03 Қараша, 2016

Тарбағатайдағы жылыжайлар

650 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
tugyl-zhylyzhayТабиғаты қатаң, жері тастақ болып келетін тарбағатайлықтар үшін кейінгі жылдары мал шаруашылығынан басқа да кәсіп көздері ашылуда. Айталық, аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың жетекшілігімен Тарбағатай өңірінде жылыжай мәдениеті кеңінен өріс алып келеді. Бұл нысандар негізінен мектептер мен балабақшалар жанынан және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Қазіргі кезде аудан орталығының №2 Ақсуат орта мектебі мен «Балдырған» балабақшасында, Ақжар ауылының «Балауса-Балғын», «Ай-Тұмар» балабақшаларында, Тұғыл ауылында және Қарғыба ауылының «Гагарин» атындағы орта мектебінде жылыжай құрылысы жүргізілуде. Аудандағы жұмыс сапары­мыз­дың аясында бірқатар жылы­жай жұмысына куә болған едік. Алдымен Ақсуат ауылының орталығында орналасқан «Бал­дыр­ған» балабақшасын көрдік. Ұзын­дығы – 16, ені – 3, тереңдігі 1,4 метр­лік жылыжайдың қабырғасын кірпішпен қалап, шатырын күн жылуын жинауға қабілетті поликарбонат материалымен жауыпты. Шағын кешенге жергілікті бюджеттен 2,5 миллион теңге қаражат бөлінген. Балабақша меңгерушісі Құралай Нұрсафина пеш арқылы жылытылатын жылыжайға қияр мен қызанақ егуді жоспарлап отырғанын жеткізді. – Біздің мақсатымыз – балалар­дың тағамын күнделікті дәруменмен байыту. Осы оймен өз күшімізге сүйеніп, құрылысты бастап кеттік. Қараша айында іске қосылатын жылыжай өнімін қыс ортасында жинап, бүлдіршіндердің ас мәзіріне дәруменге бай жемістерді қосып, өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді Құралай Жексенбайқызы. Меңгерушінің айтуынша, 2009 жылы ашылған «Балдырған» балабақшасында 140 бала тәрбиеленуде. Ал Ақжар ауылында 1964 жылы ашылған «Балауса-балғын» бала­бақшасы бүгінге дейін сақталып, 200-ден астам бүлдіршінге тәрбие беруде. Нарықтың қыспағынан аман өткен ғимараттың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кет­пеуіне меңгеруші Алмагүл Құсайы­нованың ерекше үлес қосқанын айтқан ләзім. Балабақшада 35 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан Алма­гүл Шүленқызы инновациялық үдеріс­терді енгізуімен, шаруашы­лықты ұйымдастыру қабілетімен ауылдастарының ілтипатына бөлен­ген жан екен. Мәселен, 2015 жылы қыркүйек айында балабақша жанынан БҰҰ жобасы арқылы ашылған жылыжай кешені бүгінге дейін алты мәрте жеміс беріп үлгеріпті. Былтыр балабақша ұжымының әлеуетімен кешенге жылу жүйесі тартылған. Жылыжай жұмысына жауапты Маринка Шапатова мен Гүлжанар Әбілмәлікованың айтуынша, кешенде қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, шалғам, ақжелкен, аскөк сияқты көкөніс түрлері өсіріледі. Балалардың тағамына пайдаланылатын жылыжай өнімінің артылған бөлігін ата-аналар сатып алады. Биокарбонатты шатырмен жабылған кешеннің іші тропикалық белдеу сынды. Қыстыгүні жылу топырақ қабатының астына көмілген пластика құбырлар арқылы беріледі. – Бұрын тарбағатайлықтар үшін жылыжай ертегі сияқты еді. Өйткені, біздің қысымыз қатаң, өте суық болады. Сол себепті бастапқыда жылыжайлар желісі бізге тән емес деген байлам болғаны жасырын емес. Бірақ мұның өзіне тән машықтану жұмыстарын игерсе, өте пайдалы дүние екен, – деді балабақша меңгерушісі. Жылыжайынан күніне 1 центнерден аса жас көкөніс алатын «Балауса-балғын» балабақшасының ұжымы Өскемен қаласында 27 жылыжайға иелік ететін кәсіпкер Николай Кузьминмен тәжірибе алмасып отырғандарын айтады. Қазіргі кезде балабақша басшылығы бұрынғы ғимаратқа қоса қараусыз қалған ескі ғимаратты да меншігіне алып, 3 миллион теңгеден астам қаржыға толығымен күрделі жөндеуден өткізді. Франция, Италия елдерінің дарынды балалармен жұмыс істеу әдістемесі бойынша жаңа орталық ашып, бүлдіршіндерге ағылшын тілін үйретуді қолға алды. Айта кетерлігі, балабақшада сәбиді 8 айлығынан бастап қабылдайды. Бұл – өңірде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Қазір мұнда 1 жасқа толмаған 24 сәби тәрбиеленіп жатыр. Яғни, тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің тұсаукесерін балабақшада өткізу дәстүрге айналған. Аудандағы Ақсуат пен Ақжар­дан кейінгі ең ірі елді мекен – Тұғыл. Зайсан көлінің жағасында орналасқан, негізінен балық аулау­мен шұғылданатын бұл ауылда 5 мыңнан аса халық тұрады. Яғни, жергілікті өнімге сұраныс бар. Осыны ескерген ауыл тұрғыны Еркінбек Сейілханов жеке жылыжай салуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен 2,5 миллион теңге несие алған екен. Құны 5 миллион теңгені құраған жылыжай кешеніне жеке қаржысын да құйған. Отанасы Гүлжан Сейілханова жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайтын жылыжайдың 2 метр тереңдіктегі қазаншұңқырға орна­лас­қанын, фальго қағазының үстінен жылу құбыры жүргізіліп, топырақ жабындысымен жабылғанын, бұл әдіс көкөністің тамырын қысқы ызғар шалудан сақтайтынын айтты. Ал қызы Гүлнәз Әділғазина жылыжайға алғашқы көкөніс биыл тамыз айында егілгендігін жеткізді. – Қазір қияр түйнек тастады. Қызанақтың бойы биіктеп, әбден көтеріліп алды. Бұл тұқымды Өскеменнен алып келгендіктен, суыққа төзімді болып келеді. Сәтін салса, қияр қараша айында, қызанақ желтоқсан айында өнім бермек, – деді Гүлнәз Еркінбекқызы. Сыртта – күздің қара суығы, ал жылыжайда жылы леп еседі. Күн сүйетін көкөніске керегі де осы. Көлікте келе жатқанымызда аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев жол шетінде қалып бара жатқан шаруа қожалығының иесі де жылыжай құрылысын бастағанын, Тарбағатайда жылыжай кешенін салуға ниет білдірушілер қатары жедел артып келе жатқанын жеткізді. Яғни, үрдістен үлгі алушылар пайда болды. Бұл – ілгерілік пен ілкімділік көрінісі. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы