Бүгінгі күндегі өткір мәселелердің бірі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету екендігі белгілі. Міне, осы күрделі жайттың оңтайлы шешімін табуда өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдануды кеңейтуде ауқымды шаралар жүргізілуде.
Айталық, былтыр ашылып, пайдалануға берілген 99 балабақшаның 88-жекеменшік серіктестіктерге тиесілі болды. Ал 2016 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 87%-ға жетті. Сол үшін аудандық, қалалық әкімдіктерінің мектепке дейінгі мекемелерді ашу мақсатындағы ағымдағы жылғы жоспарға сәйкес барлығы 8691 орынға 88 мектепке дейінгі мекеме ашу көзделініп отыр. Оның ішінде 6-уы жергілікті бюджет есебінен, 3-і Ұлттық қор есебінен, 4 мектеп жанындағы шағын орталық және 6281 орындық 75 балабақша жекеменшік есебінен ашуға болады. Нақтылай түссем,Ұлттық қор есебінен 280 орындық балабақша Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылында – 320 орындық балабақша салынып, пайдалануға берілді. Сол секілді, жергілікті бюджет есебінен Панфилов ауданы, Тұрпан ауылында – 100, Ұйғыр ауданы, Шарын ауылында – 25, Еңбекшіқазақ ауданы, Ташкентсаз ауылында – 120, Достық ауылында – 140 орындық балабақша уақыт талабына сай салынып, жабдықталып бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін 460 орындық 3 мемлекеттік балабақша қолданысқа беріледі. Республикамызда бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз етуде суырылып алға шыққанымызды осы деректер растайды. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы жекеменшік серіктестік арқылы 50 жекеменшік балабақша ашылды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында бір күнде тағы 25 жекеменшік балабақша іске қосылады.
Алматы облысында жалпы жекеменшік балабақша үлесі 61,2%. Бұл көрсеткішті аудандарға бөліп айтсам, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуда Іле – 72, Талғар – 53, Жамбыл – 35, Қарасай – 44, Панфилов – 16, Еңбекшіқазақ – 15, Ұйғыр – 10, Алакөл – 3, Райымбек – 2, Қаратал – 2, Талдықорған қаласы – 26 пайыз болып тұр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балабақша құрылысына инвесторларды тарту арқылы ағымдағы жылы Талдықорған қаласында 320 орындық балабақша іске қосылса, Талғар ауданында 500 орындық, Жамбыл ауданында 100 орындық балабақшаның құрылысы басталады.
Сонымен қатар, облыста тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатынан балабақша ашу жұмыстары да қарастырылуда. Мысалы, биыл Қарасай ауданы, Іргелі ауылында «Асыл Арман» ықшам ауданындағы №7 үйдің бірінші қабатынан 25 орынға «Балмира» жекеменшік балабақшасы ашылды және осы аудандағы №10 үйдің бірінші қабатынан 100 орындық жекеменшік балабақша ашуға құжаттар дайындалуда.
Тұтастай алғанда, Жетісу жерінде бүгінгі таңда 894 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Онда 63 мың бала және 432 мектеп жанындағы шағын орталықта 16 506 бала тәрбиеленуде.
Жекеменшік балабақшалардың қарқынды дамуына үлкен үлес әрі септік болып отырған бұл мемлекет тарапынан қаржыландыру дер едім. Мысалы, республикалық бюджеттен 2016 жылға мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыруға және қосымша жаңа орындар ашуға барлығы 8 млрд 21 млн 473 мың теңге және облыстық бюджеттен 2 млрд 564 млн 587 мың теңге бөлінді. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттырумен қатар ерекше білім беруге қажеттілігі бар мектеп жасына дейінгі балаларға қажет инклюзивті топтар ашылуда. Бүгінде 4 балабақшада осы тұрғыдағы топтар жұмыс жасауда, онда 187 бала қамтылған.
Сонымен қатар, денсаулығы нашар, жиі ауыратын мектеп жасына дейінгі бір жастан алты-жеті жастағы балаларға арналған емдеу, яғни алдын алу, сауықтыру бағдарламаларын жүргізуге сәйкес облыста 3 санаториялық үлгідегі балабақшалар Талғар, Панфилов Еңбекшіқазақ аудандарында және 12 санаториялық топтар жұмыс жүргізуде. Оған Райымбек, Қаратал, Көксу, Сарқан, Іле аудандары мен Текелі, Қапшағай, Талдықорған қалаларында барлығы 480 бала қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің дамуы педагог кадрлар санының өсуіне ықпал етті. 2014 жылмен салыстырғанда, мектепке дейінгі білім беру мамандарының саны 1940 адамға көбейіп 7286 педагог болды. Оның 52,2%-ның жоғары және техникалық білімі бар. Балабақшалар мен шағын орталықтарды білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 3 мемлекеттік және 2 жекеменшік колледж бен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» мамандығы бойынша мамандар даярлауда. Бұл облыс көлемінде мектепке дейінгі мамандарға сұранысты толық қанағаттандыруда.
Колледждерде 2015-2016 оқу жылында «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» мамандығы бойынша 1010 студент оқыды, оның 214-і мемлекеттік тапсырыс негізінде. 2016 жылы осы мамандық бойынша 379 түлек бітірді. Оның 113-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқығандар. Күндізгі бөлімде оқыған 115 түлектің 98-і жұмысқа орналасқанын айта кетелік.
Мектепке дейінгі ұйымдардың санының артуына байланысты биылғы жылы колледждерге «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» мамандығына мемлекеттік тапсырыс 50 адамға көбейтілді. 2016-2017 оқу жылы аталған мамандыққа 420 студент қабылданды, оның 100-і мемлекеттік тапсырысқа ие болғандар.
2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балаларды толық 100 пайыз қамту бағытында 2017-2019 жылдары 19016 мың орынға негізделген 164 мектепке дейінгі ұйым ашу қарастырылуда. Оның ішінде 15 балабақша құрылысын республикалық бюджет есебінен жүргізуге тапсырыс жасалуда.
Бақтияр ӨНЕРБАЕВ,
Алматы облысы әкімінің орынбасары
Алматы облысы