01 Қараша, 2016

АИ-92 маркалы жанармай неге қымбаттады?

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үкімет отырысының қорытындысына арналған баспасөз конференциясында АИ-92 маркалы жанармайының қымбаттау себептерін айтты.  «АИ-92 маркалы жанармай бағасы сәл қымбаттады. Бұған қатысты үш мәселе бар. Біріншісі – Шымкент мұнай зауыты қазір күрделі жөндеуден өткізілуде. Оны 12-қарашада ске қосу жоспарланған. Бұл күрделі жөндеу қайта жаңғырту аясында жүргізілуде, себебі зауытта қажетті жаңа құрылғылар іске қосылып жатыр. Зауыт іске қосылған соң АИ-92 маркалы жанармай көбірек шығарылатын болады. Бұл оның бағасына өз әсерін тигізеді деген ойдамын», – деді министр. Сонымен қатар, ол 20 күн бұрын жанармай шығаратын Павлодардағы мұнай химиясы зауытында технологиялық бұзушылық орын алғаны туралы да мәлімдеді. Тиісінше, бұл жерде де жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Зауыт 2-3 күннің ішінде іске қосылса, жоғары октанды жанармай қазіргіден төмен, өзінің бағасымен көбірек шығарылып, есесіне нарыққа да көбірек келетін болады. Сонда жанармай нарығындағы баға реттеледі», – деді Қ.Бозымбаев.   Министрдің ақпаратынша, қазіргі кезде елімізге импорттық жанармай көптеп келіп жатыр. Ресейде жанармай бағасы Қазақстанға қарағанда қымбаттау болғандықтан, екі елдің жанармай бағасының нарықтағы үлестері құбылмалы болып тұр. Көптеп шығарыла бастаған жағдайда жанармай бағасы он күн шамасында қалпына келмек. «Ал дизель отынына қатысты айтсақ, оның бағасының төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, жазғы дизель отынының бағасы түседі, өйткені қазір оған сұраныс азайып жатыр. Ал қысқы дизель отыны елімізде өндірілмейді. Ол Ресейден келеді. Сондықтан оның бағаларына ешқандай реттеу жоқ», – деп нақтылады Қ.Бозымбаев.