02 Қараша, 2016

Көне дәптердің сырын ашпақ

604 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
p6-2Кейіпкеріміз жазушы Мұхамедқали Баймұханов тележурналис­тикамен қатар, өлке және мемлекет тарихына қалам тербеп, оқырманының ыстық ықыласына ие болып отырған жандардың бірі. Оның «Абылай заманы» атты тарихи-танымдық деректі кітабы туралы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков өзінің жылы лебізін білдіріпті. – Биыл қолыма Кенішбай Туғанбайұлы ақынның төте жазумен жазылған 24 дәптері түсті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына сүйінші ретінде осы жазбалардың сырын шешіп, қазіргі қазақ қарпіне аударуды бастадым. Бұл кезін­де атақты Шашубаймен қатар аталған айтыс ақыны еді. Кенішбайдың қолжазба дәптерлерін, ескіше жазумен жазыл­ған­дықтан, кез келген зерттеуші оқи алмайтынын айтып, Нарманбет Орманбетұлының 2 томдық кітабын шығарған белгілі қаламгер Амангелді Туғанбаев деген аза­мат халық арасынан тауып алып, ма­ған әкеліп берді» – дейді Қазақстанның құрметті журналисі, мәдениет саласының үздігі, Ресей мемлекетінің М. Шолохов атындағы медалінің иегері, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің Қарағанды облысы бойын­ша өкілетті директоры Мұхамедқали Бай­мұханов. Мұхаң осылайша бұл күндері осы қол­жазбамен ерінбей-жалықпай айналысуда. – Оның туған жері – Алаштың үш бірдей арысы Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевты дүниеге әкелген Қызыларай тауының етегі, – дейді М.Әуезов атындағы облыстық әм­бебап кітапхананың директоры, мәде­ниет қайраткері А.Шуланбаев. – Өзі сол арыстардың жалғасындай ерекше жан. Мектепте жақсы оқыды. Қабілетін бай­қаған алғашқы ұстазы Сейтқазы Әбдіразақов еді. Омырауы орден, медальға толы. Ұлы Отан соғысына қатысқан капитан шеніндегі ұстаз шәкіртіне зор сенім артатын. Әскерде Мәскеудегі әскери-құрылыс бөлімінде борышын өтеді. Осында Мұхамедқали ғұмырында көрмеген мұнара кранының машинисі мамандығын алып шықты. Әскерде жүрген кезінде де кітап оқуын жалғастырғанды жөн көрді. Сөйтіп жүріп, үстінде солдат киімі бар Мұхаш М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне жол тартады. Араб тілі факультетін таңдап алған, Мұхаштың араб тілін меңгерсем деген тілегін академик Щербатов бірден қабыл алады. «Бірақ сіз солдатсыз ғой» дейді, оның мүмкіндігі шектеулі екенін ескертіп. Сөйтсе де, ассистентін шақырып, ретіне қарай көмектесіп тұруға бұйырады. Мұхамедқали ағаны араб тілін тереңірек үйренуге үгіттеген қазақтың көрнекті ғалымы Ақжан Машанов еді. Ақаңмен жазысқан хаттары әлі сақтаулы. Алматыға мүфтиятқа барып жүргенде ғалым Халифа Алтаймен танысып, туғанындай бауыр әрі дос, жолдас болып кетеді. Мыңдаған Құран-Кәрім кітабын сол кісінің рұқсатымен алдырып, елге тегін таратады. Сапасы өте жоғары ол кітаптарды Халифа Алтай Медине қаласынан шығартса керек. Бүгінде әр мұсылманның үйінің төрінде Халифа Алтай аударған Құран Кәрім тұрғандығы айтпаса да түсінікті. Және сол бір жылдары Қарқаралыда «Құнанбай қажы» деген мұрағаттық-құжатты фильм түсіріле бастаған еді. Қажырлы режиссер Аяған Шәжімбаев пен Мұқамедқали Баймұхановтың қосымша режиссурасымен фильмді дендеп-ақ қалып еді. Бірақ Аяған Алматы қаласына аяқ астынан жол жүріп кетіп, тағдырдың жазуымен сол сапардан қайтпады. Сөйтіп, бітудің аз-ақ алдында тұрған осы фильм аяқсыз қалады. Сондай-ақ, Мұхамедқали аға Қарқаралыдағы Құнанбай салдырған мешіттің Тәуелсіздік алған жылдары қайта қалпына келіп, халыққа есігін айқара ашуына ықпал еткен адам. Бүгінде оны Семей өңірі, Абай ауданының жұртшылығы осы Құнекеңнің мешітін ашуға себі тигені үшін де ерекше құрметтейді. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА Семей – Қарағанды Суретті түсірген автор