27 Қазан, 2016

Елдік істерге – елеулі үлес

342 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
img-20160815-wa0001Бүгінгі күндегі өткір мәселелердің бірі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету екендігі белгілі. Міне, осы күрделі жайттың оңтайлы шешімін табуда өңірімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін қолдануды кеңейтуде ауқымды шаралар жүргізілуде. Айталық, былтыр ашылып, пайдалануға берілген 99 бала­бақ­шаның 88-жекеменшік серіктестіктерге тиесілі болды. Ал 2016 жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 87%-ға жетті. Сол үшін аудан­дық, қала­лық әкімдіктерінің мектепке дейінгі мекемелерді ашу мақ­сатындағы ағымдағы жылғы жоспарға сәйкес барлығы 8691 орынға 88 мектепке дейінгі мекеме ашу көзделініп отыр. Оның ішінде 6-уы жергілікті бюджет есебінен, 3-і Ұлттық қор есебінен, 4 мектеп жанындағы шағын орталық және 6281 орындық 75 балабақша жеке­меншік есебінен ашу­ға болады. Нақтылай түссем,Ұлттық қор есебінен 280 орындық бала­бақша Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында, Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылында – 320 орындық балабақша салынып, пайдалануға берілді. Сол секілді, жергілікті бюджет есе­бінен Панфилов ауданы, Тұрпан ауылында – 100, Ұйғыр ауданы, Шарын ауылында – 25, Еңбек­шіқазақ ауда­ны, Ташкентсаз ауы­лында – 120, Достық ауылында – 140 орын­дық балабақша уақыт талабына сай салынып, жабдық­талып бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Жыл соңына дейін 460 орындық 3 мемлекеттік балабақша қолданысқа беріле­ді. Республикамызда бүлдір­шін­дерді балабақшамен қамта­масыз етуде суырылып алға шыққанымызды осы деректер растайды. Соны­мен қа­тар, үстіміздегі жылы жеке­мен­шік серіктестік арқылы 50 жекеменшік балабақша ашылды. Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дық мерейтойы қарсаңында бір күнде тағы 25 жекеменшік балабақша іске қосылады. Алматы облысында жалпы жекеменшік балабақша үлесі 61,2%. Бұл көрсеткішті аудандарға бөліп айтсам, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестікті дамытуда Іле – 72, Талғар – 53, Жамбыл – 35, Қарасай – 44, Панфилов – 16, Ең­бекшіқазақ – 15, Ұйғыр – 10, Алакөл – 3, Райымбек – 2, Қа­ратал – 2, Талдықорған қа­ла­­сы – 26 пайыз болып тұр. Мем­­лекеттік-жекеменшік әріп­тестік аясында балабақша құрылысына инвесторларды тарту арқылы ағымдағы жылы Талдықорған қаласында 320 орындық балабақша іске қосылса, Талғар ауданында 500 орындық, Жамбыл ауданында 100 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Сонымен қатар, облыста тұрғын үй кешендерінің бірінші қабатынан балабақша ашу жұмыс­тары да қарастырылуда. Мысалы, биыл Қарасай ауданы, Іргелі ауылында «Асыл Арман» ықшам ауданындағы №7 үйдің бірінші қабатынан 25 орынға «Балмира» жекемен­шік балабақшасы ашылды және осы аудандағы №10 үйдің бірін­ші қабатынан 100 орындық жеке­меншік балабақша ашуға құ­жаттар дайындалуда. Тұтастай алғанда, Жетісу жерін­де бүгінгі таңда 894 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Онда 63 мың бала және 432 мектеп жа­нындағы ша­ғын орталықта 16 506 бала тәрбиеленуде. Жекеменшік балабақ­ша­лардың қарқынды дамуына үлкен үлес әрі септік болып отырған бұл мемлекет тарапынан қаржыландыру дер едім. Мысалы, республикалық бюджеттен 2016 жылға мектепке дейінгі білім беру меке­мелеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын қар­жы­лан­дыруға және қосым­ша жаңа орындар ашуға барлығы 8 млрд 21 млн 473 мың теңге және облыстық бюджеттен 2 млрд 564 млн 587 мың теңге бөлінді. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттырумен қатар ерекше білім беруге қажеттілігі бар мектеп жасына дейінгі балаларға қажет инклюзивті топтар ашылуда. Бүгінде 4 балабақшада осы тұрғыдағы топтар жұмыс жасауда, онда 187 бала қамтылған. Сонымен қатар, денсаулығы нашар, жиі ауыратын мектеп жасына дейінгі бір жастан алты-жеті жастағы балаларға арналған емдеу, яғни алдын алу, сауықтыру бағдарламаларын жүргізуге сәйкес облыста 3 сана­ториялық үлгідегі балабақ­шалар Талғар, Панфилов Ең­бек­­шіқазақ аудандарында және 12 санаториялық топтар жұмыс жүргізуде. Оған Райымбек, Қаратал, Көксу, Сарқан, Іле аудандары мен Текелі, Қапшағай, Талдықорған қалаларында бар­лығы 480 бала қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің дамуы педагог кадрлар санының өсуіне ықпал етті. 2014 жылмен салыс­тырғанда, мектепке дейінгі білім беру мамандарының саны 1940 адамға көбейіп 7286 педагог болды. Оның 52,2%-ның жоғары және техникалық білімі бар. Балабақшалар мен шағын орталықтарды білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында облыстағы 3 мемлекеттік және 2 жекеменшік колледж бен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті «Мек­тепке дейінгі ұйымдардың тәр­биешісі» мамандығы бойынша мамандар даярлауда. Бұл облыс көлемінде мектепке дейінгі мамандарға сұранысты толық қанағаттандыруда. Колледждерде 2015-2016 оқу жы­лында «Мектепке дейін­гі ұйым­дардың тәрбие­шісі» маман­дығы бойынша 1010 студент оқыды, оның 214-і мемлекеттік тапсырыс негізінде. 2016 жылы осы ма­мандық бойынша 379 түлек бітір­ді. Оның 113-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқығандар. Күндізгі бөлімде оқыған 115 түлектің 98-і жұ­мыс­қа орналасқанын айта кетелік. Мектепке дейінгі ұйым­дардың санының артуына байланысты биылғы жылы колледждерге «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» ма­ман­дығына мемлекеттік тапсырыс 50 адамға көбейтілді. 2016-2017 оқу жылы аталған ма­ман­дыққа 420 студент қабыл­­данды, оның 100-і мем­ле­­кеттік тапсырысқа ие болғандар. 2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балаларды толық 100 пайыз қамту бағытында 2017-2019 жылдары 19016 мың орынға негізделген 164 мектепке дейінгі ұйым ашу қарастырылуда. Оның ішінде 15 балабақша құрылысын республикалық бюджет есебі­нен жүргізуге тапсырыс жасалуда. Бақтияр ӨНЕРБАЕВ, Алматы облысы әкімінің орынбасары   Алматы облысы