Қазақстанның барлық облысында орналасқан архивтердің басшылары, белді мамандары, жоғары оқу орындарындағы архив ісінің мамандарын даярлайтын білікті ұстаз-ғалымдар екі күндік семинар-кеңеске қатысты.
Шараға келгендер «Ашық Үкімет» порталы жағдайында архивтердің атқаратын міндеттерін, қабылдауға даярланып жатқан «Қазақстан Республикасының ұлттық мұрағат қоры және архивтері» атты заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты ұсыныстарды талқылап, кеңесу үшін Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив мекемесіне жиналды. Бес жылдан кейін бастары қосылып отырған мұрағат ісінің мамандары талқылайтын мәселе шынында да шаш-етектен болып шықты. Бұл семинарда, сондай-ақ, «Ашық Үкімет» шеңберінде электрондық құжаттарды сақтау және оны жүйелеу, жүзеге асыру ісі, халыққа қолжетімді ақпараттар тарату және архив ісінің мамандарын даярлау жұмысы қатысушылар қарастыратын негізгі мәселе ретінде ұсынылды.
Айтылған ойдың кейбірі пікірталас туғызып, қызу тартыстың өзегіне айналғанының өзі бұл мекемелердің қызметі толықтай ретке келіп болмағанын, әлі де дәйектеліп, жүйелене түсуі тиіс олқы тұсы бар екенін байқатты. Заманға сай архив құжаттарын жинақтап, сақтауды қамтамасыз ету тек осы сала қызметкерлерінің ғана бас қатырар шаруасы емес, Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс сұрақтарды әр аймақтан келген архив өкілі сайлап келіпті. Бұл семинарда басқаны айтпағанда, әлі күнге дейін архив пен мұрағат, музей мен мұражай сөздерін дұрыс қолдануды білмей шатасып жүргендермен күресіп шаршап жүрген архив мамандарының жұмысын реттеудің тетігін әлі де жетілдіре түсу керектігі сөз болды.
«Мемлекет басшысы бес институттық реформаны іске асыру мақсатында «Ашық Үкімет» қалыптастыруды жүзеге асыру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта алдымен заңнамалық базаны жетілдіру қарастырылды. Талқыланатын негізгі мәселенің бірі – министрлік әзірлеп жатқан архив ісі саласында қызмет көрсетуді жетілдіру мәселесін заң жобасы негізінде жүзеге асыру болып отыр. Екіншіден, республикадағы мекемелердің заманауи ақпараттық инфрақұрылымын құру, электронды архивтерде сақталатын ресурстарға кең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін сервистерді дамытуымыз керек»,–дейді Мәдениет және спорт министрлігі Мұрағаттық іс және құжаттама департаментінің директоры Әлия Мұстафина.
Әлия Құсайынқызы заң жобасына байланысты республикалық, аймақтық архивтердің ұсыныстары мен талап-тілектерін министрлікке жолдауды сұрады. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген семинарда жеке қор, жобалық құжаттар, теле-радиоқұжаттарды цифрлық пішімге ауыстыру тақырыптары бойынша шеберлік-сабақтары көрсетілді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ