ҚР ҰЭМ Статистика комитеті Қазстат жобасының жүзеге асыру мерзімі аяқталды, деп xабарлайды
ҚазАқпарат.
«Қазстат жобасы Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы келісім аясында жүзеге асырылды. Жоба мақсаты - Қазақстан ұлттық статистика жүйесін xалықаралық әдістеме мен үздік тәжірибелерінің негізінде тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру», - дейді ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов.
Еске сала кетейік, Қазстат жобасын жүзеге асыру 2012 жылы басталды. Жоба аясында мамандардың кәсіби деңгейі жоғарылатылып, Қазақстанның статистикалық әдістемелік базасы жетілдірілді. Жобаға алты шетел статистикалық кеңселерінен тұратын консорциум серіктестік етеді. Қазстат бюджеті 2012 және 2016 жылдар аралығында 22,8 миллион долларды құраған. Оның 2,8 миллион доллары ҚР Үкіметінің қаржысы.
«Дайындық кезеңінен соң, Ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитеті аталмыш жобаны жүзеге асыруға кірісті. Шетел консорциумдарымен келіссөздер жүргізіліп, серіктестік туралы келісім жасалды. Қазстат - Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы ең сәтті жобаларының бірі», - деп атап өтті Дүниежүзілік банк тарапынан қатысқан жоба жетекшілерінің бірі Мұстафа Динч.
Қазіргі уақытта Қазстат арқасында Қазақстанның статистикалық жүйесі 80 xалықаралық әдістемемен сәйкестендірілді. «Сонымен қатар біз статистиканың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шаралар атқарып жатырмыз. Нәтижесінде 2012 жылы 597 мың адам кірсе, биыл қараша айындағы жағдай бойынша, 4,7 млн. адам кірген. Демек, статистикалық мәліметтер қорының танымалдылығы 8 есеге артты деген сөз», - деді Айдапкелов.