28 Қазан, 2016

Ерлік деп, батылдық деп осыны айт!

1490 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
astana_sightseeingТәуелсіздік бізге елі сүйген, елін сүйген Елбасымен бірге келді. Қазақ елінің Президенті алпауыт мемлекет басшылары санасар жаһандық саяси тұлғаға айналды. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің рес­ми құжаты мәртебесін алуы сөзі­мізге дәлел. Еуропа­дағы қауіп­сіздік және ынтымақ­тастық ұйымының саммитінің біздің елде өткізілуі де Елбасы беде­л­імен байланыс­ты. Шанхай Ын­тымақтастық Ұйымын құруы да Елбасының даналығы. Тәуелсіздіктің арқасында түбі бір түркі дүниесінің басы қосылды. Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесі жұ­мыс істеуде. Халықаралық Түр­кі академиясы құрылды. Бей­біт өмірді жақтайтынын ресми мәлімдеген Елбасы Н.Ә.Назар­баев 1991 жылдың 29 тамы­зында «Семей полигонын жа­бу туралы» Жарлыққа қол қой­ды. Бұл – біздің еліміз үшін тари­хи факт ғана емес, батыл ше­шім әрі батыл қадам. БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ха­лықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Тарихи кезең – Тәуел­сіздіктің 25 жылдық мерейтойы қар­саңында Елбасы Үкіметтің кеңей­тілген мәжілісінде қазақ­стандықтардың өмір сапасын төмендетпеуді тапсырды және алдымызға бірқатар маңызды міндеттер қойды. Дүние жүзіндегі экономикалық ахуалдың жақсарып кетуіне үміттену әурешілік екенін, ал­дағы уақытта қамтылар жаңа ша­­ра­ларды қарастыра отырып, бұ­ған дейінгі атқарылып келе жат­­қан жұмыстардың жүйелі түр­де жүргізіле беретінін қадап айтты. Жарты миллионға жуық хал­қы бар Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауда­нының халқы үшін Тәуелсіздік тартқан үлкен сый бар. Ол – Сырдария көпірі. Жалпы ұзын­дығы 5,3 шақырымды құрайтын алты көпір салынды, оның ең ұзыны – 437 метр. Мемлекеттік бюджеттен 3 миллиард теңгеден асатын қаржы жұмсалған бұл көпір аудан халқын көрші аудандармен, облыс орталығымен байланыстырып қана қойған жоқ, өңір экономикасының өсуі­не мүмкіндік берді. Мақ­та­аралға қуаныш осы көпірмен кел­ді десек, артық болмайды. «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» трансқұрлықтық дәліз іс жүзіне асырылды. Елордамен жалғастыратын бірнеше жаңа жолдар салынды. Сонымен бірге, темір жолдың табаны тимеген Ұлытау жеріне пойыз қатынайтын болды. Бұл да тәуелсіздік сыйға тартқан табыс. ХХ ғасырда бар-жоғы 1442 шақырымды құрайтын Түрксіб пен патша заманында салынған Транссібір магистралін қосқанда барлығы 11 мың шақырым ғана темір жол болған екен. Ал тәуелсіздік жылдары 4 мың шақырымға жуық темір жол салыныпты, қазіргі кезде барлығы 15 мың шақырымға жуық темір жол халыққа қызмет етуде. «Жігерлі болса – ер болар, бірлікті болса – ел болар» деген жүз жасаған Жамбыл жыраудың дана сөзін іс жүзінде шындыққа ұластырған, түрлі ұлт ұрпақтарының басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде еліміздегі тұрақтылық пен татулықты сақтаудың басты берік тұғырына айналды... Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғым. Ол тереңдігі мен кемелдігінің арқасында тар кезеңде қол бастады. Кез келген қиындықтан шығар жолды табуда қателеспеуге барын салды. Оған айқын бір дәлел – астананы көшіріп, жаңа қала тұр­ғызып, Астана қаласын са­луы. Елбасы сөзімен айтар болсақ, «Біз армандарды ақи­қатқа айналдырдық». Астана – тәуелсіздігіміздің бойтұмары, мемлекеттігіміздің басты күші. «Астананың алғаш­қы авторы – Тәуелсіздік. Қазақ­стан тәуелсіздік алмаса, Ас­тана өмірге келмес еді. ...Тәуел­сіздіктің басты белгісі – өзің­нің тағдырыңды өзің шешуге қабі­леттілігің. Тәуелсіз саясат жүргізе алуың. Астана – Қа­зақ­стан халқының дербес таң­дауы. Астана – елдің болашаққа салған көпірі. Жаңа қоғамның символы», – деді Президентіміз. Сарыарқаның сары белінде ұлан-байтақ қазақ жерінің орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі ғасырлар тоғысындағы тарихи құбылыс. Жаңа мәдени-ғылыми және саяси-экономикалық алып ортаның, Отанымыздың күретамырына қан жүгіртетін, жан бітіретін сәулетті, қуатты орданың дүниеге келуі – бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің бас­тау күші, қайнар бұлағы. Айтылғанда құлаққа әуезді әрі әсерлі естілетін осы бір тама­ша атауды ойлап тапқан да, ша­ғын ауласынан бастап тәуел­сіздік символына айналған «Бәй­терекке» дейінгі барлық құры­лыстың сызбасын сызып, сәу­летін сәулелендірген де Пре­зи­дент екендігін қазақстандықтар жақсы біледі. 1997 жылы Елбасы Н.Ә.На­зар­­баев­тың Жарлы­ғымен астананы Алматыдан Ақмо­лаға көшіру туралы ше­шім қабылданған сәт барлығы­мыздың да есімізде. Қалың жұртшылықтың әрі-сәрі күй кеш­кені де жасырын емес. Елор­­даны Алматыдан Астанаға көшіру тәуелсіз мемлекеттің алғашқы стратегиялық шешім­дерінің бірі болатын. Жанашыр жандар жанұшыра жанкештілікпен еңбек етсе, кейбіреулер әліптің артын бағып, керіспесе де келіспейтіндерін жасырмай, жапа-тармағай жарыса жазып та, айтып та жатты. Көреген көшбасшы 1998 жылы 6 мамыр күні жаңа елорданың атауын Астана атағанда таңдай қаға таңырқағандар да, таласа талқылағандар да болды. Елбасыны елі қолдады. Елдің елдігі мен теңдігін сақтау жолындағы іргелі ісінің бірі ғана емес, бірегейі болғанын бүгінде өткен уақыт дәлелдеп, тарих таразылап отыр. Президент: «Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек. …Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!», – деп жазып, Бразилияның астанасы Бразилиа деген мысал келтіреді. Ақорда – Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы. Ол Астананың басты мақтанышы. Ақорда – ел дамуының жаңа философиясының көрнекі бейнесі. Ақордаға қойылған қазақстандық суретшілердің туындылары Қазақстанның тұтас тарихын таныта алады. Қазақтың маңдайына біткен талантты ұлы, белгілі суретші Бексейіт Түлкиевтің «Ұлы көш» атты картинасы көрген көздің жауын алып қана қоймай, сан мың ойға жетелеп, санаға серпін, сілкініс сыйлайды. Ұлы Дала дәстүрі сабақтас­тығының сақталу идеясы мен еуразиялық толеранттылық мәдениеттің жалғасуы, өркениет биігіне ұмтылған Тәуелсіз Қазақ­станның жасампаздығы – сәу­леттік ансамбльдің компо­зи­циялық өзегін құрайды. Бүгінде көрікті де әсем Астананың орта­лы­ғындағы Сулы-жасыл бульвар, Қазақстан Президентінің резиденциясы – Ақорда, Астананың басты символы – «Бәйтерек», Қазақстан Тәуелсіздігінің символы – «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік Сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана Опера» театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Хан Шатыр», «Астана Арена» стадионы, Назарбаев Университет, тағы басқа да ғажайып ғимараттар көрсең көз тоятын сұлулық сыйлап, көкіректе мақтаныш сезімін ұялатады. Астанадағы ғажайып орындардың бірі – «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы. Жаңа қала осінің солтүстік жағын ала бере, көздің жауын алатын, екі жүз метрлік, көшпенді алыптың қолымен тұрғызылған хан шатырлары қала тұрғындары мен қонақтарына есіктерін айқара ашып, көпшілікті таңғалдырып келеді. Бірегей сәулет-құрылыс тұжырымдамасы Сарыарқаның қатал климатына төтеп беретіндей ойластырылып, бірнеше табиғи ландшафт ұсынылған. Жарық, ылғалдылық пен температура жыл бойы бақыланып тұрады. «Хан Шатыр» ауа райы қатал аймақтың тұрғындары үшін жайлы орынға айналды. Елбасы идеясының бір жемісі болып табылатын «Хан Шатыр» – келешектегі шатырлы қалаға барар баспалдақ. Алтын шапақты күн мен 97 метрлік биіктігі, әлемдік жаратылыстың үш негізін білдіретін үш бөліктен тұратын ішкі сәулеті «Бәйтерек» монументін ерекшелендіріп қана қоймай, Қазақ елін әлемге мәлім етті. «Бәйтерек» десе – Астана, Астана десе – «Бәйтерек» деп қатар аталатын егіз ұғымға айналды. «Бәйтерек» – Қазақстан символы! «Бәйтерек» – Астана символы! Адам қиялының жемісі Астанаға келушілерге кең-байтақ Қазақстанды алақанда тұрғандай бір мезгілде аралап көріп, оның сәулеті мен жерінің тарихымен танысып ертегідей елітер керемет сәт сыйлауға ие болды. Сөзіміздің дәлелі – «Атамекен – Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені. Еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден келушілерге бір мезгілде тарихымыз бен табиғатымызды таныта алатын бұл кешен елордамызға көркем көрініс қана емес, тарихи келбет беріп тұр. Осы этнопарк жанында күмбезді кеңістік, океанариум, кинозалдан тұратын «Думан» ойын-сау­ық кешені бар. Күмбезді залда Қожа Ахмет Ясауи кесе­несі, Ұлы Қытай қорғаны, Галикар­нас кесенесі, Бостандық ескерт­кіші орналасқан. Ал акватеатр­да қызықты көл шоуын және қастарындағы жыртқыш ба­лық­тарды бақылауға болады. Ерте замандағы хандық­тар­дың құрылуынан бастап Қазақ­стан­ның егемендігін алғанға дейін­гі уақытты қамтитын, тарихы­мызды тамашалай алатын Елбасы­ның мәдени орталық мұра­жайы Астана ажарын аша түскен. Тәуелсіздігіміздің тұғы­рын­дай аспанға асқақ қарап тұрған «Қазақ елі» тарихи ескерткіш монументі біздің қаншалықты іргеміз берік, шаңырағымыз биік екенін білдіреді. Стеланың ұшар басында бейнеленген алып Самұрық құс – еркіндіктің, күш-қуаттың, кеңдік пен тәкаппарлықтың символы. Мәрмәр тастан жасалған асқақ мұнараның ұшар басында заңғар аспан еркесі – Самұрық құстың бейнесі қондырылған. Сондай-ақ, астанамыз – келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің, кемелді келешектің қаласы. Сарыарқа самалымен тербелген ерке Есілдің бойындағы ғажап қала. Ол 2017 жылы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге дайындалуда. Нұрсұлтан Назарбаев – Астананың бас құрылысшысы ғана емес, бас сәулетшісі әрі барлық идеялардың авторы. Бас қаланы салуға жаны мен рухын қатар салған Мемлекет басшысы алдына үлкен міндеттер қоя білді және оларды орындап келеді. Өзінің төл перзентіне айналған Астана туралы Елбасы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «… Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көп ұлтты және көп дінді халқы бар әсем де мейірлі астанамыз, міне, осындай қала», – деп жазады. Ең құнды байлық адам капиталы дейтін болсақ, Астана адамдарымен асқақ, адамдарымен алып. Ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылатын Астананың өсіп, көркеюі осы адамдардың еңбегіне тікелей байланыс­ты. Халық игілігіне салынып жатқан керемет кешендерге қамқорлықпен қарап, көзінің қарасындай қорғап жүруі, Астананың дамуына үлес қосуы – өз Отанына деген кез келген қазақстандықтың азаматтық борышы және парызы. Елбасы – халқының тірегі. Бір тілекте жүргенде ғана межелеген мақсатымызға жетіп, шыңды да бағындыра алатынымызды уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан да бәріміз бір атаның баласындай бірлікте, ынтымақта ұйымдасып, ұрпаққа тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен баяндылығын сақтап, оны жеткізуді ойлайық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шерхан Мұртаза: «Басшы біреу болсын, басқамыз соған тіреу болайық!», – деген еді. Өте дұрыс айтылған. Ендеше, барлығымыз Елбасымызға тіреу бола білейік. Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессоры