Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Сұлтан ӘКІМБЕКОВПЕН әңгіме
– Бүгінде түрлі елдердің сарапшылары өзара кездескен кезде әлемдік проблемаларды талқылайтын пікірсайыс алаңдары аз емес. Астана клубының басты айырмашылығы неде?
– Көптеген пікірсайыс алаңдары АҚШ-та, Еуропада, Ресей мен Қытайда жұмыс істейді. Бұл елдер халықаралық сараптамалық дискурста үстемдікке ие болып, талқылау тақырыптарын қалыптастырады. Дегенмен, тіпті сарапшылық пікірсайыстар уақытының өзінде олардың арасында идеологиялық қарсы тұрушылық жалғасын тауып жатады, ал ол кейде нақты проблемалар бойынша бәтуалар іздеуге кедергі келтіреді. Өткен жылы құрылған Астана клубы – әлемдік сарапшылар арасындағы пікірсайыстар жетекші державалардан тыс жерлерде өтіп, ешқандай идеологиялық астарға негізделмейтін сирек жағдай болып табылады. Оның сыртында Қазақстан Еуразияның стратегиялық орталығында – Ресейдің, Қытайдың, ислам әлемінің, ЕО мен АҚШ-тың арасында орналасқан. Өзінің қолайлы географиясы, бейтарап ұстанымы және жүргізетін көпвекторлы саясаты арқасында республика жетекші державалардың қарама-қайшы қарым-қатынастарында «адал брокер» бола алады.
Сонымен бірге, біз Астана клубы жұмысының тұжырымдамасына ыждағаттылықпен қараймыз: сарапшылар өзекті әлемдік проблемаларды ашық талқылай алуы үшін клуб шеңберіндегі талқылаулар Chatham House қағидаты бойынша «жабық есік» жағдайында өтеді. Мұндай қағидат бойынша жұмыс істейтін пікірсайыс алаңдары әлемде онша көп емес, бұл да болса Астана клубының тағы бір ерекшелігі. Өткен жылы клуб жұмысына қатысатын сарапшылар бәлкім көптеген жылдар ішінде алғаш рет өзге елдерден келген әріптестерімізбен сенімді түрде қарым-қатынас жасап, оппоненттердің жаһандық проблемаларға деген объективті көзқарастарын тыңдаған шығармыз деп атап өтті.
– Қарашада Астана клубының екінші отырысы өтеді. Клубты ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың алдында биылғы жылға қандай мақсат немесе күрделі міндеттер тұр?
– Астана клубындағы кездесуде біз әлемнің жетекші мемлекеттері, өңірлік державалары және құрлықтың шағын елдері арасындағы Орталық Еуразияның болашағы туралы үнқатысуды дамыту ниетіндеміз. Жаңа «қырғи-қабақ соғыс» тәуекелін ушықтыратын және өңірлік дау-жанжалдарды шиеленістіретін әлемдік ірі державалар арасындағы күшейіп келе жатқан қақтығыстарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Мұндай сценарийге Қазақстан мүдделі емес және Еуразияның орталық бөлігінің бүкіл елдерінің де сондай ойда екеніне сенімім зор. Сарапшылық пікірсайыстар үшін алаң ұсына отырып, Астана елдердің бір-бірімен тіл қатысуды жалғастыруына және проблемаларды бәтуаласа шешуді бірлесіп іздеуге көмектесуге тырысады.
Оның сыртында Орталық Еуразияның теңіз сауда жолдарынан оқшауланған елдері әлемдік қоғамдастықтың біртұтас бөлігі болғысы келеді және сол үшін өз аумақтары арқылы құрлықтағы маршруттарды салып, сыртқы ойыншылар инвестиция салған көлік инфрақұрылымы жобаларына атсалысады. Теңізге шығатын тікелей жолы жоқ Қазақстан Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) инфрақұрылымдық бастамасы іске қосылардан көп бұрын Еуразиялық көлік дәліздерін салу жұмысын бастап кетті. Бүгінде олар Қытайдың ЖЖЭБ жобасын үйлесімді толықтырады. Дегенмен, Еуразияда көлік құрылысына қатысып жатқан елдер арасындағы дау-жанжалға жол беруге болмайды. Қатысушылардың мүдделерін жақындастыру үшін Астана клубы пікірсайысының елеулі бөлігі еуразиялық инфрақұрылымдық жобаларға арналатын болады. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразияның маңызды геоэкономикалық қиылысына айналу.
– Еуразияда болып жатқан оқиғалар былайғы әлемге де ықпал етеді. Еуразия проблемаларын шешуде Қазақстан өз рөлін қандай дәрежеде көреді?
– Бүгінде АҚШ – Ресей – Қытай үшбұрышындағы геосаяси қарсы тұрушылық Сауд Арабиясындағы, Ирандағы, Сириядағы, Түркиядағы, Пәкістандағы, Ауғанстандағы өңірлік қарама-қайшылықтарға әсер етуде, ал ол Еуразия қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді. Мұндай жағдайда елдер арасындағы қарама-қайшылықтарды неғұрлым азырақ дау-дамайлар деңгейіне ауыстыруға қабілетті делдал қажет. Еуразияның барлық елдерімен тең қарым-қатынас қалыптастырған Қазақстанның өзіне делдал рөлін алуына толық негіз бар. Оның үстіне еліміз соңғы жылдары оны нақты мысалдармен дәлелдеді.
Халықаралық делдалдар «алтылығы» мен Тегеранның 2013 жылғы Қазақстанда өткен келіссөздерде Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі тұйыққа тірелген ахуалды еңсергенін еске түсірейік. Өз аумағын тараптардың үнқатысуына ұсына отырып, Астана сол жолы маңызды өңірлік медиатор рөлін атқарды. 2015 жылы Қазақстанда елімізге деген әлем қауымдастығының сенімін тағы бір рет растаған Ядролық отын банкі өз жұмысын бастады. Анкараның ресейлік бомбалағышты атып түсіруінен 2015 жылдың күзінде шиеленісе түскен Ресей-Түркия қарым-қатынасын реттеуде Қазақстан маңызды мәмілегерлік рөл атқарды.
– Астана клубының алдағы екінші отырысының күн тәртібінде қандай тақырыптар тұр?
– Астана клубы екінші отырысының тақырыбын біз түрлі елдердің сарапшылары сұраныстарын басшылыққа ала отырып қалыптастырдық. Алда тұрған кездесудің күн тәртібінде еуразиялық көлік инфрақұрылымын дамыту, мұнай бағасының құрлық елдері экономикасына ықпалы, Еуразиядағы көші-қон проблемасы және адами капиталдың өсу перспективалары сияқты мәселелер бар. Таяу Шығыстағы ахуал, Ресей мен Батыстың өзара қарым-қатынасы, Қытайдың әлемдік саясат пен экономикадағы рөлі – бұл тақырыптар да клуб отырысының күн тәртібінде тұр. Орталық Азия өңірінің проблемасын сарапшылар жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер тұрғысында талқылайтын болады. Сонымен бірге, Еуразия геоэкономикасы пікірсайыстардың басты тақырыбы болып қалмақ.
– Ұйымдастырушылар Астана клубының екінші отырысынан не күтеді және сарапшылық пікірсайыстар неғұрлым өткір әлемдік проблемаларды шешуге қалай ықпал етпек?
– Біріншіден, біз пікірсайыстар сындарлы және пайдалы болады деп үміттенеміз. Екіншіден, Астана клубы шеңберінде талқыланатын проблемалар қазірдің өзінде шешім қабылдауға жауапты тұлғалар назарында, бірақ пікірсайыстардың олардың ахуалға жаңаша қарауына көмектесетіндігіне сенгіміз келеді. Мәселен, өткен жылы клуб отырысы кезінде Қытай Трансауғандық газ құбырына қолдау көрсететінін алғаш рет мәлімдеді. Кейін біз ол мәлімдеменің жүзеге аса бастағанын көрдік: Бейжің Кабулмен қарым-қатынасты нығайтты және одан кейінгі перспективалар да қуанарлықтай. Үшіншіден, сарапшылардың әлемдік проблемалардың егжей-тегжейін жабық форматта баяндауы елдердің достық іс-қимылды түсінуіне және қарама-қайшылықтарды шешу үшін негіз қалауына көмек көрсетуі мүмкін.
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»