Әлемде адам баласын өлімге әкелетін алғашқы фактор – жүрек-қан тамырлары аурулары екен. Жамбыл облысында биылғы жылы кардиоесепте тұрғандар саны – 2101 адамды құрап отыр. 2015 жылы бұл көрсеткіш 2150 болған. Ал бұл аурудан болатын өлім-жітім көрсеткіші 2016 жылы 107,9 пайызды көрсетсе, 2015 жылы 142,1 пайызға жеткен еді. Осы тұста айта кету керек, бұл кеселдің алдын алуға Жамбыл облысында тәулік бойы жоғары мамандандырылған кардиологиялық қызмет көрсететін 3 орталықтың қосқан үлесі зор.
Міне, осы аптада Тараз қаласындағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығында өткен Қазақстан кардиологтары мен кардиохирургтерінің «Созылмалы жүрек жетіспеушілігі» Халықаралық конгресінің басты тақырыбы осы болды. Оған Қазақстан, Беларусь, Үндістан, Пәкістан, Түрікменстан, Қырғызстан, Словакия, Түркия, Ресей және басқа да шетелдік мамандар қатысып, жүрек ауруы жөнінде пікірлер алмасып, өзара тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінгідей заманауи технологияның дамыған заманында Жер шары дәрігерлері бірігіп, ауруға қарсы тұрып, дүние жүзінде жүрек ауруының алдын-алу, емдеу, оталау жөнінде жаңаша әдіс-тәсілдер жетілдіріліп жатса да, бұл мәселе көкейкесті күйінде қалуда. Әлем дәрігерлері бас қосқан бұл конгресте созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте диагностикалау және емдеу мәселелері, алдын алу шаралары талқыланды. Сонымен қатар, ТМД елдері сарапшыларының қатысуымен жүрек ақауы алынып, оған жасанды сол жақ қарыншаны қою және имплантациялау жөнінде шеберлік сыныбы өткізілді.
Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры, профессор Сейітхан Жошыбаевтың айтуына қарағанда, мұндай шара кардиология және кардиохирургия саласының мамандары үшін өте маңызды. Медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға, кәсіби деңгейін арттырып, озық технологиялар саласындағы тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Қалай айтса да, бұл іс-шара отандық медицинаның дамуына қосымша серпін берері сөзсіз.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы