28 Қазан, 2016

Партиялық бақылаудың пәрменділігі

504 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
100-590ұйым мүшелері арасындағы тәртіпті нығайтады «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Партиялық бақылау департаментінің қызметкерлері жұмыс жоспарына сәйкес, партияның Ақмола облыстық филиалының және Бурабай мен Көкшетау аумақтық филиалдарының ішкі партиялық тәртіпті нығайту мәселелеріне қатысты қызметіне тексеру жүргізді. Осы жылдың тамыз айына дейінгі мәліметтер бойынша, өңірде «Нұр Отан» партиясына мүшелер қатары 44325 адамға жеткен. Бұл өткен жылғыдан 25 пайызға көп. Яғни, бір жыл ішінде «Нұр Отанды» қалап, сенім артқандар саны 8 938 адамға артып отыр. Партияның облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының құрамына ережеде көрсетілген мекемелер мен қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енгізілген. Облыстық комиссия биылғы жылдың бірінші жартысында екі отырыс, ал аумақтық комиссиялар 45 отырыс өткізіпті. Отырыстарда негізінен Қазақстан Президенті, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, сондай-ақ, партия мүшелерінің жарғы талаптарын орындау, партиялық тәртіпті сақтау мәселелері талқыланған. Партиялық бақылау комиссиясының жоғарыда аталған екі отырысында 10 мәселе талқыланып, соған байланысты 10 шешім қабылданған және 57 ұсыным берілген. Қаралған және талқыланған мәселелерге тоқталатын болсақ, онда өңірдегі өзекті әрі өткір проблемалар сөз болғаны байқалады. Олардың ішінде отырысқа қатысушылардың, әсіресе, партиялық тәртіпті бұзу фактілеріне баса назар аударғаны көрініп тұр. Биылғы жылдың бірінші жартысында тоғыз партия мүшесінің партиялық жауапкершілікке тартылып, бір нұротандықтың партия қатарынан шығарылуы соған мысал болып тұрғандай. Бүгінде билік партиясы өз мүшелерінің партиялық тәртіпті қатаң сақтауларына ерекше маңыз беруде. Себебі, әдеп кодексін бұзып, тәртіпсіздікке жол берген партия мүшесі партияның атына нұқсан келтіреді. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, Ақмола өңірінде жағымсыз әрекеттерге бой алдырып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған «Нұр Отанның» мүшелері де кездесетіні өкінішті. Мысалы, Целиноград аумақтық партия филиалында – 5, Ақкөлде – 3, Жарқайың аумақтық филиалында 1 партия мүшесі партиялық жауапкершілікке тартылыпты. Партия мүшелерінің арасында жемқорлыққа салынып, істі болғандар да бар екен. Олардың қатары біреу емес, бірнешеу екендігі ойлантады. Ретіне қарай айтатын болсақ, осы жылдың 10 наурызында Ақмола облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері И.Темірбаевты ұстады. Ол алдын ала сөз байласу арқылы, балабақшаны тексеру барысында анықталған бұрмалаушылықты актіде көрсетпеу үшін жеке тұлғадан 800 мың теңге пара алған. Қазіргі кезде оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, 2016 жылдың 25 наурызында Ақмола облысының Еңбекшілдер аудандық соты осы ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Е.Есімсейітовке қатысты әкімшілік істі қарады. 2003 жылдың ортасынан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесі өзіне бағынысты тұлғаның жемқорлық әрекетіне байланысты оған тиісті шара қолданбаған және құқық қорғау органдарына хабарламаған. Соттың қаулысымен Е.Есімсейітовке әкімшілік жаза ретінде 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды және ол партия мүшелігінен шығарылды. Өткен жылдың 19 қазанында партияның Саяси кеңесі «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің әдеп кодексін қабылдаған еді. Өңірдегі барлық 344 бастауыш партия ұйымдарында кодекс­те көрсетілген мәселелерді түсіндіруге және партиялық тәртіпті сақтауға байланысты іс-шаралар өткізілді. Аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың қызметінде кездесіп қалатын жемқорлық фактілері де талқыланды. Осы шараларға 25 мыңнан асатын нұротандық қатысты. Партия мүшелері арасында партия жарғысы мен әдеп кодексі нормаларын түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Қажетті ақпараттарды партия мүшелері ғана емес, кез келген адамның алуына жағдай жасалған. Жалпылай алғанда, 2016 жылдың өткен сегіз айында облыс аумағында жемқорлық сипатындағы 124 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліпті. Бұл мәселеде Көкшетау қаласы, Целиноград, Еңбекшілдер, Бурабай, Зеренді аудандары мен Степногор қаласы алдыңғы орында тұр. Кейде құқық тәртібін бұзушылық «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің арасында да кездесетіні белгілі. Мысалы, Жарқайың ауданындағы Отрадное ауылдық округінің әкімі М.Мұқанов осындай әрекеттері үшін партия қатарынан шығарылды. Біз мұны өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен әдейі келтіріп отырмыз. Өңірлік және аумақтық партиялық бақылау комиссияларының мүшелері жеке және заңды тұлғалардың жемқорлықпен күреске, сондай-ақ партиялық тәртіпті сақтауға қатысты түскен өтініштері мен шағымдарын өз мезгілінде қарап, тиісті ұсыныстар жасап отырады. Биылғы жылдың бірінші жартысында филиалдың партиялық бақылау комиссиясына тоғыз жазбаша өтініш түскен. Оның төртеуі партияның Орталық аппаратына жолданған өтініш-хат. Партиялық бақылау комиссиясы мүшелерінің белсенділікпен жүзеге асыратын тағы бір жұмысы – азаматтарды қабылдау. Есепті кезең ішінде комиссия мүшелері 15 рет азаматтарды қабылдау ісін өткізген. Онда әртүрлі мәселелерді қамтитын 39 өтініш-шағым қарастырылыпты. Ал аумақтық комиссиялар 158 мәселе бойынша 100-ден асатын қабылдауды жүзеге асырды. Комиссия, сондай-ақ, мүдделі мемлекеттік органдардың және қоғамдастықтың қатысуымен партия бағдарламаларының орындалуын тексеру мақсатында жергілікті жерлерге рейдпен жиі шығып тұрады. Жылдың алғашқы жартысында осындай 22 рейд өткізілді. Партияның Ақмола облыстық және аумақтық филиалдары тарапынан жүзеге асырылған іс-шаралар – семинарлар мен дөңгелек үстелдер, өзге де жиындар баршылық. Олардың барлығы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын, басқа да бағдарламалық құжаттарын іске асыруға бағытталған. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»