Орал қаласында, Шаған өзенінің оң жағалауында арнаулы жолдың ашылуы велосипедшілерге үлкен қуаныш сыйлады. Оның ұзындығы – 3 шақырымға жуық. Әрі осы арадан бүлдіршіндер мен балаларға арналған шағын айналым жол қоса тұрғызылған. Велосипедшілер жолы арнайы сызықтармен белгіленіп таңбаланған. Бұған қоса, жазды күні велосипедшілерге, қыс кезінде шаңғышыларға арналған модульді ғимарат пен от жағу қазандығы салынған.
Шаған өзенінің оң жағалауын велосипед жолына айналдыру жөніндегі жобаны «КПО б.в» атты шетелдік компаниясы қаржыландырған. Бұған 214 миллион тенге қаражат жұмсалған. Осы кезге дейін өңірдегі велоспортпен айналысушылар өз жаттығуларын Орал қаласының маңындағы Бортау деп аталатын елді мекендегі жолдың бойында өткізіп келіпті. Бұл, әрине, велосипедке арналмаған. Енді олар өз жаттығуларын арнайы тұрғызылған жолда өткізуге мүмкіндік алыпты. Бұл жөнінде газет тілшісіне 14 жасар жас өрен Никита Батюков айтып берді. Сонымен бірге, Айсұлтан Ашығалиев есімді 12 жастағы бала да қуаныштан жүзі жайнап, ер жеткен соң Александр Винокуровтай Олимпиада «алтынын» иеленіп, өз елінің көк туын биікке көтерсем деген ойы бар екенін жеткізді.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылға дейін бұқаралық спортпен шұғылданушылардың санын 30 пайызға дейін жеткізу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Еліміздің батыс қақпасында велосипед жолының пайдалануға берілуі оны ойдағыдай орындауға оң серпін береді. Әрі осы біткен іс жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтаудың да басты жолы, – дейді Батыс Қазақстан облыстық велоспорт федерациясының президенті Асқар Шораев.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ