Білім мен ғылым саласында реформалар аз жасалған жоқ. Оның нәтижелісі де, шіркін-ай, аяқсыз қалды-ау деген тұстары да кездеспей қалмады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылында білім мен ғылымды басқару 13 министрге тиіп, қазір 14-ші министр жалғастыруда. Есте қалған реформалардан бірлі-екілі мысал келтірер болсақ, Қ.Көшербаев жетекшілік еткен жылдары «2005 жылға дейінгі білім беруді дамыту туралы» бағдарлама іске қосылды. Сол құжат аясында өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиын кезеңде базар жағалап кеткен балалар мектепке қайтарылды. Сонымен бірге, саңырауқұлақтай қаптаған жоғары оқу орындарының сапасын тексеруді құқық қорғау органдарын тарта отырып қолға алып, тосқауыл қоюға күш салды. «Қазақстан Республикасында жоғары білімді дамыту стратегиясын» жасады.
Стратегияда әлем елдеріндегі жоғары оқу орындары қалыптасуын саралай отырып, оның негізіне ел Президентінің «Қазақстан-2030» Стратегиясын басты нысан етіп алған болатын. Бұл жинақ болып жарық көрді. Одан кейін Н.Бектұрғанов «2010 жылға дейінгі білім беруді дамытудың стратегиясын» жасаса, Ш.Беркімбаева «Ауыл мектебі» бағдарламасын іске асыруға ұмтылды. Бұл ретте еліміздің алтын арқауы саналатын ауыл мектептерін жетілдіру, сөйтіп, елді мекендердің қалыбын бұзбай сақтау негізгі мақсат болды. Ауылды мектеп пен аурухана ұстап тұрғанын жан-жақты қамти келіп, ұлттық мектептің ұлы мұратын қалыптастыруды көздеген игілікті іс желі тартқан. Бұдан кейін де біраз реформалар жасалды. Оның бәріне тоқтауды міндет санамадық. Қазір де ауылдағы білім беру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Жаңа сайланған Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Үкіметке жолдаған сауалында: «Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сай, елімізде орта есеппен жылына 100-ге жуық мектеп жабылады екен. Мектеп білім ордасы болуымен бірге, бүгін ауылдағы жұмыс беретін орын, ауылдың қасиетті қара шаңырағы», деп бұл түйткіл, әсіресе шекаралық аудандарды тұйыққа тіреп отырғанын атаған еді. Бір жылда 100-ге жуық мектептің жабылуы жақсылық деуге келмейді. Кімді де болса ойға қалдыруы керек еді. Осы мәселе бойынша сауал жолданған күні (18.05.2016) әріптесіміз Ғабит Іскендірұлы халық қалаулысымен «Бұл қалай? Қазақтың қамалы – шекарадағы мектеп емес пе?» деген тақырыпта жедел сұхбат ұйымдастырып, газетке (19.05.2016) жариялаған болатын. Бір ғажабы, басылымдағы «Депутат дабылы» айдарымен берілген әңгімеге әлі күні жауап берген адам жоқ.
Он үшінші министр Аслан Сәрінжіпов еліміздегі 127 ЖОО көбі диплом басатын мекемеге айналғанын атап, мемлекеттік білім грантының 75 пайызын қазақ бөліміне, қалған 25 пайызын орыс бөлімдеріне беру жөнінде шешім шығарды. Бұл көптен күткен мәселе еді. Сөйтіп, ол осылайша жұрттың ілтипатына бөленді.
Ақиқатына келсек, тәжірибе барлық кезде нәтижелі бола бермейді. Жақсысы сүйініш, олқысының зардабын сол бағдарлама жасаушылар емес, орындаушылар, яғни мұғалімдер көретіні анық. «Жаңалықтарды» орындау жөніндегі өрден төмен, төменнен өрге ағылған қағаздар талайдың басын айналдырмай қоймайды. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев миллиондаған қағазбастылықтан құтылу туралы қатаң ескерткені бар. Жалпы, бағдарлама жасалған соң, оған қаржы қарастырылады. Ендеше, қандай бағдарлама болса да бір кезеңдік емес, дәстүрлі жалғасын тауып, халықтың қажетін өтеп жатса, нұр үстіне нұр. Бізде бір басшы бастайды. Екінші келген басшы алдыңғының ісіне талдау жасауды жайына қалдырып, өз сүрлеуіне түседі. Бір бес жыл емес, бірнеше бес жылға кететін кесек-кесек мәселелерді алға қояды. Бірақ дені аяғына жетпей, қағаз жүзінде қалып жатады. Содан да болар, білім туралы бағдарламалардың түйіні түйілген бойда қала беретіні.
Иә, өткенге береке, келер іске табыс тілер болсақ, білім саласы тағы жаңа реформамен жұмыс жасай бастады. Ол – білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Қазір осы бағдарламаны мүлтіксіз орындаудың әрбір қадамы ойластырылып жатыр. Бұл жұмыс Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76, 77, 78, 79-қадамдарында дәйектелгенін айта кетуге тиістіміз. Ең бастысы, бағдарлама білім мен ғылымның рөлін арттырып, ұрпақ тәрбиесін жетілдіре отырып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуды көздейді.
Енді бағдарлама өзгешеліктеріне назар аударалық. Оның біріншісі – мектептерге бес күндік оқыту жүйесін енгізу. Бұл жұмыс биыл 1-сыныптан бастау алып, алдағы жылдары жалғасын таба береді. Осы бастаманың арқауында ауыл мен қала мектептерінің деңгейін теңестіру жатқаны да мәлім. Тіл мәселесіне келгенде, біз ол туралы көп айтамыз, тілдің күре тамыры мектепте дейміз. Мемлекеттік тілде, орыс, өзге тілдегі білім ұяларында оқыту үшін қыруар қаржы бөлініп, жүздеген мұғалім айлық алады. Бірақ оқушылар, басқаны былай қойғанда, қазақтың ұл-қыздары қазақ тілін дұрыс түсінбей аттестат алып жатады. Тіпті, «Алтын белгі» иегерлері де шығады. Бұл ойлануды қажет етеді.
Үш тілде білім беру кешелі-беріден емес, біраздан бері айтылып келеді. Мектепті қойып, балабақшада үш тілді үйретіп жатқандар төбе көрсетуде. Бұл аты-жөнін әрең айтатын бүлдіршіндер үшін артықтау емес пе? Тағы бір мәселе, кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту жайы. Үш жылдан кейін, яғни 2019 жылдың қыркүйегінен бастап, 4 пән – химия, физика, биология және информатика ағылшын тілдерінде оқытылмақ. Бұл алуан пікірлерге арқау болуда. Жаңа бағдарламаның тағы бір құптайтын тұсы: әр пән бойынша барлық деңгейде базалық оқулықтың ендірілетіндігі, яғни бұрынғыдай әркім өз білгенімен баламалы оқулықтарды қолдана алмайтындығы. Шынында, бұл көптің көкейінде жүрген түйін еді. Білім ұяларының әртүрлі баламалы делінетін оқулықтарды пайдалануынан оқушылар ҰБТ тапсырғанда қатты қиналатын. Тест сұрағында қате деп көрсетілген тұсты кейбір білімі жетік жастар өздері қолданған кітаптарды көлденең тартып, дәлелдеп шыққанынан хабардармыз. Сол секілді, осы кезге дейін жемқорлыққа тосқауыл қоятын бірден-бір тәсіл ретінде бағаланған ҰБТ-ға де өзгеріс енгізіледі. Жаңа бағдарламаны ұсынушылар мектеп бітіру емтиханы елімізге қайта оралатынын, 2017 жылдан бастап ҰБТ мектептік және жоғары оқу орнына арналған болып екіге бөлінетінін айтып отыр. Бұған қоса ҰБТ-дан құлағандарға екінші рет тапсыруға мүмкіндік берілетіні және бар. Мектеп бітірушілердің тағдырын анықтайтын бұл сынақ бір кездері мектеп, аудан, облыс көрсеткішін анықтайтын дәрежеге дейін жеткен. Ендігі жерде оған жол берілмек емес, нақты білім алға озады екен. Осы жерде мына бір жайды да айта кетсек дейміз. ҰБТ басталған алғашқы кезде білім ұясын бітірген түлектер сынаққа түгел қатыстырылатын. Кейін көрсеткішке кедергі келтіреді деп нашар оқитындарды жібермеу әдетке айналғаны бар. Жаңа тәсіл осыған тосқауыл қоймақ. Тестке қатыстыру, қатыстырмау туралы сөзімізге бір дәлел келтірелік, 2015 жылы еліміздегі мектептерді 124 339 оқушы аяқтаса, оның 87 782-сі ҰБТ-ға өтініш беріпті. Ал биылғы 121 мыңнан аса бітірушінің 86 999-ы ҰБТ-ға ниет танытыпты. Осының өзі көп жайды аңғартатын секілді. Жақында бас басылымда биылғы ҰБТ жайлы мақалалар топтамасы әлденеше рет жарық көрді. Онда сынақ түрінің оң нәтижелерімен қатар, кейбір олқы тұстары көрсетілді. Мектепте нашар оқығанмен, тестке барғанда жоғары балл алғандардың кездескенінен мысалдар келтірілді. Бұдан шығар қорытынды, терең біліммен емес, тест сұрақтарын жаттап алып, болмаса қазіргі техника тетіктерін пайдалану арқылы жоғары балл алуға болатындай. Әрине, үйренген ҰБТ-ны мүлдем жою керек демейміз. Жетілдірілген жөн. Бала білімі балмен емес, жан-жақты оқуымен көрінсе құба-құп. Жаттанды білім ешкімді де ұзатпайды. Шын жүйрік қандай сынға салсаң да жарып шығады.
Біз жаңа реформа туралы ойын білмек ниетпен осы салаға бүкіл ғұмырын арнаған мамандарды әңгімеге тартқан едік. Оның біріншісі – Қазақстанның Еңбек Ері, айтулы ұстаз Аягүл Миразова. Қайраткер мұғалім үш тілді білу қажеттігін айта келіп, баланың бәрі дарынды емес екенін, тапсырманы көп беру олар үшін ауыр болатынын, бала балалық дәуірді де бастан өткеру қажеттігін атады. Сонымен қатар, екі күннің бірінде жаңа сабақ өту де оңайға соқпай отырғанын, сабақ мазмұнының көптігін, бұл қала баласына жеңіл болғанмен, қияндағы ауыл баласына ауыр тиетінін еске салды. Өткен сабақты тиянақтай алмай жатып, жоспардан қаламын деп екінші тақырыпты бастап кету оқушының ынтасын арттыру былай тұрсын, пәнге беттей алмай қалатынын да ескертті. «Ұстаз ретінде пікірім, үш тілді меңгеру керек-ақ, бірақ оны қандай әдіс-тәсілдермен және қандай жолмен оқушыға білдіруіміз қажет, міне, осы алаңдатады», деп бар дәстүрімізді қиратып алмай жетілдірсек, деген ойын ортаға салды. Жоғары сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға келгенде, пәндердің кейбірі 9-сыныпқа дейін өтіліп кететінін, оны ағылшын тілінде қайта оқыту қалай жүзеге асар екен деген байламын тілге тиек етті. «Ұстаз» Алматы қалалық жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қожахмет Назарбетов жаңа реформа заман талабына сай жасалғанын атап, ағылшын тілін 1-сыныптан емес, 2-сыныптан оқыту жөн болар деген ой ұсынып, кейбір пәндерді орта буыннан бастап, ағылшын тілінде оқытуға болатынын, «бірақ жаппай барлық оқушыға осы жүйені телу қиындық келтірмей ме, оған материалдық-техникалық база жеткілікті ме, кадр тапшылығы 3-4 жылдың ішінде шешіле ме? – дей келіп, – бес күндік оқу барысында мұғалімдердің жүктемесіне нұқсан келмей ме?» – деді. Одан кейін бес күндік оқуға көшкенде қандай пәндердің сағат санын қысқартып немесе негізгі сабақ кестесінен алып, факультатив ретінде оқыту керектігін, мысалы дене тәрбиесі пәні аптасына қазір 3 сағат өтсе, оны бес күндік оқу жүйесінде 2 сағатқа, еңбек сабағын үйірме ретінде оқыту тиімді болар ма екен деген пікірін ортаға салды. Жаңа оқу жылы басталып кетсе де, бұл туралы кеңескеннің артықтығы жоқ болу керек.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ», деп атап өткені белгілі. Ұлтымыздың тарихы сонау ұлылардан жалғасып келе жатқан сара жолымыздың алтын тұғыры іспеттес екенін Елбасы Ұлытауда айтқан еді. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Оның арғы жағында да түркі дүниесімен бірігіп түгендейтін тарих тағылымдары жетіп артылады. Ендеше, осы тарихты білім беру мекемелерінің бәрінде оқытсақ жараспай ма? КСРО заманында өзгенің тарихымен бесіктен беліміз шықпай жатып таныстық, барлық білім орындарында пән ретінде жүрді. Сынақ тапсырдық. Тақылдап тұрып білгенімізді айттық. Оған қарағанда өз тарихымызды үлкен-кішіміз танып-білу бір ғанибет емес пе? Әсіресе, қазақ жастары тек-тамырының қайдан екенін, елі мен жерін, Отанымыздың қилы кезеңдерін білім ордаларында терең оқып ұқса артық болмайды. Тарихты ЖОО оқыту жөніндегі тарихшы-ғалымдардың көтеріп жүрген мәселесі орынды. Қайталап айтамыз, Тәуелсіз жұртымыздың арғы-бергі тарихын оқытудан ұтылмасымыз анық. Тарихты білген адам теріс жолға аяқ баспайды. Кейде біз «узкий специалистке» (тар көлемді маман) тарихтың қажеті қанша деп жатамыз. Аумалы-төкпелі заманда қандай маман иесі болса да тарихты танып-білуі керек. Өйткені, білімі таяз жас еліктегіш келеді. Етікшінің де ой-өрісі биік болса, қолындағы балғасын көрінгенге көтермейді.
Ғылым саласында да көптеген ізденістер болып жатыр. «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заң қабылданды. Бұл да Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылған. Заңның басты артықшылығы авторлардың құқығы қорғалады, сыйлықтар, гранттар алуға ынталы болады. Егер заң тиянақты жұмыс істесе, ғылым дамып, өндіріспен ұштасатыны сөзсіз. Айталық, елдің бір тірегі сол өндіріс десек, 2019 жылға қарай мұнай-химия саласына – 7 мыңға таяу, мұнай-газ саласына – 9 мыңнан аса, машина жасау ісіне – 14 0631 кадр қажет көрінеді. Бір кездері алған мамандығыңыз 30-40 жылға азық болатын болса, қазіргі заманның үрдісі мамандық қуаты 5-6 жылдан аспай қалатын болып барады. Сондықтан үнемі жетілдіріп отыруың керек. Осының өзінен-ақ, кадр дайындау ісін уақытқа сай үйлестіру қажеттігі туындамай қоймайды. Жаңа бағдарламаның басты атқаратын міндеті де осында жатқаны анық.
Біз тағы бір арқалы азаматтың ойын білу үшін әңгімеге тартқан едік. Ол – еліміздің жоғары оқу орындарын дамытуға ерекше үлес қосқан, Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүргенде елдік іске көп атсалысқан, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Уәлихан Бишімбаев. Көрнекті ғалыммен ой бөліскен кезде Болон процесіне қатысты байламын қадап тұрып айтты. Бұл алғаш Германия, Франция, Англия, Италия елдерінде негізі қаланғанын, алға қойған мақсаты экономикада бәсеке бәсіне төтеп беру ниетінде құрылғанын еске салып, процеске ТМД мемлекеттерінің ішінде Ресей, Украина, Беларусь, Армения, Қазақстан қосылғанын атады. Оның талабын таратқанда, қатысушы мемлекеттер әр екі жыл сайын бір рет жиналып, не істелді, не істеуіміз керек, алдағы міндет қандай, түскен жолымыз дұрыс па, дұрыс болса тағы да нені жетілдіреміз деп, біткен, бітетін қарекетті сараптап, қажетсізін ысырып тастайды екен. «Кадр дайындаудың үш сатылы, нақтылай түссек бакалавр – магистр – PhD доктор жүйесіне көштік», деген академик 2010 жылдың соңына қарай, бұрынғы ғылым кандидаты, ғылым докторы диссертациясын қорғау тоқтағанын, мемлекетіміз Болон процесіне 2003 жылы кіргенін, бұл бойынша ТМД мемлекеттері арасынан Болон процесіне мүше елдердің білім министрлері 2 жылда бір рет кездесетінін, өткен жылы ондай дидарласу Ереванда болып, Еуропалық стандарт бойынша білім сапасын арттыру, өзге де өзекті мәселелер қозғалғанын айтып, «Біз бастаманың формасын әкелдік. Бакалаврда оқитындарды студент дейік, олар дәріс тыңдайды, кітап оқиды, тест тапсырады, курстық жұмыс жазады, диплом қорғайды. Магистрді алсақ, ол да көбінде сол жолмен жүреді. Яғни 70 пайыз студенттің ғылымға бейімделуі шамалы. Ақиқатын айтсақ, магистр болашақ ғалым-зерттеушінің негізі болуы тиіс еді. Ал PhD доктор да дәріске қатысады, семинарға барады, тағылымдамадан өтеді. Солай жүріп «PhD доктор» деген ғылыми дәрежені алып шығады. Расына келсек, ғылым адамы мұндай жеңіл жолмен дәреже алмауы керек. Осындай дәрежеге ие болғандардың 35 пайызы ғана ғылым саласында жүр. Біз біраз PhD докторлардың жұмыстарын сараптамадан өткіздік. Диссертация деген аты бар, 120-130 бет жұмыс әдемі түптелген, бірақ біраз жағдайда ғылыми ізденісі шамалы, бұрынғы кандидаттардың зерттеу жұмыстарының жүгін көтере алмайды» деді.
Иә, еліміздегі ғылыми атақтарға қарасаң, қазақ ғылымы әлемді аузына қаратқандай. Бірақ көп тұспалмен жүргендей. Академик деген атағы бардан аяқ алып жүре алмайсың. Жиын-тойдың төрінде отырады. Ал олардың ғылымға қосқан үлесін таразы басына қойсаң, көңіл көншімейді. Шын ғылымның жөні бөлек. Шын ғалымның орны қашанда биікте. Ғылым туралы жаңа заң арқылы осыны ретке келтірсе, нағыз ғалым мен жасанды ғалымның ара жігі ашылар еді. Отандық өндіріске, тәуелсіз Қазақ елінің өніміне қай ғалым қанша үлес қосты деген сұрақтың да жауабы айқындалады. Алда кейбір ойларын дәйекке алған Уәлихан Қозыкеұлы мына бір деректерді де алға тартып еді. Қорғалған доктор PhD-лерді пәндер бойынша салыстырып көрсеңіз, химиядан қорғағандар – 2,9 пайыз болса, мұнай-газ ісі және мұнай химиясының үлесі – 1,6 пайыз, ветеринарлық медицина және ветеринарлық санитарға – 0,8 пайыз, мәшине жасауға – 0,7 пайыз, су ресурстары және су пайдалануға – 0,4 пайыз, туризмге – 0,2 пайыз, қайта өңдеу өндірісінің технологиясына – 1,2 пайыз тиеді екен. Ал экономикадан PhD доктор болғандар – 8,4 пайызды құрапты. Осы арада атақты математик, академик Өмірзақ Сұлтанғазинның бір сөзі ойға оралады. Ғалым: «Біз 15 жылда әрең кандидат болушы едік. Алған тақырыбымызды зерттеп, зерделейтінбіз. Одан соң оны өндіріске енгізіп, нәтижесін күтетінбіз. Жұмысымыз өз жемісін берген соң, кітапша етіп шығарып, небір сын сағаттарды бастан өткеріп барып, әрең қорғайтын едік. Қазіргілер 15 жылды қойып, 5 жылда академик болып шыға келеді», деген болатын. Осыған қарай отырып, ғылым дегеннің киелі екенін еске ұстағанымыз жөн секілді. Және ғылым көктемде айдап, күзде орып алатын егін еместігін шын ғалымдар шырқырап айтып жүр. Оның жемісі 5-10, тіпті 20 жылдың көлемінде өз нәтижесін көрсетеді. Оған қол жеткен кезде шыққан шығыныңыз еселеп қайтады. Соны іске асырған ғалымның да, ол өмір сүріп отырған мемлекеттің де абыройы асады. Мұны әсіресе, билік тізгінін ұстаған азаматтар ескеріп жатса, естілік болып табылады.
Сонымен, білім, ғылым саласы бойынша реформалардың аз болмағанын алда аз-кем айттық. Бір қуанарлығы, бұрынғы реформалардың қабылдануы мен іске асуы көп жағдайда белгісіздеу болып жататын. Мына жаңа реформа барысы туралы пікір алысу молынан. Бұл атқарылар істің нәтижелі болатынының көрінісі шығар. Жақында газет редакциясына келген бір мұғалім өзінің көңіліндегі күдігін ірікпей айтты. Оның меңзеуінше, осы күндері кейбір елді мекендерде ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері жетіспейді екен. Сөйте тұрып, аз уақыттың ішінде біраз пәндерді ағылшынша оқыту ақылға қонбайды-ау дегенді айта келіп, «Мұғалімді дайындағанмен, ол сабақ беретін оқушының әзірлігі қандай? Физика, химия пәндерінің терминдерін мұғалім мен оқушы 3-4 жылдың ішіне терең меңгеріп кете ала ма? Солай бола қалса, ағылшын тілін біле қоймайтын жүздеген емес, мыңдаған ұстаз жұмыссыздар қатарын көбейтпей ме? Оқулық мәселесі түбегейлі шешімін тапты деп айта аламыз ба?» деп 12 жылдыққа көшеміз дегелі де біраз жылдың жүзі өткенін, оған әлі қол жеткізе алмай жатқанымызды, білім стандартында да ойланатын тұстар жетіп-артылатынын көлденең тартты.
Ойымызды түйіндей келе, бұл жаңа реформаға жақсылық тілей отырып, түйіндеу жағын түймедей етсек, көкейдегі күдік сейіледі. Ең бастысы, білім сапасы артып, дайындалған маман бәсекеге қабілетті болады. Ғылым жетістігі лабораторияда тұншығып қалмай, өндірістен орын алып, отандық өнімнің өсуіне үлес қосады. Өзгеге көз салудан құтылып, басқаның назарын өзімізге аударатын боламыз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Астана