28 Қазан, 2016

Жәбірленуші шеккен зиян өтеледі

531 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Адамның денсаулығына зақым келтіру, дене жарақатын салу, оны еңбекке жарамсыз ету сияқты қылмыстық әрекеттер сотта қаралып, қылмыскердің жазасы белгіленеді. Дене жарақатынан емделген шығындары, сондай-ақ, жұмысқа жарамсыз қылғаны себепті тартқан шығындары қылмыскерден өтемақы түрінде өндіріліп алынады. Ал егер кәмелетке толмаған жапа шегушіге жыныстық қатынас жасау, адам саудасына іліктіру немесе денсаулығына зиян келтіретін вирустар жұқтыру шығындары қалай өндіріледі дегенге келетін болсақ, жуырда Мәжілісте осы мәселені қарастырған жәбірленушіге зиянды өтеу туралы заң жобасы қаралды. Біз осы заң жобасы туралы айтып беруді депутат Сапар Ахметов пен Евгений Козловтан өтінген едік. – Сапар Қайратұлы, мұндай заң жобасын әзірлеуге не себеп болды деп ойлайсыз?   – Біздің еліміздің Конституциясына сәйкес, адамдардың қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, зорлық-зомбылық жасауға, басқадай жәбір көрсетуге немесе қатыгездікпен жазалауға болмайды. Сондықтан да бүгінгі таңда тұлғаға қылмыс жасау арқылы келтірілген зиянның орнын толтыру мәселесі, яғни бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мемлекеттің және қоғамның міндеті болып есептеледі. Ал жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заң жобасы осының заңнамалық тұжырымдамасы болады. – Сонда бұл заң жобасының нақты мақсаты не? – Заң жобасының мақсаты – жәбір­ленушілерге қылмыстық құқық бұзу­шылықтар жолымен келтірілген зиянды өтеу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу және оны төлеу бойынша құқықтық-әлеуметтік және ұйымдастыру негіздерін белгілеу. Жәбірленушілердің құқықтарын қорғайтын бұл заң жобасының негізіне халықаралық құқық актілері, БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылдың 29 қарашасындағы қарарымен белгіленген декларация және 1983 жылдың 24 қарашасындағы еуропалық «Ауыр қылмыс құрбандарына өтемақы төлеу туралы» конвенция алынған. Өркениеті мен экономикасы жоғары дамыған 30 елдің қатарына кіру бағытында қаралып жатқан заң жобасы аса қажетті және маңызды қадам деп санаймын. – Оның пайдасы туралы не айтуға болады? – Заң жобасы жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды нығайтуға қызмет ететін болады. Ал жәбірленушінің мүдделері қорғалып жатса, олардың құқық қорғау орындары мен сот органдарына деген сенімі де арта түседі. Сондықтан бұл заңның жалпы қоғамымыз үшін пайдасы зор болмақ. – Евгений Александрович, енді сізге қайырылайын. Сіздің ойыңызша, бұл заңның қандай қажеттілігі бар?    – Бұл заң жобасы бойынша жәбірленуші өтемақы алуға қол жеткізеді, бұл – өте маңызды. Өйткені, осыған дейін біздің елімізде жәбірленушінің осындай түрлерінің өтемақы талап етуі заңнамалық нормамен реттелмеген еді. Дамыған елдерде болғанымен, осы уақытқа дейін бізде өтемақы тек сот шешімімен ғана берілетін. Онда да өтемақыға қол жеткізу оңай болмайтын. Мына заң жобасы қылмыстық әрекеттен жәбір шеккендерге өтемақы белгілеген және оның көлемін анықтаған. Сонымен қатар, бұл заң жобасы жәбірленушінің моральдық мүліктік зиян шегуін реттемейді. Бұл дұрыс та шығар, өйткені, заңнамаларында осындай нормалар бар басқа елдерде де солай. – Сіздіңше, бұл заң жобасының ерекшелігі неде, осы бағыттағы басқа заңнамалық нормалардан артықшылығы бар ма? – Бар. Мәселен, аталған заң жобасы бойынша жәбірленуші қылмыскердің ұсталмағанына немесе түрлі себептермен өтемақыны төлей алмауына қарамай, Қазынашылықтағы қордан тиісті өтемақысын ала алады. Тіпті, бұл өтемақы артынан қылмыскерден өндіріп алынбайтын жағдайға да қарамастан беріледі. Сондай-ақ, жәбірленушіден артық құжаттар талап етілмейді. Бізде нақ осындай себептер адамның дымын құртады ғой. Сонымен қатар, өтемақы алу уақыты нақты мерзіммен шектелмеген. Мұны да заң жобасының басқа осындай заңнамалардан артықшылығы деп санаймын. – Дегенмен... заң жобасының қандай да бір кемшін тұстары бар шығар? – Ондайлар да жоқ емес, мәселен, мені қанағаттандырмаған бір мәселеге тоқтала кетейін. Қорды құратын қаржылық көздер ретінде төрт қаражат көзі аталған. Соның ішінде «сот салатын тіркелген  төлемдер» де бар. Бұл төлемді осы уақытқа дейін сот алып келді. Осының өзі Конституцияда қарастырылмаған төлем еді. Енді соны мына заң жобасы бойынша Қорға аударатын болыппыз. Осыған жұмыс тобында наразылықтар көп болған-ды. Алайда,  соңғы түзетулерімен ұсынылған заң жобасында бұл төлем жоқ екен. Түзетулерде қордың қаражат көзі ретінде заңнамаға қайшы келмейтін түрлі төлемдер кіреді деп көрсетіліпті. Осы мәселе барынша нақтылануы керек еді деп ойлаймын. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»