Кеше өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері орман-тоғайлардағы санитарлық кесу мен суармалы жерлердің айналымға қайтарылуы және Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы айтты.
Жиын барысында негізгі спикердің бірі ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Үстеміров сөз сөйледі. Ол орман қоры алқаптарында қылқан жапырақты екпелерді санитарлық кесуге тыйым салудың себеп-салдарына кеңінен тоқталып, саладағы қазіргі ахуалды да баяндады. «Соңғы уақытта жапырақты және қылқан жапырақты шаруашылық бойынша сүрек дайындау көлемі орман пайдаланушылары мен орман иелері арасында игерілмей жатыр. Қолда бар деректерге сүйенсек, ағаш кесуде негізгі пайдалану көлемінің игерілмеуі орман пайдаланушылар мен орман иелерінің санитарлық кесуді тиімді деп санайтындығында болып отыр», деді Қ.Үстеміров.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын санитарлық кесу арқылы 80 мың текше метрге жуық сүрек дайындалады. Ал соңғы үш жылда Ақмола облысындағы санитарлық кесу көлемі 185,3 мың текше метрді құрады. Осының салдарынан 2004-2014 жылдар аралығында екпелер қоры азайып қалды.
Санитарлық кесудің пайдалы болуының себебі – орман пайдаланушылар сүрек дайындау шығынын азайту арқылы төлем сомасын да кемітпек. Бұл ретте олардың табысының артатыны түсінікті. Комитет төрағасының міндетін атқарушы қылқан жапырақты екпелерді санитарлық кесуге тыйым салу мәселесі Парламент пен Үкімет деңгейінде талқыға түсіп жатқанын да жеткізді.
Басқосуда министрлікке қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжаһан Бимендина сөз сөйлеп, Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер мен осы бағытта қолға алынған шаралардың барысы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін он сотық жер телімін беру мәселесіне айрықша тоқталды. «Ел азаматтарын он сотық жер телімімен қамтамасыз етудегі басты мәселелердің бірі – елді мекендер аумағында бос жерлердің болмауы. Ал бұған дейін қамтылған жерлерді алу мәселесі ағымдағы заңнамада қарастырылмаған. Осы ретте, жаңа заңнамада халық сұранысына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылуда», деді Г.Бимендина. Сонымен қатар, ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланудың заңдылығын тексеру барысында 3 мыңға жуық заң бұзушылықтардың анықталғанын және ол жерлердің мемлекетке қайтарылатынын сөз етті.
Шара барысында Су ресурстары комитеті төрағасы Ислам Әбішев суармалы жерлердің айналымға қайтарылуы туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, 2017-2021 жылдар аралығында 610 мың гектар аумақтағы суармалы жерлердің ирригациялық жүйелерін қайта қалпына келтіру көзделуде. «Бұл аумақтар еліміздің 11 облысында орналасқан. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 326 миллиард теңге шамасында қаражат қажет. Қазіргі дағдарыс уақытында бұл, әрине, үлкен сома. Сондықтан, аталған мәселені халықаралық қаржы орталықтары арқылы шешуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта біршама жұмыстарды атқарып та үлгердік, нақты шаралар сәуір-мамыр айларында басталады», деді ол.
Брифингте Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»