25 Қазан, 2016

«Нұрлы жол»

1741 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
zapadМемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген еліміздің жаңа экономикалық саясатын іске асыру мақсатында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы қабылданғанын қазақстандықтар жақсы біледі. Бұл бағдарлама әлемдік экономиканың өсімі бәсеңдеген және экспортқа шығарылатын тауарлар мен шикізат түрлерінің құны төмендеген қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті арттырып, халықты жұмыспен қамтуға, сондай-ақ барлық саланың дамуына серпіліс беретін басты құрал болды. «Нұрлы Жол» бағдарламасы елімізде тиімді инфрақұрылымдық қағидаттар негізінде макроөңірлік интеграциялау жолымен бірыңғай экономикалық нарық құруға бағытталған. Осыған байланысты алты макроөңір ретінде оңтүстік, орталық-шығыс, батыс, сол­түстік және Астана мен Алматы қала­лары айқындалды. Ұлттық және халық­аралық деңгейдегі хабтар болып Ал­маты, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Өс­кемен қалалары белгіленді. Бұл қалалар капиталдар мен ресурстар, озық технологиялар мен қызмет көрсетулер шоғыр­ланатын орталықтар болуы тиіс. Осы­лайша, бір-бірімен септесіп, инфра­құрылымдар мен тұрғын үй құрылысы дамытылады, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы жаңғыртылады, өзге де экономикалық мәселелер ретіне қарай шешімін табады. Ал «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­ла­масында көрсетілген экономикалық салаға қатысты жұмыстар қандай бағыттар бойынша жүзеге асырылады? Еліміздің Ұлттық экономика министр­лігінің мәліметтеріне қарағанда, ол негізгі жеті бағытта іске асырылады. Бірінші – көліктік-логистикалық құры­лымдарды «сәулелі» қағидат бойынша тиімді құру үшін коммуникацияның барлық түрі Астанадан еліміздің өзге макроөңірлеріне бағытталатын болады. Сондықтан Орталық – Оңтүстік, Ор­талық – Шығыс, Орталық – Батыс, Батыс Еуропа – Батыс Қытай және басқа да жобаларды жүзеге асыру жоспарланған еді. Осыған байланысты 2015-2020 жылдары аралығында жалпы ұзындығы 6,7 мың шақырымнан асатын автомобиль жолы салынады және қайта жөндеуден өткізіледі. Бағдарламада, сондай-ақ темір жол желілерін төсеу және Құрық пор­тына паром өткізу құ­ры­лысын жүр­гізу де қарастырылған. Құрық пор­тына паром өткелін салу Қазақ­стан арқылы Иран, Қытай, Ресей және Еуро­палық одақ елдеріне тасымалданатын транзиттік жүк көлемін арттырады. Екінші бағыт – елімізде индустрия­лық және туристік инфрақұрылымды дамытуға қатысты. Онда макроөңірлерде арнайы экономикалық аймақтар құры­лысын салу қарастырылған. Оның ішінде Атырау облысында бой көтеретін ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінің және «Қорғас –Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық айма­ғының құрылыс жұмыстары бар. Үшінші бағыт аясында энергетикалық инфрақұрылымды нығайту көзделген. Ол үшін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарын электр энергия­сымен сенімді түрде қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» бағы­тында транзиттік жүк тасымалын арттыру үшін «KEGOC» акционерлік қоғамы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзиті құрылысы» жобасын жүзеге асырады. Аталған жоба Қазақстанның «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша энергия транзитін 1350 МВт-дан 2100 МВт-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Төртінші бағыт ретінде тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы инфра­құ­рылымдарын және жылумен, сумен қамту және су ағызу жүйелерін жаңғыр­ту қарастырылып отыр. Оның ішінде қазіргі кезде қолданыстағы нысан­дар­ды қайта жөндеуден өткізу жұмыс­тары да бар. Бұған қоса, шамамен 1 мың шақырымдай болатын жылумен қамта­­масыз ету және 6 мың шақырымға жуық сумен қамту, су ағызу жүйелерін жаңғырту жоспарланған. Бұлардың қатарына, сондай-ақ тозығы жеткен және апат­тық жағдайдағы су құбырлары мен жы­лу жүйелері де кіреді. Себебі, еліміз­дің аумақтарында жөндеуді қажет ететін және апатты жағдайдағы су құбырлары мен жылу жүйелері баршылық. Соның салдарынан су да, жылу да босқа ысырап болып жататыны жасырын емес. Қазіргі кезде тұрғын үйге деген сұраныс артып тұр. Оны қанағаттандыру мақсатында жалдық, несиелік және коммерциялық тұрғын үйлер салынып жатыр. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2020 жылға қарай елімізде жалпы көлемі 4,5 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – мемлекеттік бағдарламада көзделген бесінші бағыт. Алтыншы бағыт негізінен білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуға байланысты. Мұнда басымдық апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытуды жоюға берілген. Осыған орай, аталған мерзім ішінде қажеттілік бойынша жалпы білім беретін жаңа мектептер салынады және пайдалануға беріледі. Ал бағдарламада көзделген жетінші бағыт – кәсіпкерлікті қолдау. Мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға қара­жат аяп жатқан жоқ. Жыл өткен сайын дәл осы саланы қолдауға қарастырылған қаржы көлемі артып келеді. Тіпті, әлемдік қаржы дағдарысы қыспаққа алған жылдардың өзінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған қаржы мөлшері бұрынғыдан еш төмендемеді. Өйткені, шағын және орта бизнестің ел экономикасын дамытуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге және жұмыссыздықты жоюға қосатын үлесі жоғары, алатын орны ерекше. Мемлекеттік бағдарламада нақты көрсетілгендей, бұл жолы Ұлттық қордан бөлінетін жеңілдетілген несиелік қаражаттың айтарлықтай бөлігі қайта өңдеу өнеркәсібімен айналысатын ірі кәсіпкерлік, сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілеріне беріледі. Сонымен қатар, аталған қаржы инвестициялық жо­баларды жүзеге асыруға, бұрын­дары берілген займдарды қайта қаржы­лан_дыруға және айналымдағы қаражатты толықтыруға да бағытталады. Осы тұста атап өтетін мәселе, займды алушы төлейтін жылдық сыйақының мөл­шері 6 пайызды құрайды. Займ 10 жыл мерзімге беріледі. Ұлттық экономи­ка министрлігі 2020 жылға қарай бағдар­ламаны іске асыру барысында кәсіп­керлік субъектілер өндіретін өнім көлемі 1,5 триллион теңгені құрайды деген болжам жасап отыр. «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында қолға алынатын жекелеген бағыттар да бар. Мысалы, экономиканың салалары – машина және вагон жасау, агроөнеркәсіп кешені, қайта өңдеу өнеркәсібінің басқа да секторларына қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, бағдарламада экспорт көлемін арттыру үшін қаржы ресурстары да қарастырылмақ. Міне, осындай шаралар ағымдағы өндіріс көлемінің төмендемеуіне, қазіргі кезде бар жұмыс орындарының сақталуына ықпал ететін болады. Мемлекеттік бағдарламада көрсе­тілген барлық бағыттар қалай қаржы­лан­дырылады деген мәселеге келсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, оларды жүзеге асыруға 2015-2017 жылдары жыл сайын 3 миллиард АҚШ доллары бөлінді және бөлінеді. Сондай-ақ, халықаралық қаржы институттарынан 8,1 миллиард доллар, отандық ұлттық компаниялар мен даму институттарынан 254 миллиард теңге қаржы тарту көзделген. Жалпылай алғанда, бес жыл ішінде мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру көлемі 18 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Өткен жылы және биылғы жылдың 8 айында «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыруда қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Алдымен көлік-логис­тикалық инфрақұрылымды дамыту жайына тоқталайық. Қазіргі кезде негіз­гі бағыттардың бірі саналатын «Орта­лық – Оңтүстік», «Орталық – Шығыс», «Ор­талық – Батыс» және басқа да респуб­ликалық маңызды автокөлік жолдарын салу жұмыстары қарқынды жүргізі­ліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін ұзын­дығы 774 шақырым болатын автокөлік жолын салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Аталған уақыт аралығында өзге салалар бойынша атқарылған жұмыстар «Нұр­лы Жол» бағдарламасының өз мерзімінде ойдағыдай орындалатынынан хабар беріп тұрғандай. Мәселен, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға байланысты осы жылдың өзінде 41 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп пен 4 балалар бақшасы есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ, ұзындығы 313 шақырымды қамтыған инженерлік жүйелер жаңадан салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Оның 175 шақырымы – жылу, 138 шақырымы – сумен қамтамасыз ету жүйелері. Ал тұрғын үй құрылысында да ілгерілеушілік бар. Бағдарламаны іске асыру қолға алынғаннан бері 860 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – 12300 пәтер. Жыл аяғына қарай тағы 488,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Жалпы, 2015-2017 жылдары «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 3,1 миллион шаршы метр тұрғын үйді (шамамен 53 мың пәтер) пайдалануға беру жоспарланған. Еліміздің экономикасын дамытудағы тағы бір маңызды бағыттардың бірі – халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту. Өйткені, халықаралық қаржы ұйымдары, нақты айтқанда, Дүниежүзілік банк тобы, Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия Даму банкі және Ислам Даму банкі серік­тестік туралы рамалық келісімге сәйкес, Қазақстанға қаржылық және техникалық қолдау көрсетіп тұрады. Серік­тес қаржы ұйымдары тарапынан көрсе­тілетін қаржылай қолдау автокөлік жол­дарын жөндеуден өткізуге, суармалы жер жағдайын жақсартуға, елді мекендер тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгін­гі күнге дейін халықаралық қаржы ұйым­дарымен жалпы көлемі 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 18 келісімге қол қойылды. Жыл соңына дейін 500 мил­лион доллар болатын 9 келісімге қол қою күтіліп отыр. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдар­ламасы еліміздің экономикасын әрі қарай дамытатын және халықты жұмыспен қамтамасыз ететін негізгі локомотивтің бірі болды деп, нық сеніммен айта аламыз. Осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы біздің еліміз 2015-2016 жылдары экономиканың рецессиясына жол бермеген еді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»