27 Қазан, 2016

ЭКСПО кезінде жаңа рейстерді іске қосу туралы келіссөздер жүргізілуде

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан бірқатар шетелдік әуе желілерімен ЭКСПО кезінде жаңа рейстерді іске қосу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Берік Қамалиев ведомстводағы баспасөз конференциясы барысында хабарлады, деп жазады egemen.kz Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап. «ЭКСПО шеңберінде ҚР Үкіметінің қолдауымен «ашық аспан» жүйесі бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Біз фин әуе желісі сияқты жаңа әуе желілері ұша бастайтыны туралы келіссөздер жүргізіп, келісімге қол қойдық. Жақында біз польшалық авиация басшылығымен келіссөздер жүргіздік. Венгриямен де келісім бар, австриялық, чехиялық әуе желілерімен рейстерді жаңартып жатырмыз. Одан өзге, Қытайдан Air Chinа компаниясы ұшатын болады. 12 желтоқсанда біз кездесіп, Air Astana және Scat әуе компаниялары үшін қосымша слоттар сұраймыз, осылайша, Алматыдан Сиань, Тегеран бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстерді ұлғайтпақпыз», - деп мәлімдеді Б. Қамалиев. Сондай-ақ, вице-министр Оңтүстік-Шығыс Азиядан, Қытай мен Кореядан Астана мен Алматы арқылы Еуропа, Париж және Лондонға әуе қатынастары бойынша транзиттің даму үрдісін атап өтті. Ұлт жоспарының 73-қадамын іске асыру аясында астананың халықаралық қаржы орталықтарымен байланысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні Астанадан 5 халықаралық қаржы орталығы: Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул бағытына тікелей ұшулар орындалуда. Сондай-ақ, Вена, Париж, Абу-Даби, Бейжің, Ыстамбұл, Үрімші және басқа қалаларға тікелей рейстер жүзеге асырылуда. 2018 жылы – Токиомен, 2019 жылы – Сингапурмен, 2020 жылы Нью-Йоркпен әуе қатынасын ашу жоспарланып отыр», - деді ол.