Жапондар тілін сақтау үшін күріш егеді
Жапония жері тар, табиғаты да сонша қолайлы ел емес екені әмбеге аян ғой. Екі аралы «өлгелі» жер жағынан жағдайлары тіптен қиындай түскен. Осыған байланысты олар күрішті өздері екпей-ақ, сырттан экспорттап алғаны өте тиімді болмақ екен. Алайда, сырттан күріш алуға кететін қаржыдан он есе көп ақша шығарып, шығынға бата отырып күрішті өздері егуге шешім қабылдаған. Оны егетін, қарайтын адамдарға да жоғары айлық төлеп әуре сарсаңға түсіп отыр. Неге? Бір қарағанда сонша ақшаны бекерден бекер желге шашып, күріш егіп ерігіп, ойнап отырғандай сезілген жапондардың қайғысы басқа екен. Мәселе тілге, тіл ділге, ділі ұлттық болмысына әсер етіп, жапондар күріш екпей бұлай кете берсе ұлт жоғалмақ екен. Өйткені, жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болып шыққан. Егер жапондардың санасынан бұл сөздер, осы сөздер беретін ұғымдар жоғалса жапон да жоғалмақ. Әлемге ортақ техникалық тілдер ұлттық болмысын, дара ерекшеліктерін жойып тынбақ. Мына жанталастық соның алдын алу. Жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болса, біздің 70-80 пайыз сөз көшпенді өмірмен, төрт түлік малмен байланысты ғой, мұндай мәселе бізде жоқ па?
Сөз тапқанға қолқаның қандай қатысы бар?
Бұл күнде көптеген мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестерін әңгіме арасына қыстырып жібергенімізбен ары қарай оның мағынасын тарқатып бере алмаймыз. Кейде тіпті алғашқы мазмұнынан мүлде алшақ мағынада қолданамыз. Неге? Біз де көшпелі дәуірден отырықшылыққа ауысқалы сол кездегі кейбір заттарға байланысты қалыптасқан атаулардың өзін ұмыта бастадық. Қазақтың ол дәуірін неше буын ұрпақ көрген жоқ. Содан кейін де ол атауға байланысты кей мақал-мәтелдің, тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын түсінбейміз. Мысалы, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дейміз. Мағынасы қандай? Оны түсіну үшін ең алдымен «қолқа» деп нені айтатынымызды білу міндет. Қазақстанның «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы мәлімет бойынша: «қолқа – омыртқалардың қан айналыс жүйесінегі ең ірі артерия қан тамыры». Жарайды, делік. Ендеше, мұның «сөз тапқанға» қандай қатысы бар? «Қолқа сала келдім», «қолқалап болмаған соң...» деп келетін тіркестердің ше? Дәл мына анықтама бойынша бұларды қанша қолқаласақ та, бір-біріне жуықтата алмаймыз. Демек, «қолқа» деп аталатын екінші бір зат бар. Иә, аталарымыз тағы нені «қолқа» деп атады? Түйеге жүк арту үшін 7-8 құлаш екі арқан керек. Сол екі арқанды қосақтап, кесілген жеңдей қуыс киізден өткізеді. Сол қуыс киізді «қолқа» дейді. Қолқа арқанның тең ортасында болып, жүк артқан кезде түйенің дәл төсіне келеді. Яғни, түйенің төсіне арқан батпас үшін жасалынған зат. Бір қызығы, бұл киіздің сыртқы формасы анау ағзадағы қолқамен ұқсас. Сол үшін де осы қуыс киізге ағзадағы қолқаның атауын берсе керек. Міне, біздің мақал-мәтелдеріміздегі «қолқа» сөзі осы затқа байланысты. Себебі, түйеге жүк арту үшін оны шөгеру керек, шөгеру үшін арқанның бір жағын шумақтап алып қолқаны төс тұсына келтіре, түйенің мінер жағынан қамшылар жағына өткізе лақтырамыз. Түйені қазақ осылай қолқа салып шөгереді. Енді, үйретілмеген асау тайлақ болмаса, жүк артылған түйе атаулы иесі қолқа салғанда өзіне жүк артатынын біледі, өздігінен шөгеді. Тіпті кейде бала-шаға бұйдасынан сілкілеп шөгере алмай тұрған түйенің төсіне үлкендер келіп қолқаны сала қойғанда екі тізесі еріксіз бүгіліп, «бық» етіп шөге қалатынын өз көзімізбен талай көргенбіз.
Қолқа сала келген қазақ пен өтініп тұрған қазақ
Енді түсінікті болар, «қолқа салып кеп отырмын» деген «жүк артқалы келіп отырмын, салмақ салғалы келіп отырмын» дегенді білдіреді. Қолқа – қалаудың, біреуді көмекке шақырудың, қазіргі тілмен айтқанда өтініш айтудың ұшар басы, қазақ біреуден бір нәрсе сұраудағы сөзінің шегі. Қазақта «өтінемін» деген сөз жоқ-тұғын. Бұл өте жалынышты хал. Аталарымыз бір-бірін ондай күйге түсіргісі келмейді. «Айналайын, қолқа сала кеп отырмын» дейді ақсақал. Шарасыздығын айтты, бірақ мүсәпір, аянышты, жалынышты күйге түсіп айтқан жоқ. Себебі, бұл сөз оның қадірін сақтап, белгілі дәрежеде тепе-теңдікті ұстап тұр. Ал, қолқа салынып қойды, қолқа салынған адам қайтпек? Оны қазақ құдды алып қашып әкелген келіннің алдына көлденең жатып алып «кетсең, мені аттап кет» деген енедей сезінеді. Сондықтан қолқаны аттап кету деген үлкен әбестік. Мінеки, мұның арғы жағында қазақтың бір-бірімен қарым-қатынасының, болмысының қандай болғанынан хабар беретін үлкен ақпарат бұғып жатыр. Енді, қолқаны аттауға болмайтынын білдік. Орындай алмаса, орындауға мүмкіндігі болмаса ше? Сондықтан «маған қолқа сала көрмеңіздерші», «қолқалай көрмеңіздерші» деген сөздер жиі айтылады. Ал, салынып қойған қолқадан мыңнан бір адам ғана құтылады. Аттап емес, сөз тауып құтылады. Сол кезде қолқа сала келген адамның өзі оған риза болып қолқасын кейін тартып алмақ. Өйткені, «Сөз тапқанға қолқа жоқ». Қалай ә?! Бұл – шығар жол. Аталарымыз мұны да ескерген екен. Қолқа салып сұрап тұрған дүниесін берсең де бересің, бермесең де бересің, шақырған жеріне барсаң да барасың, бармасаң да барасың демейді, көкейге қонымды, қызықты да тапқыр жауапсөз айтсаң қолқасын өзі қайтып алуы керек һәм реніш болмауы тиіс. Міне, бұл сөз ғана емес, бұл – біз көп айта беретін, таңдай қаға беретін, тереңіне жете алмай тамсана беретін аталар болмысының бір ғана көрнісі. Бұл біздің көшпенді дәуірден отырықшылдыққа ауысу барысындағы жоғалтуымыз. Қазіргі уақытта қазақтың қанша сөзі архаизмге айналып бара жатқанын санап тауыса алмайсыз. Ахаңның жоғарыдағы сөзі әрине тіл, тіл болғанда да құр атаулар тізбегі емес, сөз, сөз ұстап тұрған мағына, сол мағынаға сай ұлт деңгейінде айтылған сөз. Сөз жоғалса, болмыс жоғалады. Мысалы, ақылсыз хайуан аттамаған қолқаны ақылды адам неге аттап кетеді? Өйткені, ол сөз – жоғалған. Иә, әзірге сырты бар, іші жоғалған. Осы күнде біз оның қандай мәселеге байланысты айтылуы керек екенін бұрынғы қолданыстағы инерциямен түйсік арқылы болжап қана айтып жүрміз. Дәл қазір инерция баяулады, оны бұл сөздің бұрынғыдан әлдеқайда сирек қолданылатындығынан көруге болады. Сондықтан біраз жылдарда сырты да жоғалады.
Өлгісі келмеген сөз өзге ошақтың отын жағып күн көреді
Ал, егер бұл сөз өзін жоғалтпай құтқарып қаламын десе, өз ішін өзгертуі керек. Яғни, басқа бір мағынаға қаңқа болып жан сақтайды. Себебі, бүгінгідей ортада өз мағынасымен өмір сүре алмайды. Қазірдің өзінде қазақтың қаншама сөзі, тұрақты тіркес, мақал-мәтелдері өзге мағынаға қаңқа болып арамызда қалт-құлт етіп әрең жүр. Бір-екі мысал келтірейік. Бала кезімде жайлауда бізге көрші отыратын үйде Хасен дейтін қария болды. Өзі біліп тұрғаны белгісіз, білмей тұрғаны белгісіз айналасына қайта-қайта сұрақ қойып отыратын. Сол қария Зәкің молладан бір сұрақ сұрағаны есімде. «Моллеке, осы бәленбай шектен шығып кетті» деп жатамыз, ол не?»-деді. «Арақ ішу», деді Зәкің молла. Сөйтті де, сәл іркіліп, «Құдай Тағаланың адам баласын шектеген шекарасы бар, содан шығып кеткенді «шектен шықты» дейді», -деп қысқа қайырды. Енді ойлап отырсам, бұл үлкен сөз екен. Соңғы сөйлемін тарқатар болсаң таңға кететін дүние. Ал, осы сөзді жаппай арақ ішілген Кеңес уақытында, Қытайдағы қызыл партияның «мәдениет төңкерісі» қызып тұрған уағында айтып көрші. Өзің шектен шыққан болып шетке айдаласың. Соның салдарынан ол уақыт қана емес, ондай «ауыр сөзді» қазірдің өзінде көтере аламыз ба? Айта алмаймыз. Сондықтан бұл сөз де амалсыздан басқа мағына жамылып санамыздың терең түкпірінен анда-санда бір жылт етіп сыртқа шығады да, бүк түсіп қайта жатады.
Ұяттың өзі ұялып жүр
Қазақтың «ұят», «намыс» дейтін ұстынды сөздерінің өзі бұл күнде тұғырдан түскен. Ұят деген сөзді айтып қалғанда жүзіне қызыл арай рең ұшқындап кететін әжелеріміздің бойында толық энергиялық қуатқа енетін еді бұл сөз. Қазір көп адамның болмысынан ұят ұғымы кемігелі бұл сөздің энергиялық қуаты мүлдем әлсіреп қалды. Бұрын екі сөзінің бірі «ұят болады» болған қазақ бұл күнде оны сирек айтып, соның өзінде «осы қазақ ұят боладымен-ақ құрып барасыңдар!» деген әлдекімнің сынын естіп қаламыз ба деп жалтақтайтын болған. Қазір ондай сөз айтылатын танымал адамдардың арасына баруға ұяттың өзі ұялып жүр. «Ұят кімде – иман сонда» деп бағалаушы еді ғой бабаларымыз. Қазір осы «ұят» сөзі айтылғанда көп адам соншалықты әсер алмайды, батереясы таусылған сағаттай сазарып өзіңе қарап тұрады. Оған «өлімнен ұят күшті» деген сөзді ағылшыншалап айтсаң да түсіндіре алмайсың. Өйткені, «ұят» сөзінің қазақ болмысындағы ұясы бұзылып, тентіреп кетті. Анда-санда әрбір жерде айтылып, өшкіндеп барып жоғалады болмаса басқа мән алып қана аман қалады. Ақшаң аз болып қалғанға, киімің ана біреудікіндей қымбат болмағанына ұялу деген секілді болмайтын, болмашы нәрселерге ғана қолдануға жарайтын жарымжан сөз болып өмір сүре тұрар әзірге. Бұл сөз жартылай жоғалғанда ұятты қазақ та жартылай жоғалды деген сөз ғой сонда.
Намыстың жүрген жері анау
Қазақтың «намыс» дейтін найзағай сөзін бір боксшымыз өзге бір елдің боксшысымен жұдырықтасып жатқанда ғана журналистің аузынан еститін болғанымыз да жасырын емес қой. «Біздің елдің намысын қорғайтын пәленбай» дейді дауысын көтере. Ал, сол боксшы жеңіліп қалды дейік. Сол намыс па? Сонша намыс емес. Жарыс болған соң алма кезек - біреуі жеңеді, біреуі жеңіледі. Намыс басқа ғой. «Ерді намыс, қоянды қамыс» дегендей ер жүрген жерде мұның да қолданылмайтын жері жоқ еді-ау! Бұрын бірге туған ағайын, қарындасы түгілі, руынан біреудің жаманы аты шықса қайнап шығатын қандағы намыс енді боксшының бір уыс қолғабын паналап қана жалған өмірін жалғастырып жатыр. Соны намыс дейтін болдық. Тіпті қазір жартылай жалаңаш сахнаға шығатын арулар байқауында «пәлен ару түген облыстың намысын қорғады» дейтін тіркестерді көреміз. Намыс байқұс өлмес үшін мұндай жерде де жүр қазір. «Әй, намыс! Мұнда не ғып жүрсің? Бүйткенше өлсеңші» дейді ғой бір күні оған біреу. Өлгені де сол сол шығар. Иә, намысты ерлер әлі де бар екеніне шүбә келтірмейміз. Бірақ, намыстың қолданылар аумағы қаншалық тарайса, намысты қазақтың соншалық жоғалып бара жатқаны да.
Мақал-мәтел дегеніміз конституция болатын
Сөз – ұғым, ұғым – таным. Танымның адам болмысына тікелей әсер етуші фактор екенін алға тартсақ, бір ұлттың болмысын оның сөзі арқылы тануға болатынын қапысыз аңғарамыз. Қазақтың «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дейтін сөзі осы мақал-мәтелге қаратылған. Бір мақал айтылып қалған жерде оны айтушы мен тыңдаушының санасында аз дегенде тоқсан ауыз сөз қаулап шығуы керек. Ал, ол мақал-мәтел дегеніміз – конституция. Яғни өз тұсындағы қоғам өмірінің рухани һәм әлеуметтік жағдайын ескере отырып шығарған заңдары. Ахаңша айтқанда «мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз». Қызық болғанда бұл конституцияның бүкіл баптарын бүкіл ел жатқа біледі және мойындайды. Бұл қандай ғажап құрылым сірә?! Мысалы, күйеуі өлді, жар жесір қалды. Үкім қалай болуы керек? «Ерден кетсе де, елден кетпейді». Түсінікті. Мойындалған. Әмеңгерлік. Осылай кете береді. Ал, сол жадына жабысып қалған заңы, танымы қазақты қанша зобалаңнан аман алып, осы күнге жеткізді. Ғасырлар өткелегінен өтіп жанына жабысып қалған ұлттық таным-түсінігін миынан қырсаң да кетпейтін еді, қазақты жоймаққа бүкіл күшін салған жаулар сөзін жоғалта алмады. Сөйтіп сол сөздің мәнін өзгертуге жегі құрттай ішінен жеді. Қазақ сөзі бәрібір қаңқасын сақтап қалды. Оны ұмыттыру үшін тек басын шауып тастағаннан басқа амал қалмады. Еттен өткізіп, сүйекке жеткізіп, қан тамырдың ішінен сыртына тепкізіп қалай ғана орнатып берді екен осы иммунитетті бабаларымыз!? Сонымен, аштық жасады, қырды, жойды. Сүйретіліп ол өткелден де өттік. Ес жыйдық, етек-жеңімізді жинап жатырмыз. Ендігі меже сол болмысымызға оралу болуы тиіс.
Сөз қайта тіріледі немесе өзін табады
Оның қажеттілігі қандай дейсіз-ау? Күріш егіп жанталасып жатқан жапондар ұлттық болмысты сақтап қалу – техникалық білім деңгейі бар, дүниесі көп, бірақ, жаны, рухы кедейленген бүгінгі психологиялық проблемаларлардан арылу деп ұғады екен. Қысқасы, технократтық уақыттың үддесінен шыға отырып, адами қасиетке толы жайма шуақ өмірді сақтап қалу. Соған ұмтылыс. Өздерін мазалаған уақыт проблемаларын тап басып танығандықтан осы қадамға барса керек. Енді, олардың ата-бабаларының құндылықтарының қанша құнды екенін қайдам, қазақтың ұлттық болмысқа оралуы деген сөз бүгінде болып жатқан біраз жан шошырлық жәйттерді азайту деген сөз. Өйткені, бабаларымыз құрған қоғам жесірі қаңғымаған, жетімі жыламаған, ауылдың бір шетінен жаяу кірген жолаушы, екінші шетінен атпен шыққан, осынау ұлан байтақ даласында түрме де болмаған, ажырасу деген атымен жоқ, шамасынша бір-бірінің қақысын берген қоғам болатұғын. Мұндайда, «сол малдың соңында пәлен ғасыр жүрдік қой, не таптық?» деп кері сөйлеп қыңыр тартатындар болады. Тапқанымыз өте көп. Қазақы шапанымызды (болмысты) шешпесек бізді ғарыш қабылдамай қояды, ғылымнан құр қаламыз деген сөз жоқ. Бәрі игеріледі. Тек сол қаншалаған ғасырлық ұланғайыр рухани болмсымызды болмашы дүниелерге айырбастап жіберіп, қайта айналып таппай қалмасақ болғаны. Ол болмыс сөз арқылы ғана келеді. Ата кәсіп ауыл шаруашылығына айналып келе жатқан жайымыз бар, бұл экономикамызға ғана емес, руханиятымызға да өз үлесін қосары сөзсіз. Ат жалында күн кешкен ата-баңның болмысы бүгінгі күндегі көкпар, бәйге, аударыспақ сынды спорт түрлерінің жалпыласуынан жаңғырады. Бұлар жанданған жерде жылқыға қатысты қаншама сөз қайта тіріледі. «Қазақстан барысы» жобасы жүрілгелі де палуандық, күреске байланысты қаншама сөз қайта санамызда жаңғырды. Болмыс та осылайша оралады. Ол бүгінгі ғылым мен ұштасқанда қазақтың бағы батпандап, мейманасы тасып, іргесін жау, ішін дау ала алмас мәңгілік елге айналарымыз хақ!
Ұларбек Нұрғалымұлы,
«Егемен Қазақстан»