«Егеменнің» 25 қазан күнгі нөмірінде жарияланған Қазақ радиосы «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаеваның «Алтын қордың» ахуалы алаңдатады» сұхбатындағы жанайқай еріксіз қолыма қалам алғызды. Шынында да, 70 жылдан бері көздің қарашығындай қорғалып, жанашырлықпен сақталып келе жатқан 111 мыңнан астам шығарма мен хабардан көпе-көрнеу қол үзіп қалу – кешірілмейтін қателік, орны толмас өкініш. Қазақтың негізгі байлығының бірі ән-жыры емес пе? Қазақты ән-жырынан ажырату – нағыз мәңгүрттікке апаратын жол.
Ширек ғасырдан бері мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін жабыла шулап жүріп оңалта алмай келеміз. Әлі аяғынан тік тұра алмай, тұрса жүре алмай қалт-құлт етіп, тұсауы кесілмеген сәбидің күйін кешуде. Бұған кім кінәлі?! Тілімізді қорғау, дамыту, қолдау туралы заң бар, мүмкіндік те бар, бірақ өзімізде құнт пен құлық жоқ. Нағыз қазақтың шұрайлы тілі әні мен жырында, шығармаларында жатқан жоқ па! Олай болса, сол шығармаларды сақтап келе жатқан «Алтын қорды» неге елден алшақтатамыз? Неге оған қорғансыздың күнін көрсетеміз!?
Өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Жарқын Шəкəрім 1925 жылы Францияда үнтаспаға түскен Əміре Қашаубаевтың алты əнін бірнеше жыл сарылып іздеп Мəскеу архивінен тауып, «Алтын қорға» əкеліп тапсырғанда, қуанбаған қазақ қалмап еді. Бұл ұлттық өнеріміздің өміріндегі елеулі оқиға болған-ды. Енді сол құндылықтан айырылып қалғалы отырғанда неге қам қылмаймыз, ағайын?!
Менің 15 жылға жуық өмірім Қазақ радиосында өтті. Саяси хабарлар, әдебиет, мәдениет және өнер, шетелдерге хабар тарату бас редакцияларында, «Шалқар» ұлттық бағдарламасында еңбек еттім. Елімізге және шетелдерге Қазақстанның жаңалықтарымен қатар, халқымыздың ән-жырын, шешендік сөздерін, тамаша тәмсілдерін тараттық. Әсіресе, шетелге хабар тарататын және «Шалқар» редакцияларында жүргенде Италиядан, Германиядан, Моңғолиядан қазақтың әндерін жиі беруді сұраған хаттар ағылып келіп жататын. Ермек Серкебаевтың орындауындағы Абай әндерін көбірек сұрайтын.
«Алтын қорда» қаншама дауыс, ән, күй, әуен сақталғаны өз алдына, сол хабарларды дайындау үшін қаншама тер төгілді десеңізші?! Салмағы 10-15 кило келетін репортерді иыққа салып, қаншама жерді шарладық. Халықтың ән-күйін жинау мақсатында арнайы экспедицияға шығып, еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ұлттық құндылығымызды әншілер мен жыраулардың өз аузынан жазып алдық. Енді, міне, сол дауылпаз дауыстар, құлақ құрышын қандырған әсем әндер, оларды таспаға түсірудегі күн-түн қатып атқарылған қыруар істер келмеске кеткелі тұр...
Қазақ радиосы «Алтын қор» бөлімінің бүгінгі ахуалына еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің алаңдаушылық білдіргені өте құптарлық. Бұл бастаманы қолдау керек, қорды көп болып қорғауға тиіспіз!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі