29 Қазан, 2016

«Бақыт деген – жақсылықты қайтару...»

328 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
belger2Алматыдағы Ұлттық кітапханада Герольд Бельгер атындағы мемориалды кабинет ашылды. Сонымен қатар, жазушының белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың Әлеуметтік және гуманитарлық қорының қолдауымен жарық көрген «Плетенье чепухи» атты кітабының 1-ші томының тұсаукесері өтті.  Қазақстанның халық жазушысы, елуден астам кітаптың авторы, публицист, қазақ әде­биеті классиктерінің көптеген шығармаларын орыс тіліне аударып, әлемге танытуда өлшеусіз үлес қосқан Герольд Карлович Бельгердің дүниеден өткеніне екі жылға жуықтады. Ресейде дүниеге келіп, қазақ ауы­лында өскен ұлты неміс жазушы қаламгерлігімен қоса қайраткерлігі арқылы да танылған тұлға. Мемориалды кабинеттің ашы­­лу­ына арнайы келген жазу­шы­ның зайыбы Раиса Зәкір­қызы Хисматуллина өзі үшін аса қымбат кітаптың жарыққа шыққанына қуанғанын, өйткені, Гер-ағаң үшін өз күнделігін кітап етіп шығару үлкен арман болғанын, сол арманның орындалып отырғанын айтты. «Ол әрқашан «Әрбір адам үшін бақыттың өз өлшемі бар. Мен үшін бақыт деген – маған жасалған жақсылықты қайтару, жақсылыққа жақсылықпен жауап бере білу. Қазақ елі – менің туған ортам, өз Анам болды» деп айтатын еді. Ол Отан алдындағы, туған жер, қоғам мен жақын адамдары алдындағы борышын өтеп кетуді мақсат тұтты. Сол борыш үшін еңбек етті. Көз жұмар алдында жансақтау бөлімінде ояту үшін қызым екеуіміз «Оянсаңшы, кітабыңды шығару керек қой» деп айтқанымызда, ес-түссіз жатқан оның көзінен бір тамшы жас домалап ағып түсті... Ұлы даланың ұлы немісі аталып кеткен Герольд Карлович өмірден озғанда қазақ халқы тарапынан соншалықты ыстық ықыласты көремін деп күтпеп едім», – деп тебірене көзіне жас алған Раиса Зәкірқызы жиналған қауымға алғысын білдірді. Жазушы дүниеден өткен соң құрылған қордың директоры Қанат Төребайдың айтуынша, қор ұжымы Герольд Бельгердің 8 жасынан бастап жазған, бар­лығы 30 дәптерден тұратын күн­деліктерін «Плетенье чепухи» деген атпен 4 том етіп шығаруды ойға алған екен. Гер-ағаңның аманат етіп кеткен мұрасын көпшілік назарына ұсынуды парыз санаған Ермек Тұрсыновтың аталмыш қоры 2 мың дана таралыммен шыққан алғашқы томды еліміздің барлық кітап дүкендерінен сатып алуға болатынын айтты. Герольд Бельгер есімін есте қалдыру мақсатында, сондай-ақ, «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Бельгер» атты деректі фильм де жиналған жұрттың назарына ұсынылды. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ