27 Қазан, 2016

Отандық өнім іздесеңіз

628 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Қазақстанда жасалған» акциясын бастайық. Ол үшін барлық сауда желілерінде тек қазақстандық тауарлар сататын бөлімдер ашу керек. Барлық қазақстандықтарды тартайық бұл акцияға: патриот болып, тек отандық тауарларды сатып алу керек. Бұл да болса ел экономикасына қолдау », деген болатын Елбасы. Бастама аяқсыз қалмады, Қазақстанның жер-жерінде отандық өнімді қолдау шаралар өтті. Мәселен, наурыз айында Астана қаласында азық-түлік өнімдерін сататын дүкен ашылса, мамыр айында бірнеше нысанда экоөнімдердің көрме-жәрмеңкесі болды. «Қазақстанда жасалғандар» көбеюде Енді елорда іргесіндегі Орталық коммуналдық базардың артынан орын тепкен «Самғау» сауда орталығының бесінші қабатынан «Қазақстан жасалған – Халық маркасы» атты сауда-көрме павильоны ашылды. Төрт сектордан тұратын аумақтың алғашқы нүктелері қала тұрғындарына биылғы Астана күні мерекесінде таныстырылған. Ол кезде еліміздің тауар өндірушілері мұнда киімдер, тұрмыстық бұйымдар, қолөнер шеберлерінің туындыларын, жиһаздар және басқа да заттар топтастырған екен. Таяуда елордалықтарға жеңіл өнеркәсіп секторы таныстырылды. «Халық маркасы» федерациясының президенті Римма Тәжібаеваның айтуынша, «Самғау» ұлттық байқауы аясындағы шараны ұйымдастыруға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Жеңіл өнеркәсіп, Қазақстан сауда кәсіпкерлері қауымдастықтары және Бас редакторлар клубы атсалысқан. «Павильонның аумағы бес мың шаршы метр. Сауда орнының ерекшелігі – барлық тауар отандық өндірушілердің бағасымен сатылады. Павильон әзірге бір жыл бойы жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Саудагерлер мен кәсіпкерлерге 6 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейінгі орындар тегін беріледі. Олардың жарнамасы тегін жүргізіледі, сатушы-кеңесшілеріміз де өндірушілерге тегін қызмет етеді. Компаниялар персоналдық қызметтер үшін бір жылға үш жүз мың теңге ғана төлейді», дейді ол. Азық-түлік секторы ашылады Мұнда жаңа ашылған сектордан бөлек, азық-түлік жәрмеңкесі, үй жабдықтары және қыркүйек айында таныстырылған шеберлер паркі орналасқан. Соның ішінде жеңіл өнеркәсіп секторының аумағы бір жарым мың шаршы метрді құрайды. Мамандар сөзіне сенсек, мұндай сауда-көрме павильоны еліміз бойынша жоқ деуге болады. Қазірге дейін елуден астам жеңіл өнеркәсіппен шұғылданатын сауда иелері орнығып үлгеріпті. Алдағы уақытта олардың қатарын жүз компанияға жеткізуді жоспарлап отырған көрінеді. «Павильонның жалпы аумағында жүзден астам сауда маркалары жұмыс істейді. Олардың да санын бес жүзге жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл павильонда, әсіресе, оңтүстік және солтүстік өңірлердің кәсіпкерлері белсенділік танытуда. Мәселен, петропавлдық «Тигран» аяқ киім өндірісі, «Артел» мебель жасау цехы, павлодарлық «Вавилон» ағаш бұйымдарының цехы, Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Балтекстиль» фирмасы, алматылық «Самсын» матрас шығаратын зауыт көрменің көрігін қыздырып тұр. Ерлерге арналған костюм-шалбар өндіретін «Қазлихпром» фабрикасы Елбасының өзі өнімін пайдаланған «Алтын адам» компаниясының ісін жалғауда. Айта кеткен жөн, сол «Алтын адам» да өнімдерін Астанаға әкелуді жоспарлауда», деді Р.Тәжібаева. Ұйымдастырушылар тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық мерейтойын да құр алақан қарсы алмақ емес. Желтоқсан айында отандық азық-түлік өндірушілерге арнайы бір сектор ұсынбақ. Кәсіпкерлер ісінде түйткілдер әлі көп Игі істің бастамашылары қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тауар өндірушілерге осындай павильон ашылғанын айтып, бірге жұмыс істеуге шақырып жатыр. Десе де, осы жерден орын алуға ынталы кәсіпкерлер бүгіннің өзінде баршылық. «Бір қуанатыны, Қазақстан өндірушілерінің өнімдерін шетелдік брендтермен салыстыруға әбден болады. Өйткені, сапасы жағынан олардан мысқал да кем емес. Тек бағаларында аз-мұз айырмашылық бар, сәл қымбатырақ біздікі. Мұның да себебі бар, енді ғана қанат жайып келе жатқан отандық бизнестің тауарларына сұраныс төмен әзірге. Егер сатып алушылардың назарын өз өнімдерімізге аударып, сауданы қыздыра түссек, бұл мәселе де шешіледі деген сенімдемін», дейді Сауда кәсіпкерлері қауымдастығының вице-президенті Жібек Әжібаева. Мамандардың мәліметінше, ел кәсіпкерлерінің жұмысына кедергі келтіретін түйткілдер әлі де баршылық. Мәселен, электр энергиясы, су, орынды жалға алу Қазақстан нарығында қалта қағарлықтай. Рас, Президент елімізде шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігін, олардың мүмкіндіктеріне жол ашу керектігін үнемі айтып жүреді. Енді осыны іспен жасайтын кез келген сияқты. «Шешуші органдар кәсіпкерлермен кездесіп, проблемаларын тыңдаса деймін. Өндіріске қажетті жаңа технологиялар жоғары бағамен шетелден келеді. Өнімдерді сату да өз алдына бөлек түйткіл. Өйткені, бір мезгілде өнімді өндіріп, оны реттеп, сатуға қою деген өте қиын шаруа. Сапасы жоғары, көпке пайдалы бірегей өнімдерге мемлекет тарапынан гранттар берілсе, қолдау көрсетілсе», деген Жібек Төреханқызы өзге де проблемалардың шетін шығарды. Оның айтуынша, Қазақстан Үкіметінің кәсіпкерлерді қолдауға арналған түрлі бағдарламалары, субсидиялары, жәрдемдері бар. Алайда, оларды көптеген тауар өндірушілер білмейді немесе игілігін көру, қол жеткізу жолдары күрделі. Жарнама жағы да кәсіпкерлер көкейіндегі түйін. «Өзге елдерде жеке өндірушілердің тауарларын танытуға мемлекет көмектеседі, ал бізде ешқандай қол ұшын созу ниеті байқалмайды», дейді олар. Көлік мәселесі шешімін тапса... Қазіргі жағдайда, отандық өнімдердің бәсін өсіреміз десек, әрбір ауданға, өңірге, аймаққа осы секілді «Қазақстанда жасалған – Халық маркасы» нысандары қажет-ақ. Бұл, біріншіден, еліміздегі шағын және орта бизнесті қарқынды дамытса, екіншіден, ел қазынасын еселеуге септеседі. «Біз қала ішінен осындай павильон ашуды ойластырған едік, бірақ орын табылмады. Қала әкімдігі бір нысан ашып бермек болып еді шеткері жақтан, оның өзі аяқсыз қалды. Енді отандық тауар өндірушілердің ең болмағанда бір павильонын ұстап отыруға күш салып жатырмыз. Өйткені, мұнда халқымыздың төл туындылары да, заманауи өнімдер де бар. Өзгені жарылқай бергенше, өз өнімдерімізді насихаттайық», дейді Сауда кәсіпкерлері қауымдастығының вице-президенті. Айта кеткен жөн, «Самғау» сауда үйінде ашылған көрме павильонына бүтін бір қабатты тегін берген – «Нұр-береке-555» ЖШС. Мекеме жетекшісі Таукен Қайырлы игі ісін ел кәсіпкерлерінің ілгерілеуіне жол ашу үшін жасағанын айтады. «Мен мұнда, әсіресе, ұлттық, тарихи дүниелеріміз сатылғанын қаладым. Ол ойымның жүзеге асып жатқаны көңіл көншітеді. Қазақстанда өндірілетін тауарлардың бір орталықта тұтынушыларын тапқаны да үлкен қуаныш», деп ағынан жарылды ол. Шараны ұйымдастырушылардың Астана әкімдігіне айтар тағы бір назы бар: «қала тұрғындарына қажет сауда орнына дейін қатынайтын көлік болса» дейді олар. Құзырлы орындардың құлағына «алтын сырға», әрине! P.S: Келесі жылы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әлем елдерінен бес миллионға жуық турист келеді деп жоспарланып отыр. Ал олар біздің елімізден төл өнімдерімізді, ұлттық нышанымызды танытатын дүниелерді көргілері келетіні анық. Міне, «Халық маркасы» көрме павильоны сол кезде ұялмай ұсынар бірден-бір орын. chsmi img_1958