеу зауыттарыңыздың болмауының өзі әбестік.
Әңгімелескен Еркін САҒЫНДЫҚҰЛЫ.