28 Қазан, 2016

Есеп қайта тыңдалатын болды

250 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы, құрылыстың, жолдардың жағдайы талқыланды. Бағдарламаның аясында 14 миллиард теңге бағытталса, 11 миллиард теңге қаражат жолдарды қалпына келтіруге жұмсалған. «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық бөлімшесінің директоры Асқар Жанкин жиналғандарды «Бурабай–Көк­шетау–Петропавл» жолының және Ресейге апаратын жолдардың жағдайы­мен таныс­тырды. Оның айтуынша, «Астана–Петропавл» бағытындағы тасжолдың 87 шақы­рымын, «Пет­ропавл – Жезқазған» бағы­тындағы тасжолдың 11 шақырымын жөндеу жұмыстары биыл толық аяқталады. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлім Шүкенов мердігерлердің материалдарды оңды-солды үнемдейтінін, битумды аз қолданатынын сынға алды. Шалшық су мен саздың үстіне асфальт төсейтінін өз көзіммен көр­дім. Демек, жауапты компаниялар тарапынан іске бақылау жоқ деген сөз. Осындай оралым­сыздықтар салдарынан бір учаскені жылда жамап-жасқап жатқандары. Одан да күрделі жөндеу жүргізілсе, қаражат тиімді жұм­салар еді, деді ол. Өзгелер де осы пікірге қосылып, сапасыз жолдар мердігерлер есебінен жөнделуі тиістілігін қадап айтты. А.Жанкин мердігерлер жол сапасына бес жылға дейін жауап беретінін, келісімшартта олар банктік кепілдеме беретіндіктен, жауапкершіліктен жалтара алмайтынын, міндеттемені орындамаған жағдайда басқа компаниялар атқаратынын жеткізді. Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукин «Нұрлы жол» бағ­дарламасы шеңберінде Ғ.Мүсірепов ауданында – 400, Тайынша қаласында 300 орындық мектеп, Пет­ро­павл қаласында 320 орындық балабақша тұрғы­зыл­ғанын, бұл мақсаттағы қаржы тиімді жұмсал­ғанын көлденең тартты. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелерін облыс орталығындағы кей учаскелердегі су құбырларын тарту жайы қанағаттандырмады.  Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының міндетін атқарушы Тасмұрат Қадқадамовтың комиссия алдындағы есебі бір айдан кейін қайта тыңдалатын болды. Жиында мемлекеттік бағдарламаларды мүлтіксіз орындау, жемқорлыққа жол бермеу, алдын алу аса маңызды фактор екені атап көрсетіліп, шаралар белгіленді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы