28 Қазан, 2016

Ішкі конкурс – маман таңдау міндетін ширатуда

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мемлекеттік қызметкерлердің мансаптық ілгерілеуінде биылдан бастап жаңа жүйе қолданысқа енгізілген еді. Бұл орайда «Мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі» дегендері атаумен іске қосылған Австралия, Франция және Жапония елдерінің тәжірибесі ішкі конкурстар институты маман таңдау міндетін ширата түскен. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет департаменті директорының міндетін атқарушы Жарқын Тілеукенов пен Қазақстанның HR-менеджерлері қауымдастығының президенті Гүлмира Раисова баяндады. Мемлекеттік қызметке орналасуға жарияланған конкурсқа енгізілген жаңа жүйе тұтасымен үш кезеңге негізделсе, оның алғашқы екеуін алдыңғы кезекте ұйымдастыру міндетті деп танылады. Мәселен, мекемеде бос лауазым пайда болса, мемлекеттік орган ішкі конкурстың бірінші кезеңін өткізеді. Оған, ең алдымен, осы органның өзінде еңбек ететін төменгі сатыдағы лауазымдарға ие қызметшілер қатысуы тиіс. Мұндай амалдар мемлекеттік қызметшілерге өздерінің мансаптық ілгерілеуін ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, бірінші кезеңде ұйымдастырылатын бұл конкурста мемлекеттік органның мамандарымен қатар, оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері де қатыса алады. Ол үшін, әрине, үміткердің төменгі лауазымдарда еңбек өтілімен қатар,  соған сәйкес келетін білімі де басты назарға алынады. Ал мансаптық ілгерілеудің арқасында ішкі конкурстардың қорытындысы бойынша төменгі лауазымнан жоғары лауазымға ауысқан қызметшілердің саны 2 512 адамға жеткендігін айтқан Жарқын Оралханұлы, ішкі конкурстардың екінші кезеңі мемлекеттік қызметтегі тиісті еңбек өтілі бар барлық мемлекеттік қызметшілер арасында өтетінін тілге тиек етті. «Жыл басынан бері 651 мемлекеттік қызметкер ішкі конкурстардың екінші кезеңі арқылы жоғары лауазымдарға тағайындалды. Бұл жаңа жүйенің тиімділігін көрсетуде. Ал үшінші кезең туралы айтар болсақ, ол – «жалпы конкурс» деп аталады. Яғни, бұл мемлекеттік қызмет­керлер арасында тиісті үміт­керлер анықталмаған жағдайда ғана жарияланатын конкурс. Оған барлық азаматтар, тіпті, ешқандай еңбек өтілі жоқ жоғары оқу орындарының түлектері де қатысуға құқылы», – дейді ол. Баспасөз мәслихатының екінші кезеңі мемлекеттік қызмет өтілін есептеу тәртібіне қатысты әңгімемен жалғасты. Бұл туралы сөз сөйлеген Қазақстанның HR-менеджерлері қауымдастығының президенті Гүлмира Раисова агенттіктің ресми сайтына келетін сауалдардың басым бөлігі тап осы тақырыпты арқау ететіндігін айтады. «Естеріңізде болса, ағымдағы жылдың шілде айынан бері лауазымдық жалақыны бекітуге құқық беретін еңбек өтілін есептеудің жаңа ережелері қолданысқа енгізілген еді. Жаңа ережеге сай, лауазымдық жалақыны бекітуге құқық беретін еңбек өтіліне әскери қызмет, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардағы қызмет өтілі, арнайы оқу орындарындағы және арнайы бастапқы оқыту орындарындағы білім алу мерзімдері де есепте­леді. Сонымен қатар, лауа­зымдық жала­қыны бекітуге азаматтың мемле­кеттік мекемелердегі басшы­лық қызметтерінен құрала­тын еңбек өтілі де тіркеледі», – деді Гүлмира Болатқызы. Спикерлердің айтуынша, жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – шет­елде білім алған маманның еңбек өтілінің есептелуі. Яғни, соңғы әрі соны талапқа сай, егер қызметкер оқуға аттанар кезде мемлекеттік қызметте еңбек етсе және оқуы аяқталысымен сол қызметке қайта оралса, оның шетелде білім алған жылдары мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады. Ал биылдан бас­тап елімізде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң күшіне енгендігін ескерсек, мұндай өзгеріс өмірін мемлекеттік қызметке арнаған маманның мансаптық ілгерілеу жолының басты шарты болып саналатыны сөзсіз. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»