Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын талқылау» тақырыбында халықаралық сарапшылардың қатысуымен кездесу болып өтті.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті ұйымдастырған сарапшылық кездесуге Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Қазақстанның, Молдова мен Латвияның және Австрияның ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
2008 жылы Қазақстан «Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын» және «Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын» ратификациялауына байланысты, біздің еліміз заңды тұлғаларға қылмыстық, азаматтық-құқықтық және әкімшілік жауапкершілік белгілеу, сондай-ақ отандық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жөнінде міндеттеме алған-тын.
Сонымен қатар, заңды тұлғаларға қылмыстық жауаптылықты енгізу Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасымен көзделген, ол мемлекеттің нормативтік-құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ұзақ мерзімді перспективаға негіз болып табылады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы заңды тұлға және оның құрылтайшыларының мүдделеріне компаниялардың басшылары мен менеджерлері тарапынан қылмыстарды жасауды тежеу және алдын алу мақсатында әзірленген.
Заңды тұлғалардың қылмыстық жауаптылығын тек бірқатар экономикалық (14 қылмыс құрамы), экологиялық (12 қылмыс құрамы), сыбайлас жемқорлық (1 қылмыс құрамы) және террористік (4 қылмыс құрамы) қылмыстар үшін белгілеу ұсынылуда.
Бұл жағдайда қылмыстық жауаптылыққа заңды тұлғаның пайдасына немесе соның мүддесіне қатысты әрекет еткен және тікелей қылмыс жасаған жеке тұлға да, тиісінше заңды тұлға да тартылады. Заңды тұлғаларға мына жазалар қолданылады деп күтілуде: айыппұл, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру немесе заңды тұлғаны тарату.
Осы басқосудың мақсаты заңды тұлғаларды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шет ел заңнамасының тәжірибеде қолданылуын шет елдің қолданыстағы заңдарын берілген заң жобасында көзделген нормалармен салыстырмалы талдау арқылы зерттеу болды.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Рахмет Мұқашев кіріспе сөз сөйлеп, қылмыстық жауапкершілікті күшейтудегі заңдарды зерделеуде осы шараның маңыздылығына тоқталды.
Австрияның Грац университетінің қылмыстық құқық профессоры Ричард Сойердің заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі туралы баяндамасы тыңдалды.
Келесі кезекте Латвия Республикасының мемлекеттік кіріс қызметінің қаржы полициясы директорының орынбасары, тергеу бөлімінің басшысы Любовь Швецова, Латвия Республикасы Бас прокуратурасының ұйымдасқан қылмыстар және басқа да мамандандырылған салалар бойынша бас прокурорының орынбасары Элга Йоникане күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды және өз елдеріндегі тәжірибелермен бөлісті.
Сонымен қатар, Молдова Республикасының Жемқорлықпен және экономикалық қылмыстармен күрес орталығының заңнама және жемқорлыққа қарсы сараптама басқармасының бас инспекторы Купча Валерий, Молдова Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес прокуратурасының сыбайлас жемқорлықпен күрес бөлімінің III санаттағы заңгері Касир Александр сөз сөйледі. Мәжіліс депутаттарының сұрақтарына жауап берді.
Дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаттары Светлана Бычкова, Айгүл Соловьева, Елубай Оразалинов, Серік Темірболатов, Людмила Хочиева, Рамазан Сәрпеков, Ольга Киколенко, Виктор Рогалев, Бауыржан Смайылов, Ирак Елекеев шетелдік сарапшыларға сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Осы кездесуді жүргізген Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Николай Турецкий қорытынды сөз сөйлеп, мұндай басқосулардың заң шығару қызметінде өте пайдалы екенін атап көрсетті.
«Егемен-ақпарат».