01 Қараша, 2016

Жасампаздық жылнамасы

358 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
28-tamyz-2001-zhyl-eg2001 * 27 тамызда Алматыдан 35 шақырым жерде қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі ерен ерлігіне арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты рәсімге қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас-аяғы 300 жылдай мерзімге созылған қазақ-жоңғар соғысын қазақ халқының Ұлы Отан соғысы деп атауға болатындығын айтқаны жиналған қауымның айрықша ыстық ықыласына бөленді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің 28 тамыз күнгі нөмірінде «Ұлы Отан соғысындағы ерен ерліктің ескерткіші» тақырыбымен мақала жарық көрді. * 28 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік эпицентрі» кітабының тұсаукесері өтті. Ядролық қарусыздану мәселелеріне арналған бұл кітапта Қазақстандағы Семей полигонын жабудың жай-жапсары да әсерлі әңгімеленген. * 29-30 тамыз күндері Семей ядролық полигонының жабылғанына 10 жыл толуына орай Алматыда ядролық қарусыздану мәселелеріне арналған «XXI ғасыр ядролық қарудан тазарған дүниені қалайды» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Адамзат қашанда бейбіт күнге ынтық. Планетаның төбесінен Дамокл селебесі төніп тұрған жарты ғасыр ядролық қарудан ада әлем үшін толас таппаған күреспен өтті. Егер адамзат ядролық ессіздіктің құрдымына құлап кетпей, аман тұрса, мұның өзі сол қаруды таратпауды жақтаушылардың қуатты үнінің, ғалымдардың ядролық апаттың қатері жөніндегі пайымдауларының, адамдардың бейбітшілікке ұмтылуының арқасы. Біздің конференциямыз ізгілікті мақсатты – XXI ғасырды адамзаттың ядролық қатерден құтылатын ғасырына айналдыру мақсатын көздейді. Біздің даусымыз бүкіл әлемге естілуге тиіс, естіледі де!», деді Елбасы. * 3 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында елдегі жағдайды және 2002 жылғы ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын баян ететін Қазақстан халқына Жолдауын арнады. «Бізді алдымызда үлкен міндеттер күтеді. Тұжыра айтсақ, бұл дегеніміз – не саяси, не болмаса діни немесе ұлттық экстремизм орын ала алмайтын мемлекет құру», деді Елбасы өз Жолдауында. *4 қыркүйекте Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанға жеке сапармен келген Испания Королі Хуан Карлос І-ді қабылдады. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық, қарым-қатынас мәселелері сөз болды. * 5 қыркүйекте Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назар­баев Қазақ­станға үш күн­дік сапармен келген Латвия Премьер-ми­­­ни­стрі А.Берзиньшті қа­был­­дады. Премьер-Министр А.Берзиньштің Ас­танаға сапа­ры екі­жақ­ты қатынастарға шарт­тық құқықтық негізін қа­­ла­ды. Премьер-ми­ни­стр­мен бір­ге латыш биз­несмендерінің өкі­­л­ет­ті тобы келді. Келіс­сөздер нә­ти­жесінде, саяси қа­ты­нас­тар және экономикалық ынтымақ­тас­тықтың келешекті ба­ғыт­­тары туралы бірлескен мәлім­деме қабылданды. Сапар шең­берінде Үкімет­аралық коми­ссияның тұң­ғыш отырысы өтті. *6 қыркүйекте Ақтау қаласында Қазақстан жастарының конгресі өтті. Конгреске қатысушылар алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. «Халқымызда «Жас келсе – іске» деген қанатты сөз бар. Қазақ қашанда жасқа сенім артып, жас өскінді бетінен қақпай өсірген. Ата жолын қуу, әкенің ісін жалғастыру дәйім перзент парызы саналған. Біз де сіздерге сенім артамыз», деді Президент. * 11 қыркүйекте АҚШ-та террористік актілер орын алды. Қазақстан ғаламдық қауіпсіздікке ат салысу үшін Ирактағы халықаралық коалиция күштеріне қосылды. АҚШ тарапының сұрауы бойынша Иракқа инженерлік-саперлік отряд жіберілді. * 13 қыркүйекте Қызылорда облысында республикада бірінші болып іс жүргізу толықтай мемлекеттік тілге көшірілді. Тәуелсіздік тойының алдындағы бұл қадам шын мәнінде тарихи оқиға болды. * 14 қыркүйекте бірқатар маңызды шаралар болды. Осы күні Алматыда Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы мемлекеттер үкіметтері басшыларының отырысы өтті. Онда алты тарапты үлгіде ынтымақтастықтың басымдық берілетін салалары қаралды, осы үдерісті жандандыру және тереңдету жөнінде нақты қадамдар белгіленді. Президент Н.Ә.Назарбаев аталған жиынға қатысуға келген ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер үкіметтері басшыларын қабылдады. Мәселен, Қазақстан Президенті мен Ресейдің үкімет басшысы М.М.Касьяновтың кездесуінде Каспий мұнай құбыры консорциумы жобасы және Каспий теңізінің шекарасын делимитациялау жөніндегі келіссөз үдерісі туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Чжу Жунцзимен кездесуде екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды. 18-kyrkuyek-2001zhyl-eg* 15 қыркүйекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы АҚШ елшілігінде болып, сондағы Аза кітабына Вашингтон мен Нью-Йорктегі қайғылы жағдайларға байланысты Америка халқына көңіл білдірді. Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Джордж Бушқа жолдаған арнайы хатында қарсы қимылдар жасау кезінде АҚШ билігі даналық танытатындығына сенім білдірілген. Бұл жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінің 18 қыркүйек күнгі нөмірінде «Қазақстан АҚШ-қа кез келген көмек көрсетуге даяр» тақырыбымен хабарлама жарық көрді. * 22 қыркүйекте Рим Папасы Иоанн Павел ІІ Қазақстанға мемлекеттік сапары басталды. Бұл Рим Епископы, Ғайсаның жердегі ізбасары, Апостолдар Князінің мұрагері, Әлем Шіркеуінің Жоғарғы Бас Пірі, Батыс Патриархы, Италия Примасы, Рим Провинциясының Архиепископы, Митрополиті, Ватикан шаһары – мемлекетінің басшысы, Бір Тәңірдің үмбеттерінің үмбеті деп ардақтала аталатын Шапағатты Әкейдің Орталық Азия жеріне тұңғыш табан тигізуі болатын. Ертеңінде Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументі жанындағы алаңда Иоанн Павел II Қазақстан және Орталық Азия католиктеріне арнап Қасиетті месса өткізді. Оған 35 мыңдай адам қатысты. Сапары барысында Рим Папасы Иоанн Павел ІІ қазақ тілінде: «Саған Құдайдың рақымы жаусын, Қазақстан! Сен келешекте қарыштап дамитын ел боласың, Қазақстан!» деді.