Кей кездері «банк» дегеннің «танк» сияқты елестейтіні бар. Құжат толтырып, қол қойып, несиеге қаржы алдың ба, банк сол ақшаны қайтарғанша төбеңнен төніп, таптап кете жаздайды. Содан ба, банктерден несие алғандардың «жыры» еш таусылған емес. Әрине, «Қарызды қайтара алмайтын болса, несиені несіне алады?» деп, банк жағалаған жұртты да жазғыруға болмайды. Несиеге ақша алуды білгенмен, осы саладағы жеңілдіктерді, көмектерді қарапайым халық әлі де жақсы түсінбейді.
Міне, осыған орай жақында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы ғимаратында көшпелі қоғамдық қабылдау өтіп, тұрғын үй және ипотекалық займ мәселелері бойынша жүгінген азаматтардың өтініш-тілектері тыңдалды.
Партия республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов, партияның Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік және Қазақстан Республикасы банк-омбудсмені Ерсерік Сиырбаев, Ұлттық банк пен барлық екінші деңгейлі банк филиалдары басшылары мен өкілдері қатысқан жиынға шағымданып келген азаматтардың қарасы көп болды. Нақтырақ айтсақ, бұл күні партияның облыстық филиалына отыздан аса тұрғын келіпті. Олардың барлығы дерлік тұрғын үй мен ипотекаға байланысты шағымын айта келген азаматтар.
Келушілерге өткен жылдың 24 сәуірінде Ұлттық банк бекіткен «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасын іске асыру барысы, тәртібі мен шарттары түсіндіріліп, оларға екінші деңгейлі банк өкілдері кеңес берді.
Аталған бағдарлама тұрғын үй үшін көп сомада қарыз алған азаматтардың берешегін өтеу талаптарын жеңілдетуге бағытталған. Әлбетте, бірінші кезекте халықтың әлеуметтік осал топтарына бірінші кезекті қолдау көрсетілетін болады дейді мамандар. Бағдарламаға сай азаматтар қарыздарын осы жылдың 31 желтоқсанына дейін қайта қаржыландыруға мүмкіндіктері бар екен.
Қабылдау кезінде сөз алған «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов ұйымның мемлекет саясатын жүзеге асыруда абыроймен атқарып келе жатқан жұмыстарымен және алға қойған мақсаттарымен бөлісіп, жеткен жетістіктерді баяндап өтті. Ол 2016 жылдың 8 айында партия қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барлығы 138 865 азамат түрлі өтінішпен келсе, оның 1576-сы ипотекалық несие мәселесіне қатысты болғанын айтты. Сол өтініштің 128-і Жамбыл облысына тиесілі екен.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы