27 Қазан, 2016

Бас прокурор ұрланған ақшаны елге қайтару жобасын таныстырды

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бүгін Бас прокуратурада «Қаржылық тергеп-тексерудің және ұрланған активтерді шетелден қайтарудың ұлттық жүйесін дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды egemen.kz baq.kz-ке сілтеме жасап. Онда шетелден ұрланған активтерді қайтару жобасы таныстырылды. «Жобаны Бас прокуратура мүдделі құқық қорғау жүйесі және арнайы органдармен бірлесіп қолға алды. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыстық басқармасының, ЕҚЫҰ АҚШ елшілігінің қолдауына ие болдық. Бүгінде Бас прокуратура, Ұлттық бюро, Мемлекеттік кірістер комитеті және ІІМ қызметкерлерінің алғашқы тобы шет елдерден келген сарапшылардан білім алды. Енді 10 ұлттық тренер дайындалмақ. Олардың миссиясы – Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында тергеушілер мен прокурорлар арасында жаңа әдістемелерді тарату», - дейді Бас прокурор Жақып Асанов. Бас прокурор активтерді қайтару бойынша ақпарат алмасу жөніндегі әлемдік желілермен жұмыс істеуге дайын екендіктерін айтты. «Бас прокуратура активтерді қайтару бойынша ақпарат алмасу жөніндегі әлемдік желілер – Еуропада CARIN және Азияда ARIN-AP желілеріне қосылуға дайын. Бүкіләлемдік банк пен БҰҰ-ның «Ұрланған активтерді қайтару бойынша STAR бастамасына қосылуға сұрау жіберілді. Жуырда STAR-дың алғашқы шолу миссиясының өкілдерімен кездесу өтеді. Олар бізге жобаны іске асыруға көмектеседі», - дейді Жақып Асанов. Бас прокурор жұмыстың тағы бір маңызды бағыты ретінде параллель қаржылық тергеу тұжырымдамасын енгізуді атады.   «Әрбір тергеп-тексеру басталған сәттен бір мезгілде екі бағытта қаржылық қылмысты ашу және заңсыз кірістерді қайтару жұмыстары жүргізілуі тиіс. Сондықтан шетелдік сарапшылардың ұсынысы бойынша ұрланған активтерді шетелден қайтару және параллель қаржылық тергеп-тексеру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылады», -дейді ол.