27 Қазан, 2016

"Тәртіпке үйренген бала жаман жолға түспейді"

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
zuvffenlh6s Болат Кенжебаев үйіне ауылдағы спорт залдан түнгі сағат 22.00-ге қарай оралады. Оның отбасында «әкеміз неге кешігіп жатыр?» деп ешкім ойламайды. Балалары да, жары да оның спорт залда «курсанттарымен» бірге жүргенін біліп отырады. Владимиров ауылында спорт залға келген мек­теп оқушыларының барлығы да осындағы Болат Кенжебаев басқаратын «Олимп» әскери-патриоттық клубының мүшесі болып саналады. Бұл жай айта салу, тіркей салу емес, шынайы жұмыс бар жерде жалғандық жоқ. Сондықтан клуб мүшелерінің барлығын да Болат «курсанттар» деп атайды. Биыл «Олимп» әскери-патриоттық клубының құ­ры­л­ғанына 28 жыл болыпты, осы уақыт ішінде одан екі мыңның сыртында ауыл балалары түлеп ұшты. Қазір олар еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп жатыр, тіпті ұстазына шетелдерден хабарласатын курсанттары да жеткі­лікті. Болат Кенжебаев Қостанай ауда­н­ындағы Владимиров орта мектебінде әскери алғашқы дайын­дықтан сабақ береді. Осыдан 30 жылдай бұрын әскер қатарынан оралған прапорщик жас жігіт ауыл мектебіне мұғалім болып орналасты. Көп ұзамай, 1988 жылы ол «Олимп» әскери-патриоттық клубын құрды. Әскер мен спорт егіз ұғым. Болашақ отан қорғаушылар шымыр болуы тиіс. Клуб құрылған алғашқы жылдары кешке қарай спорт залда 300-ге дейін оқушылар мен ауыл жастары дайындалатын. – Бұрынғыдай орталықтан келіп тұрған жылу жоқ, спорт залы жылы болуы үшін қыс бойы отты өзіміз жағып шығамыз. Бұл оңай болған жоқ, отын, көмір дайындау керек, оны жаққанды айтсаңшы. Сол қи­ын­дықтардың барлығынан өттік, бі­рақ ризамын. Өкінбеймін, қайта мақтанамын. Отан қорғаудың, Отан алдындағы әскери парыз, патриотизм дегеннің не екенін «Олимптен» шыққан балалар санасына сіңіре білдім, – дейді Болат Кенжебаев. Қазір Қостанай ауданындағы Владимиров селосын атаса алдымен ауызға «Олимп» әскери-патриоттық клубы түседі. Осы округтің бренді іспеттес. «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген Абай атамыздың сөзін Болат пір тұтады. – Бұрын да, қазір де «Олимп» әскери-патриоттық клубына келетін балалардың басым көпшілігі жайсыз отбасынан шыққандар. Қазірде ауылда ішкілікке салынған үлкендердің бар екенін жасырмаймын. Ал мен жас­тарды дағдыға, тәртіпке үйретемін. Кешке сабақтан, жұмыстан кейін міндетті түрде олар спорт залға келеді, жұдырықта­су, кү­рестің самбо, дзю-до, қазақ күресі түрлерінен жаттығады. Клубтың толып жатқан бағдарламалары бар, соларға қатысады, сосын әкесі мен анасы секілді бас­қа жолға қарауға, босаңсуға олардың уа­қыты да болмайды. Ең бастысы, тәртіп олар үшін өмірлік дағды болып қалады, – дейді Болат Боридұлы. Оған ұстаздың жарқын мысалы да бар. Қазір «Олимп» клубында өзінің Анна Федянина деген көмекшісі бар. Өзінің шәкірті, Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін бітіріп, туған ауылына келіп, мектепке жұмысқа тұрды. Ұстазының шақыруымен келді. Самбодан спорт шебері. Ауылда осы «Олимп» клубы курсантының бірі болған Михайлға тұрмысқа шықты, қазір бір ұлы бар. – Несін жасырайын, Мишаның да, Аняның да ата-анасы ішіп кеткен. Өзгерген жоқ, қазір де солай. Мен жастарға: «Сендердің жолдарың – басқа жол» деп айттым. Қазір екеуі тап-тамаша отбасы, спортшы, нағыз патриот балалар, – дейді Болат Боридұлы. Негізі патриоттық жұ­мыс Бо­лат Кенжебаевтың болмысы деуге болады. Патриоттық сезімнің ар жа­ғында адамгершілік, мейірімді­лік, еңбекқорлық, табандылық деген асыл қасиеттер жататынын ол қатарластарына да, курсанттарына да түсіндіріп келеді. Бөкең ауылдан әскери борышын өтеу­ге кетіп бара жат­қан курсанттарды шы­ғарып салуды әдетке айналдырған. Қос­танайға әке­ліп, пойызға отырғызып жі­беретінін, жанына клубтың мүшелерін, ауыл­дың курсанттарын ертіп алатынын қайтерсіз. «Олимп» клубы осы жыл­дар ішінде талай жорықтарға шық­ты, талай байқауларға қатысты. «Олимп» клубы 2014-2015 жылдары патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмыстар қорытынды­сы бойынша облыста бірінші орынды иеленді. Ал республикада оның тәжірибесін тарату жөнінде де семи­нарлар өткенін мақтаныш етеді. – Отанға деген патриотизм жалған ұран болмауы тиіс, ол күнделікті ті­р­ліктен басталады. Тек ерінбеу керек, ісіңді де, балаларды да, барлығын да жақсы көре білсең болғаны, – деп ағынан жарылады аңқылдаған Болат Боридұлы. Қазір қай ауылдан да кетушілер көп, келушілер аз. Владимиров ауылы да уақыттың осы кө­рінісінен шет қалған жоқ. Болаттың «Олимп» әскери-патриоттық клубында бүгінде 135 оқушы мен ауыл жастары жаттығады. Оның осы жанқиярлық ісі облыс, аудан басшылығының назарына ілігіп, 2012 жылы спорт залға бюджет есебінен еурожөндеу жұмысын жасап берді. Қазір кішкентай курсанттары да, өзі де рахаттанып қалды, жылы жерде жаттығады, пеш жағудан құтылды. Спорт құралдарының барлығы да бар. 7-8 жасар курсанттарды көмекшісі Анна Федянина жаттықтырады, ересек балаларды өзі баулиды. – Мен «Егемен Қазақстан» газеті арқылы бүкіл қазақстандықтарға ауыл­да балаларға арналған аула және әскери-патриоттық клубтар құрыңыздар деп жар салғым келеді. Оның тамаша нәтижесін көруге де кепілдік беремін, – дейді Болат Кенжебаев. – Темірдей тәртіпке үйренген, шымыр, өзіне сенімді баланың жаны да таза болады. Жаны тазаның рухы да мықты. Ондай жас адасуға тиісті емес. Біз аманатқа қиянат жасамадық. Болат Кенжебаевтың сөзін оқырманға сол күйінше жеткізуді жөн көрдік. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Владимиров селосы