02 Қараша, 2016

Салық және кеден қызметтері жетілдіруді қажет етеді

367 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда салық және кедендік әкімшілендіру саласында көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы талқы таразысына түсті. Осыдан біраз уақыт бұрын құрылған арнайы жұмыс тобы Маңғыстау, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақ­стан облыстарында жұмыс сапарымен болып қайтыпты. Топ «Тәжен», «Морпорт Ақтау», «Қалжат», «Бақты», «Жібек жолы», «Қапланбек» сынды кеден бекет­тері­нің қызметімен танысып, кеден­дік рә­сім­деуден өтіп жатқан жеке тұл­ға­лар­мен де тілдескен. Сонымен қа­тар, осы өңір­лердегі Кәсіпкерлер палатасының алаң­дарында дөңгелек үстел отырыста­ры ұйымдастырылып, салық және кедендік әкімші­лендіру сала­сындағы өзекті мәсе­ле­лер күн тәртібіне қойылған. Сондай-ақ, жұмыс тобы Ақтау, Өске­мен, Шымкент қалалары мен Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудан­­да­ры­ның Мемлекет­тік кірістер басқар­ма­сы­ның ақпа­рат­тарды өңдеу және қабылдау орта­лық­тарының жұмысымен танысқан. «Нұр Отан» партиясының бас кеңсе­сінде өткен қоғамдық кеңес отырысында сапар аясында жинақталған материалдар қорытылып, көпшілікке жария етілді. Арнайы баяндама жасаған Парламент  Мәжілісінің депутаты әрі  кеңес мүшесі Омархан Өксікбаев салық және кеден қызметінде күрмеуі шешілмеген бір­­қатар мәселелер бар екенін атап өтіп, мем­­лекеттік кіріс органдарының өкіл­де­рі­­не жұмыс тобының ұсыныстары мен ескерту­лерін жеткізді. «Мемлекеттік кіріс органдары ел­ азамат­тары мен кәсіпкерлерге 52 мем­лекеттік қыз­мет түрін көрсетсе, оның 32-сі – салық, 20-сы кеден сала­сына қа­тыс­ты. Бұлардың арасында сапасы сын көтермейтін және сыбайлас жемқорлыққа түрткі болатын мемлекеттік қызмет түрлері де жоқ емес. Оларды жетілдірумен қатар, қайта жаңғырту керек», – деді баяндамашы өзінің сөзінде. Бүгінгі таңда мемлекеттік кіріс бойынша қалалық, аудандық 219 басқарма қызмет етсе, оның 42-сінде адам­дардың кезегін электронды басқару жүйе­сі енгізілген. Алайда, қалған 177 бас­қармада  мұндай жүйе мүлдем жоқ. Сондықтан да салық төлеушілер мемлекеттік қызметті ұзын-сонар кезекке тұрып алуға мәжбүр. Осының салдарынан тоқсандық есеп тапсырар тұста бұл жерлерде у-шу көбейіп, адамдардың берекесі қашады. Мемлекеттік кірістер комитетінің тө­р­а­ғасы Дәулет Ерғожин мемлекеттік кі­ріс­тер органдары көрсететін мем­лекеттік қыз­­меттердің сапасы мен қол­­жетімділігін арт­­­тыру бағытында атқа­рылып жатқан жұмыс­тарға тоқталды. Сондай-ақ, өз кезе­гінде сөз алған Мемлекеттік қыз­мет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының орын­басары Алик Шпекбаев Қаржы министрлігі «сыбайлас жемқорлық» ең көп көрініс беретін мем­лекеттік органдардың қатарында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда жемқорлық көрсеткіші 2,7 есеге төмендегеніне қарамастан, анық­тал­ған фактілер осылай деуге негіз болатын көрінеді. Осылайша, сапаны жақсарту мақса­тын­да сын көп айтылған отырыс қорытындысы бойынша салықтық және кедендік әкім­ші­лік қызметтерді жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»