05 Наурыз, 2011

Әйелін ардақтаған қоғам алға басады

826 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Қазақ елінің өркендеп, да­му­ы­­­на жалпы әйел­­дердің қо­сып жат­­қан үле­сі қан­дай? Саяси, эко­но­ми­ка­лық және әлеу­мет­тік-ру­ха­ни са­лалар­да­ғы олар­дың алар орны мен атқарар рөлі ту­ралы не айтуға болады? Әйелдердің зей­нет­ақысы мен жәрдемақы­сының қазіргі қа­лы­бы халық­тың көңілінен шығып отыр ма? Әйел-аналардың жұ­мыссыздығымен би­лік қа­лай күресуде? Әйел жанының жаң­ғы­рығы дегенде, оны жұрттың қоғам арының айнасы іспетті қабылдауы бекер емес десек, жаңғыру, жаңару, жалғасу Ана атты алып атпен байланысты. Отан-Ана, Жер-Ана, Та­биғат-Ана болып, ең асыл атаулармен қосар­лана айтылуының өзі бұл ұғымды барынша ұлықтата түседі. Сондықтан да «бір қолы­мен бесікті, ал екінші қолымен әлемді тер­бет­кен» әйел-ананың құдіреті жай­ында қан­ша әңгіме қозғасақ та ар­тық­тық етпейді. Ең­бек және халықты әлеу­мет­тiк қорғау министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара ӘБДIҚАЛЫҚОВАМЕН болған сұхбатта, міне, осы және мұнан да басқа мәселелер сөз болды. – Гүлшара Наушақызы, қазақ әйелінің қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты сұрақ­тың алдымен қойылуы заң­ды да шығар. Тек қазақ әйел­дерінің ғана бойына тән бо­лып келетін қасиеттерден олар мүлде ажырап қалған деушілер де кездесіп жатады. Осы сөздер қаншалықты шын­дық­қа жанасады? Өзіңіз қазіргі әйелдердің бейнесін қалай сипаттап берген болар едіңіз? – Біздің қоғамымызда әйел­дер үйдегі жұмысты үйдегідей, сырттағы жұмысты мұнан да аса жауапкершілікпен, екеуін жарасымды жұптастырып, сүт­тей ұйыған шаңырақтың берекесін кіргізіп, балаларының ба­қыты үшін күрескен ардақты ана, асыл жар, аяулы ару, соны­мен қатар өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, кәсібінен нәсібін адал тауып жүрген, қо­ғамдағы болып жатқан оқиға­лардың қашанда алдыңғы легінде жүретін білікті, белсенді жандар деп есептеймін. – Қиындыққа мойымай қап арқалап кеткен әйел­дердің әрқайсысының әулетті бір өзі асыраған қайсарлығы еске оралады осындайда... – 90-шы жылдары Қазақ­стан­да өнеркәсіп өнімдерін өн­діру көлемі жартылай қыс­қа­рып, ауылды жерлердің жағ­дайы одан да мүшкіл халде еді. Cол кезеңде көп әйелдердің шиеттей бала-шағаларын асы­рау үшін отбасынан айлап-жылдап жырақта жүріп жұмыс істеуіне тура келгені рас. Сол уақытта қаншама әйелдердің өз мамандықтарын тастап, бірі базарда нан сатса, екіншісі тігінші болып, ал енді үшінші біреулері үй қызметшілігіне жалда­нып дегендей, күнкөрістің қа­мы­мен түрлі жұмысқа ауысып кеткеніне куә болдық. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалім­дер, өнер са­ласының қызмет­кер­лері, т.б. то­лып жүрді. Мұны олардың жүрек қалауы деп те айта алмайсыз. Солай істеуге өмір мәжбүрледі. Қи­ындыққа мойымайтын қажырлы рухтың ежелден әйел болмы­сы­мен біте қайнасқан қасиет екенін сонда бір топшылағанмын. Не деген табандылық десеңші! Әдет­те отбасындағы бар ауырт­палық­ты ер-азаматтар көтеруі тиіс де­ген ұғым санамызға әбден қа­тып-семіп қалған ғой. Солайы-солай-ау, бірақ нәзік жаратылыс иелерінің елдік те ерлік істеріне байланысты тарихта мысал жеткілікті. Әйелдің ақыл-па­расаты бір ауыз сөзбен тар­қа­тып айтып бере салатын сөз емес. Ал, 90-шы жылдар тап­шылығы қалай жойылды деген мәселеге келсек, ол әйелдің әр жұмыстың да көзін таба білетін үйлестіргіш қабілетімен, қай­ратты қалы­бы­мен тежелгені күмән туғызбайды. – Мемлекет тарапынан бү­гін­де ана мен балаға, жас от­ба­сыларға нақты қандай кө­мек­тер көрсетілуде? – Еліміздің соңғы жыл­дар­ғы экономикалық жағынан қар­қын­ды дамуы сөзсіз халықтың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдай­ла­ры­ның жақсаруына едәуір ықпалын тигізуде. Үкімет әсі­ре­се, халық­тың демографиялық өсімінің артуына айрықша назар аударып келеді. Мұндай қам­қорлықты көп балалы ана­ларға берілетін «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» белгілерінен, жас отбасыларға көрсе­тіле­тін жәр­дем­ақы мөлшерінің ұдайы өсі­мінен анық байқауға болады. Елiмiзде «Алтын алқа», «Күмiс алқа» белгiлерiмен мара­пат­талған, «Батыр ана» атағын, бірінші, екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған көп ба­лалы аналар саны жүз мыңның үстінде. Жыл сайын бюджеттен олар үшін бөлінетін арнаулы төлемдер артуда. Ана мен ба­ланы қолдау мақсатында «Ба­ла­лы от­басыларға берiлетiн мемлекет­тiк жәрдемақылар ту­ра­лы» ҚР Заңы қабылданды. Онда бала тууына байланысты бiржолғы мемле­кет­тiк жәр­дем­ақы, бала бiр жасқа толғанға дейiн берiлетiн бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы, айлық табысы жан басына шаққанда орта есеппен азық-түлiк себетiнiң құнынан төмен отба­сыларға берi­летiн он сегiз жасқа дейiнгi балаларға арнал­ған жәрдемақы берiледi. Былтырғы жылдың қаңтарынан бастап: төртiншi және одан кейiнгi бала ту­ған­­да берiлетiн бiр­­жолғы жәр­дем­ақы 70650 теңгеге, бала бiр жасқа тол­ғанға дейiн берiлетiн бала күтiмi жөнiндегi ай сайынғы жәрдемақы бойынша бiрiншi ба­лаға төленетін жәрдемақы 7772 теңгеге, екiншi бала үшін – 9185, үшiншi баланыкі –10598, төртiншi және одан кейiнгi бала­ларға бөлінген қаржы 12011 теңгеге артты. Мемлекет тарапынан болып жататын мұн­дай қолдау мен көмектер басқа да жағ­дай­ларда, мәселен, отбасы өзінің асырау­шы­сынан айы­рыл­ған жағдайда егер бұл үйдің мүшелері әлі еңбекке жарамсыз болып саналса, жәрдем­ақы беріледі. Жасына байла­ныс­ты жәрдемақы азаматтар зейнетақы төлемдерiне ие болмаған­ға дейін «Қазақ­стан Республика­сында зейнет­ақы­мен қам­сыз­дандыру туралы» ҚР Заңында бел­гi­лен­ген жасқа жеткен кезде орталықтан, жи­нақ­­таушы зейнетақы қорлары­нан тағайын­дала­ды. Осының мөлшерi ең төменгi күнкөрiс дең­гейiнiң жартысына тең. Асыраушысынан айы­ры­лу, мүгедектігі, жасы­на байланысты мемле­кет­тiк әлеуметтiк жәрдем­а­қылар мөл­шерi­нің ең төменгi күнкөрiс деңгейi мөл­шер­i­мен есептеліп отырылуы да уақыт тала­­бымен үндес туған шешім. Мәселен, жыл басынан күн­көрiс дең­гейiнiң ұлғаюына бай­ланысты мем­лекеттiк әлеу­меттiк жәрдем­ақы­ның мөл­шерi де біршама өсті. Өкінішке қарай, түйінді мәселелер түгел шешіліп бітті деп айтуға әлі де ерте. Бірден-бір алаң­да­та­тын жәйттің бірі елімізде татулығы жа­рас­паған шаңырақтардың аз кездеспейтіндігі. – Тікелей осы отбасылық мәселемен жұмыс істейтін ұйымның бірі де бірегейі Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия десек, бұл бағытта не істеліп, не қойылып жатқаны жайлы әңгіме­лесеңіз қайтеді. – 2006-2016 жылдарға арналған елімізде Гендерлік теңдік стратегиясы бар, міне, осы құжатта отбасылардың мәртебесін көтеруге байланысты көптеген мәселелер қарас­ты­рыл­ған. Соның ішіндегі ең бір маңыздысы жас от­басыларға қатысты әзірленген жүйелі кешен. Бұл жай бір адамның, болмаса ұлт­тық комис­сияның ойлап тапқан нәрсесі емес, оған біраз жауапты адамдар, ұйымдар қам­тыл­ды. Қазақ­стан­ның бүкіл аймағын­дағы ахуал түгелімен қайта сараланып, барлық облыстар мен Астана, Алматы қала­ларының әкімдері жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық мәсе­лелер жөнін­дегі комиссиялар жұмыс істеді. Олар жас отбасылардың жай-күйімен, оларды алаң­датқан проблемалармен егжей-тегжейлі та­ны­сып шыққан соң, көп нәрсенің беті ашыл­ды. Ажырасқандардың көбі жастар екені, ша­ңырақтың шайқалуына басты себеп­тің бірі олардың отбасын құруға дайын еместігі анық­талған. Алайда, отба­сы­лық одақтың бұзылуы­на мұнан да бас­қа тұрмыстық көптеген жәйт­тер себеп болып жатады. Сол себеп-сал­дар­ларды ортаға сала келе бағдарлама әзірлен­ген болатын. Сонда көзім анық жеткен нәр­се, елдегі демо­гра­фиялық ахуалды қалып­тас­тыру үшін ал­ды­мен халықтың әл-ауқа­тын барынша арт­тыруға көңіл бөлі­нуі керек. Жаңадан ғана құрылып жатқан шаңы­рақ­тың іргесінің бекем болуын ойлау ел іргесі­нің сөгілмеуін тілеу­мен бара-бар іс. Сол себепті жас отба­сыларға деген қамқор­лық қашанда үкімет­тің басты назарынан түс­пей келе жатқан өткір мәселенің бірі және бұл осылай бо­лып қала бермек те. Ұлт­тық комис­сия­ның жергілікті атқару ор­ган­дары­мен бірге ұйымдастырған «Қазақ­стан отбасы­лары және оның өркендеуіне жеті қадам» жоба­сы осы мәселедегі қорда­лан­ған ой­ларды тағы да бір түйіндеп алуы­мыз­ға мүмкін­дік берді. Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-де «Қазақстандағы қазіргі от­басы және оның мә­се­ле­лері» және Л.Н.Гу­милев атын­дағы ЕҰУ-де «Мен және менің елім үшін кәсіби-этикалық құнды­лық­тар­дың ма­ңыз­ды­лы­ғы» деген атпен өткен дөңгелек үстелдің кейінгі өскелең ұрпаққа тағылымы айтарлық­тай болды деп ойлаймын. – Мемлекеттік қызметтерде жә­не басқа да түрлі салаларда жұмыс істейтін әйелдердің алатын үлес салмағы қандай? – Жиырмасыншы ғасырда әйелдердің ара­сынан небір ғажайып тұлғалар көрінді. Айтулы ғалымдар, ақындар, өнер адамдары, жазушы­лар, журналистер, саясатшылар, педагогтар жарқырап туды. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени салалардағы олардың бел­сенділігі бүгін­де бұрынғыдан да баты­лырақ, бұрынғы­дан да ауқымдырақ деп айтуға толық негіз бар. Әйелдер мемлекеттік қызметте – 57, сот сала­сында – 61, білім беру саласында – 73, денсау­лық сақтауда 75 пайызды құрап отыр. Тәуелсіз­дік жыл­дарын­да министр болған әйелдердің саны 11 екен. Әрине, әңгіме санда емес, әйел­дер­­ге деген құрметті құрғақ цифрмен көрсете алмайсың. Бірақ мен халық үшін қалтқысыз тер төгіп жүрген әр замандасымды мақтан тұ­та­мын. Олардың есімдерінің асқақтауын елінің шын ниеттен туған шексіз құрметі деп білемін. – Бүгін Астанада әйелдердің съезі өткелі отыр. Мұнда нендей мәселе­лер сөз болуға тиіс? – Өзіңізге белгілі, биыл еліміз үшін ерекше жыл. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл толатындығына орай қыруар шаралар қолға алынуда. Тарих безбенімен қарағанда бұл аз уақыт болып көрінгенімен, біздің мемлекет үшін бұл аралықты ғасырлармен теңеуге бо­ла­д­ы. Осы уақыт ішінде еліміз тек есін жиып қана қоймай, аты әлемге мәшһүр мемлекетке айнала бастады. Бұл жетістіктерге ақ жаулық­ты ана­лары­мыздың, кәсіпкер қыз-келіншек­тері­міз­дің сіңіріп жатқан еңбегі аз емес. Съезді өткізу­дегі басты мақ­сатымыз – осы 20 жыл ішінде нәзік жанды­лар­дың атқарған жұмыс­тарын саралап, өткенге көз жүгіртіп, келер күнге батыл қадам жасау. Бұл шараға мемлекетіміздің қалыптасуы­на өз салаларын­да лайықты қызмет етіп жүрген жеті жүзден астам әйелдер қаты­са­ды деп күтілуде. Сондай-ақ, олардың қатарын­да елімізді шетелдерде насихаттап жүрген қан­дас қыз­дарымыз бен бұрынғы отандас әйелдер де осы оқиғаға куәгер болады. Осылай бір шаңырақтың ас­тына қыз-келіншектердің басын қосып, рес­публи­камыздағы теңгерімді гендерлік және от­басы­лық-демографиялық саясаттың 2020 жылға дейінгі даму жолдарын және бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған мәселелерді егжей-тегжей тал­қы­лайтын боламыз. Бұған дейін әйелдердің түр­лі деңгейдегі басқосулары болып жүргені­мен, мұндай ауқымды шара алғаш рет өткелі отыр. Сондықтан съезд жұмы­сының сәтті өтіп, ел игілігіне қызмет етер қыз-келіншектеріміздің саны­ның арта беруіне және әйелдер қауымын 8-ші наурыз мерекесімен шын жүректен құт­тықтап, шаңырақтарыңызды шаттық мекендеуіне және барлық игі істері­ңіздің сәтті болуына тілектес екендігімді білдіргім келеді. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.