Алматыда ерекше байқау мәреге жетті. Білім мен ғылымға бой ұрған кіп-кішкентай бүлдіршіндер өздерінің тырнақалды зерттеу жұмыстарын қорғады. Бастауыш сынып қабырғасындағы жеткіншектердің зерттеушілік қадамдарын құптап, қанаттандыруды көздеген конкурста қазылар алқасын тәнті еткен жас таланттардың әрқайсысы да марапатқа лайық еді.
Алғашқы жеңіс, алғашқы жеңілістер балаларды қуантты да, жылатты да. Сонымен бірінші орынды «Бидайдың тұзға төзімділігін зерттеу» еңбегі бойынша Алматыдағы №175 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Оқан алды. «Тірі табиғат» номинациясы бойынша бірінші орынды осы мектептің 3 сынып оқушысы Дария Жолдас «Шампиньон саңырауқұлақтары» жұмысымен жеңіп алды. Ал «Математика, ғылым және техника» номинациясы бойынша бірінші орын №148 мектеп-гимназиясының 2 сынып оқушысы Серібай Ілиястың «Шахмат – өмір сүру моделі» зерттеуіне бұйырды.
Соңғы жылдары «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бастамасымен өткізіліп жүрген «Мен әлемді танимын» атты бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жобаларының қалалық конкурсы шынында да қызықты. Өмірлеріндегі алғашқы жарысқа балалар үлкен құлшыныспен дайындалды.
Мәселен, осы институттың директоры, педагогика ғылымдарының докторы Раиса Сәдуақасова Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында өткізілген конкурстың оқушылардың таудай талабын қолдауда әрі бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдауда маңызы зор екендігін айтады.
Салтанатты түрде мәреге жеткен жарыста Раиса Аджарқызы осынау байқауға шәкірттерін дайындаған ұстаздарға, байқауды өткізуге қолдау көрсеткен білім беру жүйесінің қызметкерлеріне алғысын білдіре отырып, жүректері лүпіл қаққан, көздерінен үміт оты жарқылдаған еліміздің ең жас зерттеушілеріне білім жолында өрлей беруіне тілектестігін білдірді.
Мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасының аясында бастауыш сынып оқушыларының іздену қабілетін дамыту мақсатында өткізілген байқауға аудандық іріктеуден өткен 59 зерттеу жобалары ұсынылған.
Бұл сайысқа тәжірибелі мамандар, танымал педагог-ғалымдар тартылғанын айта кету керек. Мәселен, «Тірі табиғат» номинациясы бойынша қазылар алқасына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының докторы Азия Жұмабаева, «Математика, ғылым және техника» номинациясы бойынша қазылар алқасына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ләззат Оразбекова, «Мен және менің әлемім» номинациясы бойынша Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Қазына Аймағамбетова төрағалық жасады.
Ендігі жерде кішкентай «ғалымдардың» әлеуметтік тапсырысты шешуге бағытталған жобалары аудан, қала, республика деңгейінде қолданылуы ғажап емес.
Үлкен жеңістен үміт күткен бастауыш сыныптың балалары кәдімгі ересектерше қазылардың алдында сынақ тапсырды. Сүйсінесің. Өз тақырыптары бойынша көрнекі құралдары, зерттеу жұмыстары, нәтижені айқындайтын нақты дәлелдері бар оқушылардың арасынан жеңімпазды таңдау төрешілерге де оңай болған жоқ.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қазылар алқасының төрағасы Қазына Аймағамбетова балдырғандарға ғылымның биік асуларына жол сілтейтін осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының басшылығына ризашылығын білдірді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ