Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Құнанбай» фильмі Уфа қаласында өткен «Күміс Ақбозат» атты ІІІ Халықаралық ұлттық және этникалық кинофестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесімен марапатталды.
«Құнанбай» фильмі – Ұлы Абайдың әкесі – Құнанбай Өскенбайұлының өнегелі өмірінің бір кезеңін қамтиды. Картинаның режиссері – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов.
«Шығармашылық топтың фильмді қолға алудағы басты мақсаты: халқымыздың құндылықтарын дәріптеу арқылы жастардың бойында ұлттық рухты ояту болатын. Енді міне, бүгінде еңбегіміз бағаланып жатыр. Картинаны түсіруге атсалысқан түсіру тобын осы жеңіспен құттықтаймын», - деді Досхан Жолжақсынов.
Халықаралық «Күміс Ақбозат» кинофестивалі әлем халықтарының рухани және мәдени құндылықтарын насихаттау, ұлттық және этникалық бағыттағы фильмдерді түсіруші кинематографистер шығармашылығын дәріптеу, Ресей аймақтары және шетелдермен мәдени қатынасты дамыту үшін арнайы жасалған. Кинофестиваль Уфа қалалық округі әкімдігінің қолдауымен Башқұртстан үкіметі мен Башқұртстан Республикасының мәдениет министрлігі, «Башқұртстан» киностудиясының ұйымдастыруымен өтті.